ИМАМДАР БІЛІМДЕРІН ЖЕТІЛДІРДІ

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының ұйымдастыруымен облыстағы мешіттер қызметкерлері мен имамдар біліктілікті арттыру курсынан өтті. Осыған орай, Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында білімдерін жетілдірген бір топ діни қызметкерге арнайы сертификат табысталды.

Шараға қатысқан аталған орталық директоры Баязи Әбдешов жергілікті діни қызметкерлердің біліктілігін арттыру ісі соңғы екі жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келетінін айтты. «Біз тек дін саласындағы азаматтарға ғана емес, аймақтағы құқық қорғау органдары қызметкерлері, білім, денсаулық сақтау саласы мамандарымен де бірлесе жұмыс жасап, семинарлар, курстар өткізудеміз. Мұндай шаралар өткізу сала жұмысының жандануына септігін тигізеді», – деді ол.

Астана қаласы «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов те дін қызметкерлерінің білімдерін үнемі жетілдіріп отырулары керектігін айтты.

– Қасиетті Құран Кәрімде білімді мен білімсіздің тең еместігі жайында айтылады. Кім-кімге де білімді арттыру, білгеннің үстіне біле түсу артық етпейді. Соның ішінде халықпен жақын қарым-қатынаста жұмыс жасайтын діни қызметкерлерге үнемі білімін жетілдіріп отыру керек. Мұндай курстар еліміздің әр аймағында өтуде. Ал, сіздердің алған білімдеріңіз ел игілігіне жарайтын болады, – деп ол бірлесе жұмыс жасауға әркез дайын екенін айтты.

Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев Әбу Ханифа мәзхабы насихаттайтын рухани тәрбиені қалыптастыруда мемлекет барынша жағдай жасап отырғандығына тоқталды. Сондай-ақ, бүгінде дін саласындағы жұмысты тиімді жүргізуге мүмкіндік мол екендігін, оған облыс басшылығы тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін сөз етті.

Айта кетерлігі, «Діни сенім бостандығы және мемлекеттің зайырлылық қағидаттары» деп аталатын біліктілікті арттыру курсына елге танымал, білікті мамандар келіп дәріс оқыды. Олардың қатарында Назарбаев университетінің профессоры Е.Досмағамбет, «Нұр Мүбәрак» университетінің «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері теолог Р.Илимбаев, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Б.Мансұров  және өзге де теолог мамандар мен исламтанушылар бар.

Курс жұмысы қорытындысында білімдерін жетілдірген мешіттердің қызметкерлері мен имамдарға салтанатты түрде арнайы сертификаттар табыс етілді.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз