Мереке қарсаңында «Үздік пошташылар» марапатталды

D095D090D0A120702 Жаңалықтар

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің маңызы ерекше. Өйткені, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды баспасөз, телевидение мен радиосыз елестету мүмкін емес. БАҚ – тек ақпарат жеткізумен ғана айналыспайды, ол – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір.

????????????????????????????????????

Батыс өңіріндегі ең ірі медиахолдинг болып саналатын «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің ұжымы да осынау кәсіби мерекелерін жан жадыратар жетістіктермен және жақсы көңіл күймен қарсы алды. Медиахолдингтің баспасөз орталығында өткен салтанатты мерекелік шарада серіктестік директоры Баязи Әбдешев ұжымды мерейлі мерекелерімен құттықтап, бір топ қызметкерді марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.

– Журналист – қастерлі мамандық иесі. Оның қызметі халықпен, қоғаммен тікелей байланысты. Осының өзі әріптестерімізге зор жауапкершілік жүктейді. Ел артқан сенімнен шығу – абырой, – деп атап өтті Баязи Мәдешұлы.

Мерекелік шара барысында «Атырау-Ақпарат» серіктестігі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқали Нұрғалиев, биыл өзінің 95 жылдық мерейтойын қарсы алып отырған «Атырау» және бір ғасырлық тарихы бар «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Исатай Балмағамбетов пен Нәсіп Шалабаевалар сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Осы мерекелік шара барысында Атырау облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Үздік пошташы» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

Аталған байқаудың шартына сәйкес, байқауға қатысушы «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының кез келген пошта қызметкері аталған мерзім аралығында облыстық газеттердің біріне («Атырау» немесе «Прикаспийская коммуна») 50 немесе 200-ден аса оқырманның жазылуына ықпал етсе, байқау жеңімпазы, яғни, «Үздік пошташы» атанып, тиісінше қаржылық сыйақымен марапатталу көзделген.

Байқау қорытындысы бойынша ең көп жазылушының газетке жазылуына ұйытқы болған 13 пошта қызметкері жеңімпаз деп танылды. Олардың 5-еуі – Құрманғазы, 3-еуі – Исатай, 2-еуі – Қызылқоға, 2-еуі – Махамбет аудандарынан болса, 1-еуі – Атырау қаласының Балықшы ауылдық округінен. «Үздік пошташы» атанған жеңімпаздардың алды 60 жаста болса, ең жасы – 28 жаста.

Осылайша, Құрманғазы ауданының Балқұдық және Сүйіндік ауылының пошта қызметкерлері Гүлжан Қайырова мен Ләйла Еслямова, Қызылқоға ауданының Миялы стансасының қызметкері Маржан Бейсова, Исатай ауданының пошта қызметкерлері Дина Шарапова, Жұмабике Құлышева, Махамбет ауданы Сарайшық ауылынан Сұлтан Алтын, Құрманғазы ауданының пошта қызметкерлері Айбарша Ибрашова, Нұрсұлу Алипова, Гүлбаршын Есенғалиева, Исатай ауданынан Назымгүл Қанатова, Қызылқоға ауданынан Райхан Салимова, Махамбет ауданынан Гүлмира Қарымсақова және Атырау қаласының Балықшы ауылдық округінен Сағира Күншекееваларға арнайы дайындалған «Үздік пошташы» дипломдары мен қаржылай сыйақыларының сертификаттарын «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Баязи Әбдешев тапсырды.

Сондай-ақ, «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға және «Үздік пошташы» байқауын ұйымдастыруға қосқан үлесі, серіктестікке қарасты облыстық және аудандық басылымдарды оқырмандарына дер кезінде қауыштыру жолындағы еңбегі үшін облыстық филиал директоры Алтын Садықова «Алғыс хатпен» марапатталды.

Қызығы мен шыжығы, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін қаламгерлер қауымының төл мерекесі осылайша жарқын сәттермен есте қалды.

 Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз