Мұнайлы астанада жаңа тынығу алаңдары ашылмақ
Atr.kz/2 қыркүйек, 2020 жыл. Атап айтқанда, облыстық сот ғимараты аллды мен «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің жағалау беткейі және Махамбет атындағы академиялық драма театрдың маңы тұрғындар үшін тынығуға қолайлы болмақ – деп хабарлайды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі.
Аталған аймақтардың мәдени-ескерткіш алаңдары тынығу орны үшін арнайы таңдалып алынды. Мәселен, облыстық сот ғимараты алдындағы «үш би» ескерткіші және Махамбет атындағы драма театр алдындағы «Шығармашылық әңгіме» атты композициялық ескерткіштің маңын абаттандыру жұмыстары жүзеге асуда.
Сондай-ақ, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің жағалау беткейі де тынығуға таптырмас орындардың бірі болмақ. Себебі, аталған мекеменің қоршауы ығыстырылып, көгалдандырылған аумағы ашық алаңға айналды. Енді, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Тиісінше, модульді дәретхана да осы маңға қойылды.
Бұдан бөлек, қала халқының қауіпсіздігі үшін Ж.Молдағалиев көшесінен Қ.Смағұлов көшесіне дейінгі 30-40 метр қашықтығын кеңейту жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар, аталған аумақтағы жасыл желектерді күтіп-ұстау, суару жұмыстарын қала әкімдігі ұйымдастырады
Бұл ретте, қала әкімдігі тұрғындардың бос уақытында ашық алаңда тынығуға жағдай жасағаны үшін, облыстық сот пен облыстық драма театр және «Атырау-Акпарат» ЖШС-нің әкімшілігіне алғыс білдіреді
Қосымша: Атырау облыстық сот ғимараты алдындағы демалыс орнының 754 шаршы метр аумағына 22 600 дана гүл отырғызылып, 213 шаршы метр алаңына жасыл-көгал төселді. Сондай-ақ, 6 орындық пен қоқыс жәшіктері қойылды;
Махамбет атындағы академиялық драма театрдың маңындағы демалыс алаңына 222 жас шыбық отырғызылып, 15 900 дана гүл егілді.