Ұстаздыққа арналған жарты ғасыр

Ұстаздыққа арналған жарты ғасыр 1 Білім

Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған, оқушыларға толымды тәрбие беруден жалықпаған мерейлі де мейірімді ұстаздардың бірі – Ораз Ахмедияров. Ораздың ұстаздық жолға түспеуі мүмкін емес-ті. Өйткені, ол ұстаздар әулетінің үшінші буынына жатады. Атасы Фазли арабша оқыған, көзі ашық адам болыпты. Шағын үйінің тар бөлмесіне ауыл балаларын жиып алып, олардың сауаттарын ашып, оқытқан екен. Ал, әкесі Ахмедияр өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында Астрахан қазақ педагогикалық техникумын бітіріп, Теңіз ауданының балықшы ауылдарында мектептер ашып, басшы болған.

%d2%b1%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%b7%d0%b4%d1%8b%d2%9b%d2%9b%d0%b0-%d0%b0%d1%80%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d1%82%d1%8b-%d2%93%d0%b0%d1%81%d1%8b%d1%80Аудан орталығында жаз айларында ашылған қысқа мерзімдік курстарда сауатты жастарды оқытып, мұғалімдер дайындау ісіне де атсалысқан. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда Теңіз аудандық партия комитетінде нұсқаушы, шаруашылықтардағы бастауыш партия ұйымдарында хатшы, кейін ұстаздық қызметте болып, содан зейнеткерлікке шықты. Демек, Ораз Ахмедияровтың әулетінде ұстаздар сабақтастығының жалғасқанына бір ғасыр толып отыр. Осындай өнегелі отбасында туып-өскен Ораз жастайынан мұғалім болуды мақсат тұтты. 1962 жылы ол жүрек қалауымен Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтына  оқуға түсіп, 1966 жылы орта мектептің физика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты.Институт жолдамасымен алғашқы ұстаздық жолын Құрманғазы ауданындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып, қазақ, орыс сыныптарына қатар сабақ беруден бастады.  Бұл жалындап жанып тұрған жас маман үшін қызығы мен қиындығы бірдей ұлағаты мол ұстаздық жолдың алғашқы баспалдағы болатын. Сол 1966 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын абыроймен өткереді. Ауылға келген 1968 жылдың қаңтарынан бастап оны аудандық білім бөлімі Нұржау ауылындағы Ленин атындағы орта мектебіне физика пәнінің мұғалімі етіп жұмсайды. Үлкен мектеп, ұйымшыл ұжым, білікті де тәжірибелі басшы – бәрі де жас мұғалімнің қалыптасуына оң әсер етті. Мектеп директоры Бақтығұл Құспанов тәжірибелі ұстаз ғана емес, мықты психолог, шебер тәлімгер ретінде облыс, республикаға танымал бола білген кісі. Жас мұғалімнің білмейтінін үйретіп, бағыт-бағдар беріп, қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Сол сияқты, тәжірибелі ұстаздар Ғалым Сағындықов, Мәдениет Дүйсенов, Кашипа Қалменова, Қатима Құспанова, және басқалары да Оразға өнеге көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Жас келсе – іске» дегендей, Ораз, ең алдымен, физика кабинетін жасақтауға кірісті. Қажетті құрал-жабдықтардың тапшылығына қарамастан, ол аз уақыт ішінде оны жайнатып шығарды. Енді оқушыларға түрлі тәжірибе жасауға, көптеген нәрсені қолмен ұстап, көзбен көруге толық мүмкіндік туды. Бұрын аты бар да заты жоқ физика үйірмесі жас мұғалім Ораз келгеннен кейін жанданып, түрлі әсерлі кештер көптеп өткізіле бастады.

Ленин (қазіргі Нұржау) атындағы орта мектепте жұмыстас болған ағаларының бірі бүгінгі ұлағатты қария Мәдениет Харесовтың 70 жасқа толып отырған Ораз інісі жайында бізге былай дегені бар: «Ол тәлім-тәрбиені ең алдымен өз әкесі, тәжірибелі ұстаз Ахмедияр Фазлиевтен алса, одан кейін белгілі тәлімгер, КСРО-ның оқу ісінің үздігі, «Еңбек қызыл Ту» орденінің иегері, мектеп директоры Бақтығұл Құспановтан алды. Ораз көрсетілген сенімді ақтап, аз уақыт ішінде үлкен болашағын байқатты. Көп сөйлеуді білмейтін, ұқыпты, әдепті, таза киініп, таза жүретін жас мұғалім ылғи да шәкірттерінің бел ортасында оларға үлгі болатындай шаралар өткізіп жүретін. Шындықты жаны сүйетін ол алдында кім тұрса да өз пікірін ашық айтып, бүкпесіз ағына көшетін. Мектептегі көптеген шаралардың тыңнан бастау алуына себепші болды».

Одан әрі жас ұстаз Ораз Ахмедияров Атырау қаласына қоныс аударып, Амангелді атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметін жалғастырады. Араға төрт жыл салып, оқу ісінің меңгерушісі болып абыройлы еңбек етіп, шәкірттерінің сапалы білім алулары үшін бар күш-жігерін, білімін аямады. Төккен тер, көз майын тауысып, қағазға үңілген талай түндер өз нәтижесін беріп отырды. 1991 жылдан Жамбыл атындағы орта мектепке директор болып тағайындалған ұлағатты ұстаздың лауазымдық қызметі 2014 жылдың қазанына дейін ұласты. Тәжірибелі басшының талапшылдығы мен істі жете ұйымдастыруы нәтижесінде мектеп мұғалімдерінің білігі артып, педагогтар білімін жетілдіру бойынша облыста алдыңғы қатардан көрінді. Зейнеткерлік жасқа шықса да, әркез айналасындағы адамдарға көмек қолын созуға дайын тұратын, дархан жүректі адамгершілігі мол тұлға бүгінге дейін аталған мектепте педагог-ұйымдастырушы жұмысын абыроймен атқарып, физика пәнінен дәріс беруін жалғастыру үстінде. Осы бағытта шығармашылықпен де айналысып, аталмыш пәнді оқытудың проблемаларын жіті зерделеп, көптеген құнды еңбектер жазды. «Физика сабақтарында биофизика материалдарын пайдалану арқылы пәнаралық байланысты іске асыру» деген тақырыптағы баяндамасы 1989 жылы облыстық жаңашылдар мен шығармашылықпен жұмыс істейтіндер конкурсында жеңімпаз атанып, республикалық педагогикалық оқуда бас жүлдені қанжығасына байлады.

Білікті ұстаздың жаңа бағыттағы шығармашылық жұмыстарын республика көлемінде таныстыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми-педагогикалық орталығы «Ғылыми хабаршы» газетінің 1994 жылғы мамыр, шілде айларындағы кезекті сандарында «Мұғалімдердің шығармашылық лабораториясы» атты тақырыппен жариялады.

Бүгінде Орекең жұбайы Дариға екеуі – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, шаңырақ шаттығына кенеліп отырған жандар. Үлкен немересі Айжаны Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика факультетін бітіріп, ұрпақтар сабақтастығының жалғасы ретінде мұғалімдік қызметін бастауда.

Ұстаз еңбегі қашан да құрметті. Өз еңбегінің жемісін шәкірт бойынан көріп қуану тек ұстазға ғана лайық. Бойында қабілеті бар жастардың физика пәніне деген қызығушылығын арттырып, олардың өз мақсаттарына жетулеріне бағыт-бағдар сілтеуді парызым деп есептейтін ұлағатты ұстаздың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларының тұрақты жеңімпаздары атанды. Олардың ішінде Алия Фазлиева республикалық олимпиададан жүлдегер атанып, 1969 жылы Киев қаласында өткен Бүкілодақтық олимпиадаға қатысты. Сондай-ақ, А.Сейтешов, Г.Өтеғалиева, Н.Ахмедияров сияқты оқушылары республикалық пән олимпиадаларында өз бақтарын сынап, көтермелеу сыйлықтарына ие болды.

Бүгінгі күні Орекеңнің қырықтан астам шәкірті университеттер мен техникалық институттардың физика факультеттерін бітіріп, республикамыздың әр түкпірінде есімдері құрметпен аталатын білікті ұстаздар ретінде абыройлы еңбек етуде.

«Білікті ұстаз, физика ғылымының қыр-сырын жетік меңгерген, 50 жыл білім беру саласында еңбек етіп, ширек ғасыр мемлекеттік мекемеде басшылық қызмет атқарған Ахмедияров Ораз ағай жарты ғасыр өмірін бала тәрбиесіне арнап, қалтқысыз қызмет етті. Бұл – нағыз мақтанарлық игі іс. Ораз ағай қиын да күрделі физиканы білетін теориялық білімімен қатар, шешімі қиын есептерді шығаруға және зертханалық сабақтарды ұқыпты да нақты орындауға аса мән беретін. Біз де ағайдың әрбір сабағын ынта қоя тыңдап, өзімізге қажетті білімді дер кезінде ала білдік…» деп тебіреніспен әңгімелейді есімі республикаға танымал шәкірті Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы №10 орта мектебінің жоғары санатты физика пәнінің мұғалімі Роза Жүгінісова.

Тәжірибелі ұстаздың кеудесінде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісі және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі жарқырайды. Облыс, қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен және облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамоталарымен де марапатталып, «Атырау ұстаздары», «Білім саласының үздіктері» энциклопедияларына есімі енді.

Асқар  Ғұмаров,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз