Қазақстан туралы жарнамалы бейнеролик Болгариядағы халықаралық фестивальде жүлдеге ие болды

20190423 100053 БЕЙНЕЖАЗБА

Аtr.kz/24 сәуір, 2019 жыл. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы түсірген «Біз қайда барамыз?» атымен белгілі бейнеролик Болгариядағы Велико-Тырново қаласында өткен XVI «On the East Coast of Europe» (Еуропаның Шығыс жағасында) Халықаралық туристік фильмдер фестивалінде «Туристік дестинация» номинациясы бойынша ұзақтығы 90 секундке дейінгі ең үздік жарнамалық бейнебаян болып танылды.

Биыл бұл фестивальге 21 елден 74 бейнеролик қатысып, олар үш номинация бойынша бағаланды: «Туристік дестинация», «Туристік өнім» және «Табиғат және экотуризм». Қатысушылар мен номинанттар арасында Испания, Португалия, Қытай, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері, Австрия және басқалары болды.

Қазақстанның Болгария Республикасындағы Елшілігінің бастауымен және Қазақстанның Варна қаласындағы Құрметті консулдықтың белсенді қатысуымен ақпан айында XVI Халықаралық туристік фильмдер фестиваліне қатысуға өтініш берілді.

Бірінші кезеңде 74 роликтің 44-і келесі турға өтті, оның ішінде Қазақстан туралы бейнеролик те бар еді. Екінші кезеңде «Туристік дестинация» номинациясында тағы 3 ролик: Біріккен Араб Әмірліктерінен 1 ролик және Эстониядан 2 ролик сайысқа түсіп, «Біз қайда барамыз?» ролигі жеңімпаз атанды.

20190423 095903

Фестиваль аясында Қазақстан туралы бейнеролик сондай-ақ Велико-Тырново қаласының орталық алаңында көрсетілді.

XVI «On the East Coast of Europe» (Еуропаның Шығыс жағасында) Халықаралық туристік фильмдер фестивалі биыл 16-шы рет өткізіліп отыр. Барлығы осы уақытқа дейін 98 елден 1076 қатысушы фестивальге қатысып, туризм тақырыбындағы түрлі фильмдер мен жарнамалық роликтерін көрсетті.

«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы 2017 жылы Қазақстан туризмін шет елде жарнамалау және салаға инвестиция тарту мақсатында құрылған. «Біз қайда барамыз?» бейнеролигі 2018 жылы халықаралық телеарнада көрсету үшін түсіріліп, әлеуметтік желілерде вирустық жолмен тарап кеткен болатын.

Атап өту керек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша бұл ролик танымал ресейлік саяхат туралы tutu.ru сайтының нұсқасы бойынша жылдың ең жақсы бейнебаяны ретінде танылған болатын.

«Atr-Ақпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз