МӘСЕЛЕ: Терможаңғырту тиімді ме?
Аtr.kz/28 мамыр, 2020 жыл. Облыста 2011-2020 жылдарға арналған терможаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы іске асып жатқаны белгілі. Осы аптада «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі облыстық арнайы мониторинг топ мүшелерімен бірлесіп, 2018-2019 жылдары күрделі жөндеуден өткен тұрғын үйлерге мониторинг жүргізді.
Аталған бағдарлама аясында қаладағы тозығы жеткен үйлер жөндеуден өтті. Төбесіне шатыр жабылып, жертөлесі тазартылды. Құбырлары ауыстырылып, қасбеті әрленді. Бірақ, тұрғындардың дені бағдарламаның сапасыз орындалғанына реніш білдірді.
Балықшыдағы Қожақаев көшесінде орналасқан 29-үйге «ЖарықӘлемҚұрылыс» ЖШС-і отыз бір миллион жарым теңгеге жөндеу жүргізген. «Жазира» ПИК-не қарайтын үйдің тұрғындары «атқарылған жұмыс пен қарыз көлемі тең емес» дейді. Жобалық кеңсенің қызметкерлері де бұған көзін жеткізді. Мәселен, кірмедәлізге төселген кафельдер сынған, үйдің қасбеті де шала-шарпы жасалған. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмысы аяқталған соң, газ құбырынан иіс шығып, кірмедәліздің жарын бұзып, құбырды ауыстыруға тура келген.
Көпбалалы ана Гүлмира Сармурзиева «Мен өзім құрылысшы болғандықтан, мұндай жұмыстарды бес саусақтай білемін. Сапасыз атқарылған жұмыс біз төлейтін ақыға сай келмейді. Жөндеу мемлекет қаражатына жасалғандықтан, бұл бюджеттің ақшасын желге ұшыру емес пе?» дейді.
«Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС басшысының орынбасары Айдын Төреханов тұрғындардың бұл уәжімен келіспеді. Оның айтуынша, талап бойынша үйге жұмсалған мемлекет қаржысын пәтер иелері он жылдың ішінде қайтаруы керек. «Мен жеке өзім бұл жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанының куәсі болып келемін. Әрбір үйдің терможаңғыртудан бұрынғы және кейінгі жағдайын жақсы білемін» деді ол. Ал, мердігер компанияның өкілі кепілдік мерзімі екі жыл болғандықтан кемшіліктерді өз есебінен қалыпқа келтіруге уәде берді.
Сондай-ақ, «ЖиенбетҚұрылысМонтаж» ЖШС-нің Авангард-3 мөлтек ауданындағы 36-үйге жүргізілген елу төрт миллион теңгенің жөндеу жұмыстарының сапасы да сын көтермейді. Өткен жылдың күз айында тапсырылған тұрғын үйдің ішкі қабырғалары бүгінде әбден тозығы жеткен. Ішкі жарды тазартпастан сылап қойған, тегіс емес, баспалдаққа төселген кафель сынып жатыр. Үйдің қасбетіндегі бір жақ бұрышының сылағы түсіп қалған. Мониторинг барысында тұрғындар құрылыс жұмысына көңілдері толмайтынын айтты. Құрылыстың аяқталғандығы жөнінде ешкімге ақпарат берілмеген. Тұрғындардың басым бөлігі жұмыстың кімнен және қалай қабылданғандығынан бейхабар. Аталмыш тұрғын үйге «АнуарАвангард» ПИК-і қызмет көрсетеді.
Келесі кезекте назар аударылғаны – «Жазира» ПИК-не қарасты Авангардтағы Гословский көшесіндегі 88-үй. Отыз жеті миллион жарым теңгеге жоспарланған жұмысты орындау «ЖиенбетҚұрылысМонтаж» ЖШС-не жүктелген. «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС басшысының орынбасары А.Төреханов «ең алдымен жылдар бойына лас суға толып тұратын жертөлелер құрғатылды. Одан соң кірмедәліздердің есіктерінен бастап, баспалдақтары, қабырғалары жөнделді. Бұл үй шатырсыз болып, тұрғындар көп қиындық көрді» деп түсіндірді.
Дегенмен, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиеваға сол үйдің тұрғыны Татьяна Астраханцева өкпе-назын жеткізді. Оның айтуынша, жасалған жұмыстар техникалық талаптарға сай емес. Қабылдау актісіне зейнет жасындағы жеті тұрғынның қолы қойылған. Қабылдау актісінде қызмет көрсетуші «Жазира» ПИК-нің емес, белгісіз ПИК мөрі басылған. Құрылыс сметасында көрсетілген жертөлелердегі жұмыс тұрғындар рұқсат бермегендіктен жүргізілмеген.
Үйдің қабырғасын ескі сылағын түсірмей, үстіне жаға салған. «Кімге керек мұндай көзбояушылық?.. Ал, атқарылған жұмыс қорытындысы, жобалау-сметалық құжаты жоқ. Тіпті, кейбір тұрғындарда келісімшарт та жоқ. Атүсті жасалған жұмысқа төлемақы төлеуге қарсылық білдіріп тиісті орындарға арыз да жаздық. Әлі нәтиже жоқ» дейді тұрғындар.
Мамандардың айтуынша, бір үйге жаңғырту жұмыстарын жүргізу алдында оның тұрғындарының 3/2-нің келісімі алынып, хаттама толтырылады. Тұрғындар үйдің жөндеуді қажет ететін ақаулары жазылатын техникалық тексеру актісін дайындауға бірге жүріп қатысу керек. Өйткені, терможаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы осы акт негізінде дайындалады. Ал жасалатын жұмыстың жалпы құны осы жобаға сәйкес белгіленеді. Жоба құжаттамасы дайындалған соң үйдің тұрғындарымен жалпы жиналыс өткізіліп, жасалатын жұмыстар халыққа таныстырылады. Әрбір жұмысқа қанша қаржы жұмсалатыны тәптіштеп түсіндіріліп, әрбір пәтерден қанша ақша төленетіні есептеліп беріледі. Содан кейін тұрғындар келісімдерін беретінін дәлелдеп, өз қолдарын қояды. Жөндеу жұмыстары осыдан кейін барып қана басталады. Алайда, жоғарыда аталған екі үйдің де тұрғындары ешқандай жиналыс өтпегенін айтты.
Ал, С.Датов көшесіндегі 12-ші үйдің тұрғындары терможаңғырту жүргізген «ЖарықӘлемҚұрылыс» ЖШС компаниясына риза болды. Сондай-ақ, Азаттық даңғылы, 99 «а» үйдің де жұмысы қанағаттанарлық екен (мердігер мекеме «БәйтерекКаспийСервис» ЖШС). Тек кірмедәлізге төселген кафельдің бір-екеуі сынып, қабырғалары сызылған.
Әрине, кінәнің барлығын мердігер мекемеге артып қойған жөн емес. Терможаңғырту жұмыстарын жүргізген бас маманның айтуынша, тұрғындардың өздері де ұқыпсыз көрінеді.
Сонымен, мониторинг нәтижесінде 2018-2019 жылдары күрделі жөндеуден өткен 20 тұрғын үйдің 9-ның сапасы бүгінде мәз емес. Сапалы құрылыстың бір жылда тозығы жетпесі анық…
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА