snimok 4

МӘСЕЛЕ: Теледидарға телмірген ұрпақ

Жаңалықтар СарапTime Қоғам

Atr.kz/28 шілде, 2020 жыл. Жер-жаһан қазір қиын кезеңді кешуде. Әлемді әуре-сарсаңға салған кесірлі кесел өз үстемдігін жүргізіп- ақ тұр. Тұтастай өмірді өзгерткен тәжтажалдың құрығы тым ұзын. Өзгерістер барлық саланы қамтыды.

Е л к ө л е м і н д е г і б а л а б а қ ш а л а р д ы ң тоқтатылуы, оқушылардың жазғы демалысы олардың бос уақытын көбейтті. Жаз, каникул, демалыс. Рахат бо­лып көрінуі ықтимал. Бірақ, бұрынғыдай, алаңсыз аула­да ойнау, өзге елге, қалаға саяхаттау әзірге мүмкін болмауда. Алғашқыда оқшаулау туралы түсінбеген сәби санасы біртіндеп кейінгі күндердегі өзгерістерді қабылдап келеді. Тіпті, тілі шығар-шықпастан «коро­навирус кет, кет, кет» деген әнді ыңылдап айтатынын қайтерсіз.

Баланың бос уақыты дедік. Айтпағымыз да осы. Далаға бұрынғыдай шығуға шек­теу қойылған, балаңызды жіберетін жер жоқ, лагерь жабық, балабақшаға баруға болмайды. «Көзің ауырады» деген себеппен сағаттап телефон-планшетке үңілгенін сіз де қаламайсыз, иә! Алаңдатудың амалы деп төрдегі теледидарға телміртеміз. Ал, ол жерден бала не көріп жатыр?

Мәнсіз мульт, қорқынышты қаһарман

Теледидар бүгінгі қоғамның дамыған заманында жаңалық атаулының жаршысы ғана емес, ықпалды, тәлім-тәрбие беру құралына да айналып отыр. Әсіресе, өскелең жас ұрпаққа оның тигізер әсері тіптен ора­сан. Себебі, қазіргі таңда теле­дидарсыз үй тіптен жоқ десек те болады. Сан арнаны самса­тып көрсетер сандық жүйедегі теледидарлар мен желілік ар­налар тағы бар. Көрем деген көзге таңдау жетерлік. Тек талғамыңыз жоғары болсын. Әйтпесе, қызылды-жасылды экранның ар жағындағы тақырыпқа тіптен тосқауыл жоқ.

Расында да қазіргі уақытта теледидардан сәт сайын жалт ететін жарнамаға көзі түспейтін бала кемде-кем шығар. Тіпті, бесіктен белі шықпаған сәбиді «алдансын» деген оймен көксандыққа қарай сүйрелеп, иә «біздің бала осыны қарайды» деп, бөбегімізді теледидар ал­дына әдейілеп отырғызып кететініміз де жасырын емес. Сол сәтте бала санасын улай­тын теріс қылықтар мен оғаш әдеттерге өз қолымызбен итеріп отырғанымызды түсіне бермейміз.

Қазіргі телетаратылымның тақырыбы – сан алуан. Бірі атыс-шабысқа толы батыстық туындыны тарту етсе, енді бірі шетелдік әуендерді тәулік бойы­на талмастан сіздің назарыңызға ұсынуға бейім. Көп ретте ата- аналар балаларының теледи­дардан не қарап отырғанына мән бермейді. Күнұзақ көксандықтан көзін алмастан отырған ұл-қызымызға бір сәт көз салғанда «Е… мультфильм қарап отыр екен ғой» деуден аспайтынымыз ақиқат. Тіпті, осы мәселенің бір шеті мультфильм- дерде жатқанынан да хабар­сызбыз. Өйткені, мейірімді де сүйкімді кейіпкерлері бар достық пен жақсылыққа бастай­тын мағыналы мультфильмдер қазір аз.

Көпке топырақ шаш­паймыз, соңғы кезде түсірілген «Алдар көсенің хикаяларын» көрмейтін бөбек қазір жоқ шығар. Болмаса, «Балапан» арнасындағы бағдарламалар өз алдына бір төбе. Алайда, еш мән- мағынасыз, сюжеті жоқ, құр фантастикалық кейіпкерлердің ақылға қонымсыз іс-әрекеттеріне негізделген туындылар да қазір телеарналарда тұнып тұр. Адам­дарды хайуан құрлы көрмей өлтіре салу, ғимаратты жарып жіберу, бүкіл әлемді бір ғана қызыл тетіктің көмегімен жоқ қылу қатардағы жай істің бірі ретінде көрсетіледі. Үнемі атыс- шабыс пен зорлықты көрсететін сюжеттерге құрылған заманауи мультфильмдерді көріп өскен жеткіншек үлкейгенде қандай адам болмақ? Оның жүрегі мұндайға үйреніп кетпесіне, бұл баланың өсе келе қатыгез жанға айналмасына кепілдік бар ма?

Әлеуметтік желідегі жазба жүректі дір еткізді. Жиырма шақты жасөспірім бір бала­ны сабаған желөкпе жасты айнала қоршап, «Забей!» деп ұрандатуда. Балалардың тіпті бұғанасы да бекімеген, пай­ымдауымша жоғары сынып оқушылары. Бетін қорғаштаған байғұс баланың басын қос аяғымен тапаған ұлдың да анасы кезінде қалжа жеді-ау. Өкінішті. Қорқынышты да. Бұл балалардың да жоғарыда аталған жауыз кейіпкерлерді көріп өспегеніне кім кепіл?

«Балаларымды теледидар тәрбиелеп отыр»

«Теледидар баланың жал­пы өсіп-жетілуіне үлкен әсер етеді. Күні бойы соны көрумен уақытын өткізетін адамның білімге деген құштарлығы төмен болады. Тіпті, қарапайым оқушының өзі мектепке барып келгеннен кейін сабақ оқуды кейінге ысыра сала, теледидар алдына жантая кетеді. Оның санасында сабақтан алған білімін пысықтау қажеттігі ту­ралы ой тұрмайды. Керісінше, теледидардағы қызыққа елітіп, соны көрсем деп асығып тұрады. Ал уақыт өте, баласының білімінің таяздығын көрген ата-ана бармағын тістеп, басын қатырады.

Ал , қазірг і дей панде­мия жайлап, бәріміз үйге тығылуға мәжбүр болған тұста, теледидардың балаларға әсері тіптен арта түсті. Алғашқы кезде, үйден шықпай, бірден қамалып қалған бала уақыт өте келе бұл әдетке әбден үйреніп алды. Сондықтан, балаларды қаржылық мүмкіндіктерге қарай онлайн дәріс, курстарға берген дұрыс. Тіпті, сурет салуға бейімдейтін тегін сабақтар да интернетте көп. Баланы тек алаңдату үшін телеэкранға телміртпей, осындай пайда­лы бағыттарға бейімдеген жөн» дейді психолог Айнұр Тәжбенова.

Білім беру саласында көп жылдық еңбек өтілі бар ұстаз, Атырау қаласындағы №30 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсім Байғожина да осы пікірді қостайды. «Балалар қазір каникулда болса да, ват­сап желісі арқылы хабарласып тұрамыз. Төртінші тоқсанды онлайн оқып, тәмамдадық. Енді жаңа оқу жылына дайындық жайын да пысықтау қажеттілігін айтып, есеп шығарып, кітап оқыңдар дегенді айтып оты­рамын. Қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты көп ата- ананың ақылы онлайн курстарға жазылуға мүмкіндіктері жоқ екенін де түсінемін. Десек те, ин­тернет, теледидардан өздеріне керектіні ғана ала білуі қажет екенін ата-аналары қадағалауы қажет» дейді ол.

Үш баланың анасы Ажар Сұлтангерееваның да тақырып төңірегінде өз айтары бар. «Күні бойы жұмыста болғандықтан балаларымды үйде қалдырып кетуге мәжбүрмін. Мен жоқта олардың қай арнадан, қай бағдарламаны қарайтындарын қадағалап отыратын адам бол­майтыны белгілі. Бар қолымнан келгені «мультфильмдер берілетін уақыт болмаса, басқа кезде көп қоспаңдар» деп айту ғана. Алайда, шыным сол, қазіргі уақытта менің балаларымды те­ледидар тәрбиелеп отыр. Үлкен қызым Аида би үйірмесіне бара­тын еді, қазір ол да тоқтап қалды. Ал, кіші екі ұлымды шектеу шаралары енгізілгені үшін емес, түрлі спорттық үйірмелерге, жаттығу алаңдарына апаратын­дай қаржылық мүмкіндігім жоқ болғандықтан ешқайда бармай­ды. Бос уақыттарында ойнасын, ізденсін деген ниетпен бояу, ер­мексаз алып беремін» дейді ол.

Талаптар сақталуы тиіс

К ө р ш і Р е с е й д е телетаратылымдарға қатысты арнайы заң бекітілген. Талапқа сай, бағдарлама алдын­да оның мазмұны «баланың денсаулығы мен рухани да­муына зиян келтірмейтіндігі» туралы ескерту берілуі тиіс. Осылайша, теледидар тараты­лымы бірнеше санатқа бөлінеді. Яғни, жас ерекшелігіне байла­нысты көруге рұқсат етілген немесе ересек адамдармен бірге көруге арналған деген сияқты. Бұл ескертпелер бағдарлама ба­сында және жарнама барысында сегіз секунд көрсетіледі.

Мұндай белгілердің отандық телеарналар арқылы да берілетінін байқап жүрген бо­ларсыз. Бірақ, көрерменнің талапқа құлақ асып жатқаны некен-саяқ. Мәселен, телеарна­ны жаулап алған түрік сериалда­рын анасымен бірге көріп, оның ішіндегі кейіпкерлерін жатқа «соғатын» сәби сіздің де үйіңізде бар шығар.

Ресей елінің құзырлы орган­дары телеарна иелерінің алдына нақты талап қойып отыр. Ар­найы ескертпелер көрерменге анық көрсетілуі тиіс. Әр теле­таратушы бағдарламаның қай топқа жататынын өзі шешеді. Ал, тікелей эфирдегі хабарлар ескертусіз таратылады. Сол секілді талаптарға сай, телеэ­крандардан былапыт сөз айтқан кез-келген БАҚ өкілі айыппұл төлейді. Әлбетте, отандық теле­арнамыз оғаш сөз бен былапыт көріністерден ада. Десек те, желілік телетаратылымдардың басым көпшілігі ресейлік өнімдер екені анық. Сондықтан, теледидардың бұл күнде ұрпақ тәрбиесіне әсері бар құрал екенін естен шығармай, біз де бала санасының теледидармен улануына жол бермесек екен.

Айтпақшы, көрген көзде жазық жоқ деген, айта кетелік. Балаларға арналған әлеуметтік жарнамалардың бірінде кішкентай қыз ата-әжесі мен әке-шешесін жаттығу бірге жасайық деп төр бөлмедегі теледидар алдына шақырады. Әлгі балақайдың анасы яғни, сол үйдің келіні қайын атасының қасынан бір- ақ шығып, жаттығуға кірісіп кетеді. Қарапайым ғана сю­жет болғанымен, бұны көрген баланың «теледидардағыдай болып тұрыңдар, «мама, сіз атамның қасына, содан кейін әкем, ал ең шетіне әжем тұрады» деп қиғылық салмасына кім кепіл? Әсіресе, көргенін көңіліне түйіп, жақсы мен жаманның ара жігін анықтай алмайтын жастағы балаларымыздың ал­дында осындай олқылықтар үшін қызарып қалмасақ екен.

Түйін

Бұл дертпен күреске толы күндер де өтер. Алаңсыз асыр салып, үйге кірмей, ойынның соңында жүрген балаңызға «ұрыспаймын» деп іштей серт беріп жүрсіз бе? Дауасыз дерттің беті қайтқан шақта, бұрынғы тірлігімізге де оралармыз. Ал, әзірше, жақыныңызға жанашырлық танытып, үйде болыңыз. Қолды жуып, шектеу шараларын сақтаңыз. Балаларыңыздың бос уақытының текке өтпеуіне септесіңіз.

Айтпақшы, сіздің балаңыз көксандықтан не көріп жүр?..

Гүлжан ӘМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған