НАҚТЫ МІНДЕТ, АЙҚЫН МАҚСАТ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

«Бәріңізге белгілі, 26 сәуір күні бүкілхалықтық сайлау өтіп, онда халық өзінің ауызбіршілігін дүниежүзіне паш етті. Мені бірауыздан сайлады. Сонымен қоса, екінші жағынан, саяси-экономикалық жолымызды мақұлдап, сайлауалды бағдарламамызды қолдады. Халық бізге сол жолды әрі қарай жалғастыруға сенім білдірді. Алдағы уақытта мемлекет алдында тұрған мәселе – ол жарияланған бағдарламаларды, әсіресе, 5 халықтық бағдарламаны орындау. Соларды қалай орындауымыз, не істеуіміз керек? Халықтың белсенділігін арттырып, жаңғыртуға негізделген бағдарламаны қалай атқарамыз? Міне, бүгінгі жиын осыған арналып отыр», – деп бастады өз сөзін Президент. Мемлекет басшысы бұл орайда, ортақ жеңісті одан әрі еселеу үшін, ең алдымен елдің белсенділігі керек екенін атап көрсетті. «Ортақ жеңісімізді әрі қарай жетістікке ұластыру үшін ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деді Елбасы.

 

Сонымен қатар, Елбасы Үкімет құрамы жаңа тағайындалғанын еске салып, олардың жұмысына табыс тіледі. Мәселен, бұл орайда Президент: «Сенім көрсетілді. Әрі қарай жұмыс істеуге барлық жағдайлар бар. Осының бәрін ақтауға тиіссіздер. Қолға алған реформаларға сәйкес, ұлттық комиссия құрылды.

Мен бүгін осы комиссияның ережесін бекіттім. Комиссияның әрбір бағытына, әр салаға жұмыс тобы құрылып, басшылары тағайындалды. Не істеу керектігіне қатысты басты мәселелер де белгіленді. Енді әрі қарай жұмыс істеу керек. Себебі, сайлаудан кейінгі атқарылатын жұмыстар «Қазақстан-2050» бағдарламасын және 30 дамыған елдің қатарына кіруге қатысты стратегиялық бағытымызды жүзеге асыруға бағытталатын болады», – деді Н.Назарбаев.

Сонымен, бұл күнгі отырыс барысында Мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалдық  реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадам­ның практикалық жайттары қарас­ты­рылды.

Аталған реформалардың әрқайсысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер белгіледі. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүкіл мемлекеттік қызметке кадр іріктеуді жүргізетін бірыңғай рекрутингтік орталық болуы тиістігіне тоқталып өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті жергілікті қоғамдастық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру қажеттігін де атап өтті. «Ол қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл мен жол-патрульдік қызмет жұмысына жауапты болады. Нақ осы қызмет жергілікті қоғамдастықпен тығыз ынтымақтаса отырып ұсақ заң бұзушылықтарға қатысты «мүлде төзбеу» режімін қамтамасыз етуі тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жекешелендіру, салық жүйесін реформалау, электр энергетикасы саласындағы саясатты қайта қарау, құрылыс саласына өзгерістер енгізу, индустрияландыру бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру, сондай-ақ кедендік рәсімдер мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда саясатын жетілдіру ісін бастаудың маңыздылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ха­лық­аралық көлік-коммуникациялық арналармен интеграцияланғаны жөн екенін айтты. «Мультимодальді, жоғары жылдамдықты «Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз» құры­луы тиіс. Ол әуе, теңіз, теміржол және авто­көлік қатынастарын тоғыстырады. Еу­р­а­зиялық дәліз екі бағыт бойынша өтеді. Бірін­шісі – Қазақстан, Ресей аумағы арқылы Еуро­паға шығады. Екіншісі – Қазақстан аума­ғы арқылы Қорғастан Ақтау портына дейін, одан әрі Каспий теңізі мен Кавказ арқы­лы Еуропаға және Иран мен Парсы шыға­нағы арқылы оңтүстікке жалғасады. Жоба аясында Қазақстанның бүкіл аумағы ар­қы­лы Ақтау портына дейін жаңа теміржол же­лісін салу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ұлт­тық құндылықтарды және өскелең ұрпақ санасындағы патриотизмді нығайтудың маңыз­дылығын атап өтті. «Үлкен ел – Үлкен отба­сы» жобасын іске қосу қажет. Оның аясын­да кинофильмдер, сериалдар және ел тари­хы, қазақстандық мәдениет, елдің бүгінгі өмірі туралы хабарлар түсірілетін болады. Туристік бағдарлар мен этноауыл­дар ұйымдастырылады. Мәдени инфрақұрылым бар­лық қазақстандықтар үшін қолжетімдіге ай­­налады. Мәңгілік Ел құндылықтарын мектеп стан­дарттарына қалай енгізу керектігін ойлас­тыру керек», – деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Мемлекет басшысы Үкімет алдына 5-6 негізгі индикатор қойылатынын айтты. «Ол өз кезегінде әрбір министр мен әкім үшін 2-3 нақты көрсеткішті белгілеп беретін болады. Бақылау тек мақсатты индикаторға қол жеткізу негізінде жүзеге асырылады. Аралық бақылау мен артық тапсырмаларды жойып, мемлекеттік органдарға көбірек еркіндік беру қажет. Олар өздерінің жұмысында өз бетімен әрекет ете алатындай, бірақ жауапты әрі есеп беріп отыратындай бола түседі», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту қажеттігін айтты. «Олар міндетті түрде аумақты дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың орындалуын талқылауға қатысады; жергілікті жерлерде бюджеттің, азаматтар құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық актілер жобаларының, бағдарламалық құжаттар жобаларының айқындалуына атсалысады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті отырыс барысында мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болатын «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құру мүмкіндігін қарастыруды да ұсынды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысының соңында Мемлекет басшысы барлық қолға алған жұмыстарды қысқа мерзім ішінде атқару керектігін атап өтті. «Терең білімді, халықаралық тәжірибені зерттеуді қажет ететін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оның орындалуы елімізді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызады. Бізден халық бұдан әрі қадам жасауымызды күтіп отыр. Ол үшін әрқайсыңыздың қажетті білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз бен біліктіліктеріңіз бар. Өздеріңізге артылған үмітті ақтау керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс барысында Премьер-Ми­нистр К.Мәсімов сөз сөйлеп, бұрынғы мүше­лерінің қайта тағайындалуы Үкіметке бар­лық тапсырмаларды орындауға жедел кірісу­ге мүмкіндік беретінін айтты. «Сіздің тапсыр­маңызға сәйкес, барлық министрліктер мен ведомстволарға белгіленген міндеттерді, ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзіңізді, қабыл­данған бағдарламаларды және беріл­ген нұсқауларыңызды ескере отырып, таяу үш айға арналған іс-қимыл бағдарла­масын әзірлеу жөнінде тапсырма беріл­ді. Белгіленген мерзімге, яғни маусым­ның аяғына дейін Сіздің қарауыңызға реформаларды жалғастыру және тапсырмаларыңыздың орындалуы жөніндегі ұсыныстарды енгіземіз», – деді Премьер-Министр.

Отырыс аясында үкімет мүшелері, мем­лекеттік органдар мен ұлттық ком­па­ния­лардың басшылары 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға байланысты мәселелер жөніндегі пікірлерін ортаға салды.

«Егемен Қазақстан»,

(6 мамыр, 2015 жыл).

 

Қазақстан  Республикасы  Президентінің 

ЖАРЛЫҒЫ 

Қазақстан Республикасының

мемлекеттік наградаларымен

наградтау туралы

 

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

 

  1. Мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай соғысқа қатысушылар мен тылдағы еңбеккерлер Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградталсын:
  2.  

Атырау облысы бойынша 

«Құрмет» орденімен

Ғұмаров Тайр Ғұмарұлы – соғыс ардагері, Атырау қаласы                                                                               

Елеубаев Әбдірахман – соғыс ардагері, Атырау облысының Жылыой ауданы;

Оңайбаев Еспол  – соғыс ардагері, Атырау облысының Мақат ауданы; 

«Ерен еңбегі үшін» медалімен

Захарова Анна Александровна – соғыс ардагері, Атырау қаласы

Қажиденова Қайлаш – еңбек ардагері, Атырау облысының Исатай ауданы;

Түсүбәлі Әлібек Түсүбәліұлы – соғыс ардагері, Атырау қаласы; 

Қазақстан Республикасының

Құрмет  грамотасымен

Қабдеш Жолжан – еңбек ардагері, Атырау облысының Қызылқоға ауданы;

Панов Николай Григорьевич – соғыс ардагері, Атырау қаласы;

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.          

Қазақстан Республикасының  Президенті  Н.Назарбаев

          

           Астана, Ақорда, 2015 жылғы 14 сәуір 

№ 1034

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз