«Мен бақыттымын!»

лМен ба ыттымын Жаңалықтар

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының құрылғанына 95 жыл толуына орай мұнайшылар мен мүмкіншілігі шектеулі балғындар және балалар үйі тәрбиеленушілерінің қатысуымен өткен ән фестивалі осылай аталды.

лМен ба__ыттымын!

Маусым айынан бастау алған   компанияның мерейтой аясындағы мерекелік шаралар легі «Мен бақыттымын!» өнер сайысымен  жалғасты. Сайысқа «Шаңырақ» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіншілігі шектеулі балалар, барлығы  сегіз үміткер қатысып, мұнайшылармен жұптасып өнер көрсетті. Байқауға қатысқан балалар бұған дейін де түрлі облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени шараларға атсалысып, әр деңгейдегі марапаттарға ие болып үлгерген талантты өрендер қатарынан.

Қайырымдылық шараларын ұйымдастыру арқылы «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы   талантты балалардың   өнерлерін көпшілікке паш етіп, шыңдай түсуді мақсат етіп отыр.

– Биыл біздің компания үшін ерекше жыл. Әуелгіде 1922 жылы «Ембімұнай» тресінің негізінде құрылып, бүгінде табысты еңбек етіп жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ өзінің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастау алған мерекелік кештер балаларға арналған кездесулерге жалғасты. Бұған дейін осы мерейтой аясында «Мұнай өндірісі – бала көзімен» атты суретшілер байқауы, 350-ге тарта баланы  қамтыған «Жан жылуы»   қайырымдылық шарасы өткен болатын. Міне, енді мерекелік бағдарлама «Мен бақыттымын!» атты өнер фестиваліне ұласуда.

Айтулы датаның балаларға арналған шаралармен басталуының өзіндік себебі де бар. Бала – біздің болашағымыз. Айта кету керек, компания мұнайлы өңірдегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды, қоғамдық ұйымдарды үнемі өз қамқорлығына алып келеді. Игі шара алдағы уақытта да жалғасын табуын назарда ұстайтын боламыз, – деп атап өтті шараның ашылу салтанатында «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков.

Сайысқа қатысқан балалар мен мұнайшылар көпшіліктің арасында кең тараған әндерді жұп болып сәтті орындап шықты. Солардың бірі – қос жанарынан айырылса да, келешегінен мол үміт күттіретін Альфия Тілекқабыл, ол әйгілі «Земля моя» әнін «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы Солтүстік Жолдыбай кен алаңының мұнайшылар жатақханасы коменданты  Айсұлу Мантаевамен қосыла шырқағанда, залда тебіренбеген көрермен қалмады десе де болады. Альфия – биыл өткен республикалық «Жұлдызай» байқауында топ жарып, үшінші орынды иеленген дарынды бүлдіршін. Осы байқаудың тағы бір лауреаты, оқу озаты, гитарада шебер ойнаушы Альбина Джумиева компанияның Басқару  аппараты Орталық бухгалтерияның аға бухгалтері Мәди Бексейітовпен бірге «Сәлем, саған, туған жер» әнін нақышына келтіре орындады.

Ал, барабанда шебер ойнаушы, әрі таэквандошы Аяулым Төлепберген «ӨТҚжЖК» басқармасының транспорт жөндеу механигі Тазагүл Калымовамен «Аналардың тілегі» әнін шырқап берді. Қолынан бәрі келетін қолөнер шебері Айнұр Дүйсеш те «Қайнармұнайгаз» басқармасының қызметкері Әділет Доспосыновпен бірге «Мектебім» әнін орындап, көрермен көзайымына айналды. «Мен тоғыз жастамын. №5 мектепте бесінші сыныпта оқимын. Ән айтуды көптен бері ұнатамын. Бірақ, бүгін сахнаға бірінші рет шығуым. Қатты қобалжулымын» деп ойымен бөлісті кішкентай Айнұр.

Сол сияқты, «Бала дауысы» байқауында жүлделі орындар иеленіп жүрген Айжан Қайыржанқызы «Ембімұнайэнерго» басқармасының арнаулы техника және автотранспорт колоннасының көлік жүргізушісі Талғат Мырзағалиевпен «Анашым, қартаймашы» әнін орындап, тыңдарман жүрегіне жол таба білді. Жас домбырашы, үздік оқушы Толғанай Жастілекқызы «Жылыоймұнайгаз» басқармасы мұнайшылар жатақханасының коменданты  Зәмзия Мирмановамен «Отырардағы той» әнін бірге шырқап, көпшіліктің көңілін бір сергітіп алды.

Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған  «Ұлы дала баласы» жобасы аясында Атырауда өнер көрсеткен Төреғали Төреәлімен бір сахнада ән айту құрметіне ие болған Нұрсұлтан Құрманбаев «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұңғымаларды жөндеу шебері Сержан Мажитовпен қосылып, «Төрешім» әнін келістіре шырқады.

– Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте білім аламын. Сегізінші сыныпты сәтті аяқтадым. Ең сүйікті пәндерім – қазақ тілі мен әдебиеті. Түрлі өнер байқауларына үзбей қатысып келемін. Одан бөлек, Геолог елді мекеніндегі жасыл алаңда жиі доп тебемін. Футбол мен дзюдодан спорттық жарыстарға қатысып отырамын, – деді Нұрсұлтан бізге берген сұхбатында.

Өнерлі жұптар шеруін  Оксана Аконова мен «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары  Рысты Тасмағамбетова «Мама» әнімен түйіндеді. Фестиваль сахнасында орындалып жатқан әрбір әнге арнайы  бейнебаянның  түсірілуі байқаудың мақсатын, мәнін аша түсті.

Әділқазылар алқасы «Мен бақыттымын!» атты ән фестиваліне қатысқан барлық өнерпаздардың  үлкен дайындықпен келгендерін ескеріп, өнерлі жұптарды түгелдей  жеңімпаз деп таныды. Балалар мен мұнайшы өнерпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, фестивальдің соңында залға жиналған көпшілік өнерлі жұптармен естелік суретке түсті.

Амандық Сағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз