«Нұр» бәрін үйлестіреді
Аудан көлемінде мемлекеттен төмен пайызбен несие алып, өз кәсібін ашқан шағын және орта кәсіп иелерінің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Солардың бірі – Бибінұр Мұратова.
Кәсіпкер жақында «Нұр» тігін цехын ашып, пайдалануға берді.
Өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие ресімдеген кәсіпкер аталмыш істі қолға алуды ойластырды. Міне, айтулы мереке қарсаңында кәсіпкерлік нысан есігін айқара ашты.
— Адамдардан тапсырыс қабылдап, көңілінен шығатындай, қонымды етіп тігіп қуантсақ, біз үшін үлкен мерей. Киім-кешегін қысқарту, кең киімді тарылту, жыртылғанын жөндеп беру үшін тапсырыс қабылдаймыз. Әзірге екі тігіншіні жұмысқа алдым. Еңбек еткен адам қай уақытта да табысқа жетеді ғой, — дейді кәсіпкер.
Тігін шеберханасы заманауи тігін машинасымен, басқа да құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тапсырыс беруші мата түрлерін де осы дүкеннен таңдап, қалауынша тіктіре алады. Қысқасы, «Нұр» бәрін үйлестіреді.
Өз тілшіміз.
Мақат ауданы.