Киіз басу да – табысты кәсіп!

gengene Жаңалықтар

Atr.kz/29 қазан, 2019 жыл. Өзіміз күнделікті көріп жүрген қойдың жүнінен текемет, түскиіз, сырмақ, кебеже, байпақ секілді дүниелерді жасап, оны қажетіне жарата білген қазақ халқының шеберлігіне таңғалмау мүмкін емес. Соңғы кездері аталмыш қолөнердің қайта қолға алынып, сұранысқа ие бола бастағаны қуантады.

« А қ ж е л к е н » шығармашылық о р т а л ы ғ ы н д а өткен «Оюлар әуенінің сыры» атты қолөнер шеберлерінің облыстық симпозиумында аудандардан жиналған 70-ке жуық әйел Қазақстан қолөнер одағының мүшесі, этно-дизайнер Ұлболсын Дәуленованың шеберлік сағатына қатысты. Шебер киізді сумен басу техникасы негіздері, кәдесый мен әшекей жасаудың жолдарын көрсетті.

Қатысушылар әндетіп отырып киіз басып, сырмақ сырды, киізден жасалған айшықты шапан мен камзолдар тігу жолдарын үйреніп, жылы бас киімдер мен төсеніштер жасады. Аталмыш орталық басшысы Нұрберген Дәулетовтың айтуынша, облыста игерілмей, пайдаға аспай отырған қойдың жүнінен түрлі бұйымдарды жаңа технологиямен жаңғыртып шығаруда мұндай шаралардың көмегі орасан.

Соңғы уақытта оюлы төсеніштер мен киім сәнге айналып келеді. Әрине, пима киіп, үйіне текемет төсейтін қазақтар жоқ болғанымен, киізден жасалған бұйымдарға сұраныс бар. «Асыл мұра» шеберханасының басшысы, этно-дизайнер Ұлболсын Дәуленова:

«Бұл – қазақтың төл өнері. Сол себепті, оны қолданыстан шығып қалды деуге болмас. Керісінше, заман өзгеріп, қолданыстың жаңа формасына енді. Киізден жасалған жайманы қонақ бөлмедегі кереует (диван) алдына жаюға, кереует үстіне төсеуге тапсырыстар жиі түседі. Түрлі оюлы күрте (пальто) трендте деуге болады. Қашан да қолдан жасаған бұйымның бағасы жоғары болады» , – дейді.

Зейнеткер Сұлушаш Еркебаева жас күнінде жүн түтіп, ұршық иірген, киіз басып, талай әдемі текемет тоқыған. Шеберлік сағатына қатысудағы мақсаты – анасынан меңгерген өнерді дамыту екен. Әрі қарай немерелеріне үйретіп, қолөнерге баулуды жоспарлап отыр.

«Менің анамнан көрген киіз басуым мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Технологиясы өзгерген. Шеберлік сағатына қатысқаныма қуанып отырмын. Жалпы, қой жүні – қалдықсыз кәдеге жарайтын өнім. Ауылдық жерлерде қораның ашық-тесігін бүтіндеп жатады. Қадірі кетіп барады. Осындай мағыналы шаралар арқылы қой жүнін пайдаға асыруға болатынын көпшілікке насихаттау қажет. Қой жүнінің шайыры да үлкен табыс әкеледі. Бұрын жуу агрегаттарында тұнып қалған шайырды косметика жасайтын фирмаларға жіберетін. Айтпақшы, қой жүнінің иісі шыққан жерге құрт-құмырсқа, жәндік те жоламайды» дейді ол.

Көп балалы ана Гүлсара Қарекешова шеберлік сабағынан алған білімі болашақ кәсібіне бастайтын жол деп сенеді. Ол киізден панно, қоржын, кәдесыйлар, қазіргі заманға сай оюлы сөмке мен текемет – түскиіздер жасап сатуды жоспарлап отыр. Бұл жағынан тәжірибесі бар, жұмыссыз жүрген Гүлсара бұған дейін құрақ көрпеге тапсырыстар қабылдап, несібесін тауып жүр екен.

«Бұрын іс бастауға қаражат жоқ дейтінбіз. Енді мұндай сылтауға жол жоқ» деген ол Үкіметтен алатын атаулы әлеуметтік көмекті жеке кәсібіне құйып, дамытқысы келеді. Осылайша, атыраулық арулар үш күн ішінде киіз басудың негізгі кезеңдерін меңгерді, технологиялық ерекшеліктерін игерді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз