Облыс әкімі мектептер мен колледждерге көңілі толмайтындығын жеткізді
Бүгін өтіп жатқан тамыз мәслихатының алғашқы кезеңінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау қаласындағы ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан мектептер мен колледждерді өзі аралап көргенін айтты. Аталған оқу орындарында спорт залы, асхана мен акт залдары мүлдем жоқ болып шықты.
Мәселен, олардың қатарында балабақша ғимаратында орналасқан №23 және 28 мектептер, типтік емес ғимаратындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп, жатақхана ғимаратынан орын тепкен облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернаты және Қ.Дүтбаев атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, 1935 жылы салынып, 1950 жылы пайдалануға берілген №1 мектеп те бар. Аймақ басшысы оларды бұзып, қайта салу үшін жер телімдерін бөліп, жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтауға қала әкімі мен құрылыс басқармасына тапсырмалар берді.
Жалпы, облыс бойынша 27 мектепке спортзал, 18 мектепке асхана, 46 мектепке акт залы қажет. Сондай-ақ, аймақтағы 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бесеуінде спорт залы, бесеуінде акт залы, үшеуінде асхана жоқ. Бүгінде бір ғана колледж жатақханасының құрылысы жүріп жатыр. Әлі сегізіне жатақхана керек.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.