ҚАЛАДАҒЫ ТӘРТІП

қоғам белсенді араласқанда ғана нығая түседі

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қалалық ішкі істер басқармасының ғимаратында жеке құраммен кездесті. Мұнда атқарылған жұмыстармен қатар, қолға алуды қажет ететін мәселелер де айтылды.

 

Қалалық ішкі істер басқармасының  жергілікті полиция қызметі құрылғалы біраз жұмыс жасалды. Қылмыстың алдын алу шаралары да жүйелі жүзеге асуда. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Биғамбаевтың баяндауынша, Атырау қаласы бойынша жергілікті полиция қызметі 480 бірлікті құрайды. Яғни, осынша адам еңбек етеді. Солардың дені – жол-патрульдік полиция бөліністері, учаскелік инспекторлар мен оның көмекшілері.

– Биылғы жылдың екі айында облыс орталығындағы тіркелген қылмыстың саны 1823 болды. Өткен жылы осы аралықта 1860 қылмыс орын алған еді. Соның ішінде ауыр қылмыс 33,3 пайызға төмендеп отыр, – деді  жергілікті полиция қызметінің басшысы.

Ұсақ құқық бұзушылықты анықтау бағытында да айта қаларлықтай іс-шаралар бар. Жыл басталғалы 14 257 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Келеңсіздіктің көбі мас адамдардың қоғамдық орындарда көбірек жүретіндігіне қатысты болды. 3116 адамға 17 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 293 тұрғын қамауға алынған. Жол қозғалысы ережелерін бұзатын деректер де көптеп саналады. Мұның ішінде құлағынан телефон айырмайтындар жауапкершілікке жиі шақырылады екен. Сонымен қатар, жылдамдықты арттыратын, жол жүру ережелерін қасақана бұзатын жағдайлар да көп. Оларға байланысты бүгінде тегеурінді шаралар алынуда.

Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев жергілікті тәртіп сақшыларына қылмыспен күрескеннен бұрын, оның алдын алуды қатаңырақ тапсырды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жұртшылықты жұмылдыру, еріктілерді тарту жайына да маңыз берді.

Қала әкімі жергілікті полиция қызметінің басшылары көтерген мәселелердің шешімін табатынына сендірді. Бүгінде Атырау қаласының көлемі өсуіне байланысты қосымша учаскелік бекеттерді ашудың қажеттілігі туып тұр. Арнайы мамандандырылған ақылы автотұрақтың тарлығы да көп іске кедергі болуда.

Тағы бір проблема, жеке құрамның 60 пайызы – аудандардан және басқа өңірлерден келген жас қызметкерлер. Оларды жатақхана, баспанамен қамту жайы да қолға алуды қажет етеді. Аталған мәселелер бойынша қала басшысы жиынға қатынасқан өзінің орынбасары мен бөлім жетекшілерін орындарынан көтеріп, нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жақын күндері тапсырылатын көп қабатты үйден полицейлерге 10 пәтер бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Азамат  БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз