Атырауда Құспан молда мешітінің құрылысы басталды

мешит фото 2 Жаңалықтар

Өткен жұмада Құспан молда мешітінің алғашқы іргетасы қаланды. Атаулы шараға облыстың бас иамамы Батыржан Мансұров пен Құспан молданың ұлы Сәбит Құспанов қатысты. Дәстүр бойынша құрбандыққа мал шалынып, дұға бағышталды. Ал, шараны ашқан бас имам Батыржан Мансұров тарихи күннің Алла алдындағы үлкен сауапты іс екенін жеткізді. Сонымен қатар, қасиетті құрылыс жұмыстарына атсалысудың қаншалықты сауабы мол іс екеніне тоқталып өтті. Ғибадат үйінің ынтымағы жарасқан жамағатқа толуын тіледі. Көптен күткен Алла үйін салу осылайша көпшіліктің ізгі тілегі, ақсақалдардың баталы сөзімен бастау алды.

мешит фото 2

Ел қолдауымен бой көтермекші мешіттің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындар игілігіне берілмекші. Бұл жерде бір уақытта 1300 адам құлшылық ете алады.

– Бұрынғы мешіт 270-300 орынға негізделген, тарлық ететін еді. Оған қоса әбден ескірген. Енді жаңадан бой көтеретін құлшылық үйінің артқы жағындағы бөлігі екі қабатты болады. Ұзындығы 16-18 метр болатын мұнара салынады. Жалпы, құрылыс та, жабдықтары да жаңа заманның талаптарына сай болады, – дейді Құспан молда мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров.

мешит фото 1

Сондай ақ, әйелдер мен ерлерге арналған залдар, жамағатты қабылдайтын орын, кітапхана, дәретханалар салу жоспарда бар. Сауат ашу курсына арналған бөлмелер де қарастырылған. Аталмыш мешіт, біріншіден келісті келбетімен қала көркіне сән қосса, екіншіден, әсіресе, жастар қауымы үшін имандылыққа ұйытар руханият ордасы болмақ. Яғни, тұрғындар тарапынан зор қажеттілік бар.

мешит фото 4

– Бұл нысанды әкем  жамағаттармен бірігіп, 1953 жылы Үкіметтен алған еді. Бірақ, бір жылдан кейін қайтадан жабылып қалды. Содан 1959 жылы Құспан молда бастаған имамдар жиналып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновтан осы мешітті сұрап алды. Ол – Арабияда болған адам, құранды жатқа білетін. Сол жерде имамдардан емтихан алып, мешітті ашып берді. 1954 жылдан бастап мешіт ашылып, жұмыс жасай бастады. Бұл жер – отыз имам басын сәждеге тигізген орда, –  дейді Құспан молданың ұлы Сәбит Құспанов.  Айта кетелік, қасиетті мекенге  Құспан молданың есімі 1996 жылы берілді.

Сонымен, ескі мешіт 64 жылдан кейін жаңарып, жаңа заманға лайықталып бой көтермекші.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. freecomment

    Кай жерде? Анык адресiн неге жазбаган

  2. Автор

    Атырау қаласы, Құспан молда көшесі (Бурынғы Самарканд көшесі)