ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТІП…

Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстың жарқын куәсі Атырау мен Астрахан облыстарының мысалынан айқын аңғарылып келеді. Жақында көрші мемлекеттің аталған өңірінен делегаттар келіп, мұнайлы мекеннің оқу орындарында болып, студент жастармен кездесті.

Көршілес облыстар экономикалық тиімділікті көздеген барыс-келіспен ғана шектелмей, рухани, мәдени байланыстың ұрпақтар сабақтастығында қанат жаюын да айрықша назарда ұстап келеді. Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжі мен Атырау бизнес және құқық колледжі студенттерімен кездесу барысында екі мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыспен қатар, «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамының қызметі, жалпы Астрахан қазақтары туралы әңгіме өрбіді.
– Бүгінгідей жаһандану заманында қоңсы мемлекеттердің өзара байланысты жандандыра түсуі үлкен мәнге ие. Облыс аудандарында екі мыңға жуық қазақ бар. Астрахан өңірінде мәңгілік тыныстаған Бөкей хан мен Құрманғазы бабаға кесененің тұрғызылуы – шекаралас өңірлер арасындағы тарихи толеранттылықтың дәлелі, – деген Астрахан аймақтық «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ришат Сапанов іскерлік әріптестіктің аясы кеңейе түскенін айтты.
– Қазақ тiлiн үйрету курстары, ұлт аспаптарын меңгертетiн үйiрме жұмыс жасайды. Балалардың, әсiресе, домбыра үйiрмесiне қызығушылығы жоғары. Бұл жақтағы жастар ата-баба тарихы мен мәдениетiн терең ұғынып, Отанымыздың қазiргi тыныс-тiршiлiгiнен көбiрек бiлгiсi келедi, – деп жалғады әріптестерінің сөзін Астрахан облысы үкіметінің өкілі Данияр Кудырбаев.
Қазақ мәдениетін дамыту қоры атынан өлкеге ат басын бұрған Айнұр Данаева қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тілін дамыту мақсатында «Мисс Наурыз», «Қазақша сөйлейік» секілді іс-шаралар ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Сонымен бірге, университет, колледжде білім алып жатқан оқуда озат қазақ жастарына «Жолдастық» ұйымы атынан шәкіртақы тағайындалғанын да айтып өтті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз