Мәжіліс шетелдіктерге жалға жер беру туралы нормаларды тоқтатуды мақұлдады
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің кейбір нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың айтуынша, аталған құжат жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы ҚР Президентінің ағымдағы жылғы Жарлығын орындау мақсатында әзірленген. Аталған заң жобасымен ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін «ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның және Жер кодексінің бірқатар нормалары тоқтатылады.
Атап айтқанда кодекстегі шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, жарғылық капиталындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттары мен уақытша жерді пайдалану құқығын берумен, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматтарына және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығын берумен байланысты нормаларының қолданысқа енгізу мерзімі тоқтатылады.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы бүгін екінші оқылымда талқыланатын болады.
Дерек көзі: «Ұлт ақпарат»