Жарнама
Жаңалықтар

Мерейді өсірген марапат

Көктемгі су тасқынымен күрес шараларына белсене қатысқан ел азаматтарының қатарында мемлекеттік марапатқа ие болғандардың бірі – индерлік Самат Атабаев. Ол «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.

Өр суы жоғарыдан екпіндете келіп, Жайық бойындағы елге қауіп төнгенде, алғашқылардың қатарында қорғанысты бекітіп, бөгеттерді бекемдеуге қатысып, белсенділік танытқан жігіттің күн, түн демей бел жазбастан тынымсыз еткен еңбегі лайықты бағаланды.  

1975 жылдың тамыз айында Индербор кентінде кіндік қаны тамған кейіпкеріміз осындағы орта мектепте оқып,  кәсіптік-техникалық училищеде (бүгінде Махамбет атындағы көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжі) кең көлемді тракторист-машинист мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1994 жылы «Дендер» АҚ-нда  бульдозерші болып бастады. Кейін 2015-2019 жылдары «Қара жыра» ЖШС-нде экскаваторды тізгіндеді. Ал 2020 жылдан бері «ИндерСу» мекемесінде шынжыр табанды эксковатор операторы ретінде жұмысын жалғастыруда.   

–Бізге жүктелген басты міндет – ауылды күнделікті ауыз сумен қамтып, кәріздік тазалау жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету. Осы орайда ұжымның атқаратын жұмысы ауқымды. Соның ішінде Самат Ғаллемұлының еңбегін ерекше атап өтсек артық емес. Әріптестерімен бірге  жергілікті тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасының жақсаруына септесіп, өзіне тапсырылған міндетті мінсіз орындайтын бұл азамат тасқын су келіп, ел басына қатер төнгенде де алдыңғы шептен, қауіптің алдын алуға өлшеусіз үлесін қосты. Әсіресе, Жайықтың Бұқар бетіндегі жағалауға жақын орналасқан Жарсуат ауылын өр суынан қорғауда оның сіңірген еңбегі айрықша. Сол үшін ауыл тұрғындарының да оған айтар алғысы мол, ризашылығы шексіз.  Жанқиярлық еңбегімен өзгелеріне үлгі көрсеткен Саматтың еңбегі еш кетпеді, лайықты бағаланды. Сөзіміздің куәсіндей, бір топ атыраулықпен қатар ол да «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты. Мұндай жоғары марапатты Мемлекеттік басшысының қолынан алуы әріптесіміздің ғана емес, бәріміздің де мерейімізді өсірді, — дейді «Индер Су» ЖШС-нің басшысы Тельман Ерғазиев.  

Дәулетқали АРУЕВ

Индер ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button