АҚБЕРЕН АҚЫНҒА ТАҒЗЫМ

Бұған дейін де газетімізде жарияланғанындай, биыл қазақтың ұлы ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі, Қазақстан Ленин комсомолы және Мемлекеттік сыйлықтарының иегері  Жұмекен Сабырұлы  Нәжімеденовтің туғанына 80 жыл толды. Көзі тірісінде бір өзі біртұтас әлем ретінде танылған дара тұлғаның осынау мерейтойына орайластырылған мәдени-көпшілік шаралар Алматы, Астана қалаларынан басталып, оның туған жері – Атырау өңірінде жалғасты.

Осылайша, облыс орталығында «Ұрпағым, саған айтам…» тақырыбымен жергілікті ақындардың жабық мүшәйрасы ұйымдастырылып, ол Құрманғазы ауданында «Ашақта туған ақберен ақын» атты кеште қорытындыланды. Енді міне, егемен еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында атыраулықтар тағы бір тағылымды оқиғаның куәсі болды. Бұл жолы Атырау қаласындағы «Ренессанс» қонақүй кешенінде қарымды қаламгердің өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылған «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975) және «Даңқ пен дақпырт» (1977) романдарының, оған қоса  Ж.Нәжімеденовтің өмірлік жары Нәсіп Мұстахқызының «Жұмекен – құдірет» деп аталған естелік кітабының (бәрі де «Өлке» баспасынан басылып шыққан) таныстырылымы өткізілді. Басқосуды белгілі драматург-жазушы Рахымжан Отарбаев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.

Ақиық ақынның алғашқы өлеңдері 1955 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланса, тұңғыш жыр жинағы «Балауса» деген атпен жарық көрген. Содан бергі мезгілде Жұмекеннің көптеген шығармалары мен төл туындылары оқырманымен қауышты. 2012 жылы жеті томдық толық шығармалар жинағы шығарылды. Бұдан бөлек, ақынның өлкеміздегі күйшілік өнерді насихаттау мен тарихын зерттеу төңірегінде жазылған еңбектері де өз алдына бір төбе. Мұның сыртында, ақынның біраз өлеңдері орыс тіліне аударылса, өзі де тамаша аудармашы ретінде танылды. Осылардың арасында жоғарыда аталып кеткен үш романның орны бөлек, шоқтығы биік.

Тұсаукесер рәсіміне жиналғандарды бірінші болып құттықтаған Шыңғыс Мұқанның сөзіне осы жайлар арқау болды.

– Шынын айтсақ, Жұмекен ағамыз өзінің ескерткішін көзі тірісінде өзінің қолымен жасап кеткен адам. Оның артына қалдырған әдеби мол мұрасы – поэзиясы мен прозасы. Мерейтойына орай, осында Атырау қаласындағы  Салтанат сарайының алдынан ұлы ақынның құрметіне ескерткіш орнатып,оның да тұсауын кесуді ойластырғанбыз. Дегенмен ұсақ-түйек шаруаларының бітпеуіне байланысты сәл кейінге қалдырылды. Бүгінгі кездесуімізге ағамыздың жақын-туыстары, соның ішінде қызы Саида мен немересі Мақсат қатынасып отыр. Бұл да –  біздер үшін зор мерей, мәртебе. Үлкен қуаныш. Елдік мерекемен үндескен рухани тойымыз құтты, Жұмекен мұраларының ғұмыры ұзақ болсын, – деп   түйіндеді ойын облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейінгі әңгімені  белгілі қаламгер, баспагер Мереке Құлкенов жалғастырып, Ж.Нәжімеденовтің көркем де шұрайлы тілмен жазылған, өрнекті оймен берілген прозалық туындыларын жоғары бағалап, кейбір тұстарына қысқаша талдау жасады. Кезінде романдарына әділ баға берілмегендіктен көзі қарақты, көкірегі ояу оқырманның қолына жетпей, ұзақ уақыт бойына жабулы күйінде қалып қойғанын ашына айтты. Әйтсе де, тәуелсіздік таңы атып, егемендік пен еркіндік еншімізге тигеннен кейін тарих таразысынан өтіп, екінші тынысы ашылған «Ақ шағыл», «Кішкентай» және «Даңқ пен дақпырт» романдарының әрқайсысының 2000 данамен қайта басылып шыққанын қуана жариялады. Оның үстіне, ақынның өміріне серік болған Нәсіп апайдың «Жұмекен – құдірет» атты естелік кітабы да ағамызды ортамызға оралтқандай күй кешіп отырғанымыз да жасырын емес, – деп ағынан жарылды қаламгер. Әріптесінің айтқандарын Жұмекен шығармашылығын зерттеушілердің бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп те қостады.

Жұмекен Сабырұлының жерлестері атынан сөз алған Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Әбдірахман Мұса мерейтойлық шаралар шымылдығының ақынның кіндік қаны тамған өңірде ашылып, Алматы мен Астанада, Атырауда жалғасқанына ризашылығын білдіріп, игілікті іске мұрындық болған елдің игі жақсыларына алғысын арнады. Жиынға қатысқан атыраулық жас ақындар Жұмекен өлеңдері мен жүректерінен жарып шыққан өздерінің жыр жолдарын оқыды. Әулетінің атынан келіп, шараға қатысқан Саида Жұмекенқызы да ұйымдастырушыларға ризашылығын арнаса, немересі Мақсат Н.Тілендиевтің атақты «Әлқисса» күйін домбырада күмбірлетті.

Соңынан үш роман мен естелік-кітаптың рәміздік лентасы қиылды. Шығармалардың алғашқы даналары облыс кітапханаларына тапсырылды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз