Қаламның ұшында найзаның сұсы бар

Screenshot 2 Қоғам

Ақмылтық редактор Сүлеймен Сауырғалиев хақында бір үзік сыр

Screenshot_2

Облыстық «Атырау» газетінің 95 жылдық шежіресінде  ақмылтық қаламгерлердің қаншама буынының қарымды қалам іздері сайрап жатыр десеңізші. Солардың ішінде төл басылымымызға (сол кезде «Социалистік құрылыс» деп аталған – И.Б.) Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жетекшілік еткен бас редактор Сүлеймен Сауырғалиевтың орны бөлек. Өз басым ол туралы деректерді көбірек жинақтаған сайын ізашар ағаның тұлғасы көз алдымда биіктей түскені де ақиқат. Бұдан төрт жыл бұрын Сүлеймен ағаның Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұратын жан дегенде жалғыз қызы Зылиха Сауырғалиеваны іздеп тапқан едім. Содан бері тығыз байланыста болған қарияны газетіміздің 95 жылдығына орай өтетін салтанатты шараларға қатысуға шақырғанмен, сексеннен асқан апайдың келуге мүмкіндігі болмады. Десек те, Зылиха апамен тағы да ағынан ақтарыла сұхбаттасудың сәті түсті.

– Зылиха апа, сіздің сонау Жамбыл облысынан үн қатып жолдаған сағынышты хатыңызды оқығаннан бері газетіміздің алдыңғы ізашар толқыны туралы тағы да бір тың деректер қоры молаятындай көңіліміз ерекше алабұртты. Жалпы, әкеңіз қандай адам еді?

– 1972 жылы бар болғаны 58 жасында дүниеден өткен әкем Сүлеймен осы Атырау өңірінің тумасы еді. Сол шақта бала болсам да, әкемнің күні-түні қағазға шұқшиятын тынымсыз қарекеті күні бүгінгідей көз алдымда. Анам Гүлсім де баспаханада әріп теруші болып жасады. Сондай-ақ, туған інісі Нұрмұхан редакцияда корректор, оның келіншегі Тәрбие де әріп теруші болды. Біздің үйімізден баспахана қорғасынының иісі шығып тұратын десем, өтірік айтқандық болмас. Соғыс жылдары ғой, жұмыс қолы ерекше тапшы, оның үстіне майдан хабарларын соңғы сағаттарға дейін күтіп, оқырманға барынша жедел жеткізуді көздейтіндіктен, газет түн ортасында, тіпті, таңда басылушы еді. Әріп қолмен теріліп, гранкі жіппен байланатын. Терілген бет баспа стано-гіне әкелінер сәтте әлгі байлаулы гранкілер жібі үзіліп немесе шешіліп кетіп, әріп біткен шашылып қалатын жағдайлар жиі болатын. Ондай хабар тиісімен әкем үйдегілерді түгел жаяу-жалпылатып баспаханаға ертіп барып, өзі бас болып әріптерді қайта теруге кірісетін. Мұның бәрін баяндап отырғаным – әкемнің өте қарапайым, соның ішінде қарамағындағыларға туы-сындай қамқор болғандығын айтқым келгендігі. Әрі өзі қиындыққа мойымайтын, жауапкершілік жүгін терең түсінетін. Үйде бір зәуімен әңгіме-дүкен құрғанда әріптестеріне:

– Біздің жұмысымыз да – майданмен бірдей, әрбір сөзіміз басқыншы жауға қарсы атыл-ған оқ болуға тиіс. Біз елдің рухын көтеріп, жеңіске жетуге жігерлендіру үшін күн-түн демей еңбек етеміз, – деп үнемі қайталап отырушы еді…

– Біздің қолымыздағы тарихи құжаттардың ішінде Сүлеймен Сауырғалиев жазған «Об руководящих работниках казахской интеллигенции, не оценивающих родной язык» деген тізім назарымызды аудара берді. Бұл туралы нендей хабарыңыз бар?

– Сұрағың орынды. Әкемнің «Ана тілін бағаламайтын, саясаттан кенже қалған бейшаралар туралы» деген көлемді сын мақаласы 1943 жылдың 10 желтоқсанында «Социалистік құрылыс» газетінде жарияланған. Оның бұл мақаласы туралы белгілі драматург-жазушы Берік Қорқытов еш боямасыз былай  жазған еді:

«…Облыстың бетке ұстаған бірталай басшыларының есімі аталды. Елдің іші ду ете түсті, құптағандары да, артын баққандар да болды. Көп кешікпей бұл мақала облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, редактор сөгіс алып шықты. Сүлеймен сол бойда тәржі-машы Қыдырғали Сасықовқа мақаланы орысша аудартып, машинкеге бастырып, Мос-кваға, Орталық партия Комитетіне, Г.М.Маленковтың атына жіберді. «Редакторды жұмыстан алады екен» деген сыбыс та ел ішіне тарай бастады. Бір күні Сүлейменнің атына сыртында «Центральный Комитет ВКП (б)» деген жазуы бар пакет келді. Сүлеймен өзі оқып болғаннан кейін бәрімізді шақырып алып таныстырды. Ол хатта «газеттің мақаласы дұрыс, облыстық партия комитеті бюросының шешімі теріс деп табылды, қаулы облыстық партия комитетіне жіберілді, сонымен танысыңыз»  деп жазылыпты. Әлде қалай болады деп үнжұрғамыз түсіп,  жасып жүрген біздің де мерейіміз көтеріліп қалды…».

Жаңағы салақұлаш тізімде «1. Имангалиев – второй секретарь горкома партии. 2. Казиев – председатель Новобогатинского райсполкома. 3. Жумаханов – зам. председателя облисполкома по местной промышленности…» деп ұзын-саны он төрт лауазым иесінің аты-жөндері келтірілген. Мұның өзі оның сын мақаланы дайындарда нақты фактіге жүгінетіндігін, әр сөзін дәлелді түрде тайсалмай жазатындығын айқын дәлелдейді.

Бәрімізге де ерекше ыстық, бертінге дейін ғибратты әңгімесін өз аузынан тыңдаған абыз ақсақалымыз Берік Ыбырашұлы Қорқытов өмірден өткенінше Сүлеймен Сауырғалиев туралы бөлекше бір ілтипатпен еске алушы еді. Ол әкеңізбен хат алысып тұратынын да айтқаны бар…

– Әкем туралы әділ сөзін айтып, ағынан ақтарылып жазып кеткен Берік ағаның рухына басымды иіп, тағзым етемін. Оның 1993 жылы жазған «Алғашқы редакторым» деген естелігін алғаш оқығанымда ағыл-тегіл жылағанымды қалай ғана ұмытайын? «…Бірталай редакторлармен жұмыстас болдым, бірақ Сүлеймендей алғыр, іскер, батыл, өткір де шешімді редактор көргенім жоқ. Ол алдымда обком, облисполком бар ғой деп ешкімнен тайсалмайтын,   жасқанбайтын. Ол күнде сын мақаласыз, жұмасына бір     фельетонсыз газет шықпайды. Сын мақала түссе, «мынау бір бастықтың жақыны, не туысы емес пе екен?» деп қипақтамайды, фактілерін тиісті орындарға тексертіп алып, анығына жетіп, кім болса да қорғалақтамай жариялап жібереді. Мені алғаш рет фельетон жазуға жетектеп үйреткен осы Сүлеймен. Және газетке шыққан сын мақалалардың аяқсыз қалмауын қадағалап, түбіне жетпей қоймайтын…» деп әкемнің адами, журналистік болмысын айна-қатесіз жазған…

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз