Жарнама
Жаңалықтар

Маңызы жоғары мегажоба көптеген істің тетігін шешеді

Қазақстан тәуелсіз ел болғанмен, ондағы электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ал, жарықсыз күнді елестетудің өзі қиын. Сондықтан, бұл мәселенің басты шешімі атом электр станциясын салу екенін сарапшылар жиі айта бастады. Адамзаттың қуат көзіне сұранысын қамтамасыз ету үшін атом энергиясының баламасы жоқтығы анық байқалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында елдегі экономикалық басым бағыттарды атап өтіп, АЭС салу үшін референдум өткізуді ұсынған еді. Санаулы күндерден кейін халық тарихи шешім қабылдайды.

Осыған байланысты облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы «дөңгелек үстел» өткізген еді. Оған экономика ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қаржы және есеп кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлнар СҮЛЕЙМЕНОВА, «Атырау Жарық» АҚ президенті Мейірбек ҒҰБАШЕВ, Атырау энергокешені ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті физика және техникалық пәндер кафедрасының оқытушысы, магистр Абдуррахман БАҚТЫГЕРЕЕВ қатысты. «Дөңгелек үстелді» газеттің бас редакторы Назарбек ҚОСШИЕВ жүргізіп отырды.

– Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі неде?

Гүлнар СҮЛЕЙМЕНОВА, экономика ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қаржы және есеп кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

– Жаңа экономикалық саясат туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында да атап айтқан болатын. Экономикалық тұрғыда екшеп көрсек, сол маңызды құжатта көтерілген мәселелер биыл да жалғасып отыр. Яғни, Президент ақша-несие саясатына тоқталды. Атап айтқанда, коммерциялық банктердің құзыреті мен олардың бүгінгі таңдағы қызметі ашық айтылды. Демек, қаржы ұйымдарының да ел экономикасына жұмыс істейтін кезі жетті. Өйткені, күнделікті байқап жүргеніміздей, банктердің нақты секторға несие беру нормативтері жоғарылап, талаптары күшейген, қатаң шектеулер көп. Соның салдарынан кәсіпорындар өздерін дамытуға несие ала алмай отыр. Ол көптеген компанияның өркендеуіне тұсау болары сөзсіз. Мысалы, кейбір екінші деңгейлі банктердің заңды тұлғаға беретін несиесіне критерийлері мен пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Соның кесірінен, бизнеске берілетін кредит қолжетімсіз болды. Президенттің осыған айрықша тоқталуы да сондықтан деп ойлаймын. Себебі, банктерге капитализация жасалды, қиын-қыстау кезеңде көмек көрсетілді. Енді халыққа жәрдемдесетін шақ туды.

Елімізде банктер туралы заң осыдан отыз жыл бұрын қабылданыпты. Ал, уақыт өткен сайын заман талабы да өзгеретіні белгілі. Сол себепті, банк кодексі қабылданбақшы. Онда экономиканың нақты секторын дамытуға, төлем қабілеті төмен халықтың проблемасын шешу жолдары қарастырылады деген сенімдемін.

Сондай-ақ, биылғы Жолдауда жеке табыс салығына ерекше мән беріліп отыр. Қазір жеке табыс салығы 10 пайыз көлемінде қалды. Бұрын  200 мың теңге еңбекақыдан 10 пайыз, 300 мың теңгеден 12 пайыз жеке табыс салығы төленсе, кейін осы градацияны алып тастап, барлығы 10 пайызға ауысты. Президентіміз Жолдауда табыс көбейген сайын салықтың мөлшерлемесін арттыру жайына да тоқталды. Өйткені, мемлекеттік бюджет салықтан құралады. Міне, осыдан фискалды саясат туындайды. Ал, фискалды саясат дегеніміз – қазына қаражатын әр уақыт толықтырып отыру. Мемлекеттік бюджеттің шығысы жыл сайын көбейіп келеді.

– Жалпы биылғы Жолдаудың негізгі әрі басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру екені белгілі. Әрине, ол үшін экономиканы әртараптандыру қажет. Шетелден инвестиция тартылып, сөрелерде отандық өнімдердің қатары көбеюі тиіс…

Гүлнар СҮЛЕЙМЕНОВА:

– Ең алдымен, «әртараптандыру» терминіне тоқталайық. Мәселен, кішігірім кәсіпорын көйлек тігіп шығарады делік. Егер оның өнімі келешекте нарықта сұранысқа ие болмай қалса, ол банкрот болмай, өзінің қаржылық тұрақтылығын ұстап қалу үшін көйлектен басқа аяқ киім тігу цехын, басқа да тауарлар өндіруге немесе өңдеуге жұмыстануы қажет. Дәлірек айтқанда, экономиканың басқа да секторларын дамыту жағын ойлауы тиіс. Әртараптандыру дегеніміз – осы. Ал, Қазақстанның экономикасына келсек, бізде тек нақты сектор ғана дамып отыр. Яғни, мұнай мен газ. Ал, бізге жеңіл өнеркәсіп, ІТ технология секілді экономиканың барлық секторын өркендету қажет.

Мейірбек ҒҰБАШЕВ, «Атырау Жарық» АҚ президенті:

– Қазір бізде шағын, орта және ірі бизнестегі тариф бірдей. Бүгінде электр қуатының 1 кВ/сағаты – 25-26 теңге. Яғни, энергия станциядан шығып, желі арқылы таратылғанда, ол әр абонентке (жеке тұлға) 11 теңгеден сатылады. Ал, заңды тұлғаларға 34 теңгеден. Ірі өндіріс ошақтары – зауыт-кәсіпорындар бірыңғай сатып алушы арқылы көтерме рынокқа көшті. Олар кеткеннен кейін заңды тұлғаларға күш түсіп отыр.

Мұнайшылар, ірі кәсіпорындардың барлығы қазір көтерме нарықта. Яғни, олар бірыңғай сатып алушыдан сатып алады, тасымалдаушыларға ғана төлейді. Сол себепті, тарифі төмен. Сондықтан, заңға өзгеріс керек деп есептеймін.

– Иә, баға қымбат болғандықтан, тұтынушылар қолжетімді өнім іздейді. Сондықтан, Президент елде электр энергиясына тапшылық болдырмас үшін атом электр станциясын салу мәселесіне айрықша назар аударды. Тіпті, референдум күні де бекітілді. Әрине, мәселенің нақты нүктесін халық қояды. Ал, осы АЭС атыраулықтарға несімен тиімді?

Мейірбек ҒҰБАШЕВ:

– Тұрғындар біздің тарифті қымбат деп есептейді. Шындығында, көршілес Батыс Қазақстан облысында 1 кВ/сағат жарықтың бағасы – 25 теңге. Елімізде тарифті теңестіру саясаты бар. Яғни, барлық өңірде баға бірдей болуы тиіс. Біз біртіндеп осыған жетеміз, сол кезде заңды тұлғаларға да жүк артылмайды.

Баршаға белгілі, жаз айларында электр энергиясына тапшылық болады. Дәл сол кезде станциялар да жөндеуге тұрады. Мұндайда Маңғыстау, Атырау облыстарында жазда салқындатқыш жүйелер қосылып, желіге шектен тыс күш түседі. Осындай қиындық туындағанда біз қуатты жүйелік оператордың көмегімен көрші Ресейден алуға мәжбүрміз. Ол кезде әрине, ақшаның бәрі сыртқа кетеді. Нақтырақ айтсақ, импортқа тәуелдіміз.

Екінші мәселе тағы бар. Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміздің батыс аймағы (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары) бөлек энергожүйемен қамтылады. Яғни, Қазақстанның орталық бөлігіне қосылған әуе желілері жоқ. 2027 жылға дейін «KEGOC» жүйелік операторының жоспарына сәйкес, Ақтөбе мен Атыраудағы Қарабатанда қосалқы станциялар салынып, екі ортасына кернеуі 500 килоВольттық әуе желісі жүргізіледі. Сол кезде орталық жүйеге толықтай қосылады. Бұл кезде Екібастұздағы МАЭС-1-ден өндірілген электр қуаты Ақтөбе арқылы бізге де жетеді.

Бірақ, ең бастысы, атом электр станциясы экология мәселесін шешеді. Себебі, екібастұздық станциялар көмірмен жұмыс істейді. Ал, оның қоршаған ортаға әсері шаш етектен.

Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ, Атырау энергокешені ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Кеңес Одағы тұсында энергетика мәселесі алдыңғы кезекте тұратын. Экономиканың басқа секторы дамуы үшін электр энергетикасы негізгі база саналды. Сол мақсатта электр орталықтары салынды. Мысалы, Екібастұзда сол кездегі жоспар бойынша әрқайсысының қуаты 4 мың мВ болатын 4 электр станциясы салынуы, сонда олардан өндірілетін жиынтық қуат – 16 мың мВ болуы тиіс еді. Бірақ оның екеуі ғана, 4000 мВ болатын МАЭС-1 және 1000 мВ-тық МАЭС-2 ғана салынды. Ал, егемендік алған соң электр станциясын салуға мемлекетте қаражат болған жоқ. Сол резервтер бізге 30 жылға жетті.

Әрине, тоқсаныншы жылдардың аяғында экономика күрт әлсіреп кетті. Көптеген өндіріс ошағы тоқтап, елдің жағдайы нашарлады. Соған байланысты, электр энергиясын тұтыну 80-85 миллиард кВ/сағаттан 60 млрд. кВ/сағатқа дейін азайды. Сөйтіп, қуат көздері бізге 30 жылға жетті. Ал, соңғы кезде экономика өркендеген сайын электр қуатына тапшылық туындай бастады. Сондықтан, АЭС салу мәселесі пайда болды.

Ең бастысы, АЭС салынса экология мәселесі шешімін табады. Қазір жылу электр орталықтары органикалық отын тұтынып отыр. Ал, одан шығатын түтін – көмірсутегі, азот тотықтарының зияны қандай екенін бәріміз де жақсы білеміз. Оның үстіне, жылу жерде қалып, табиғаттың тепе-теңдігі сақталмай тұр.

Сондай-ақ, Қазақстанның алған міндеттемесіне сай, 2060 жылға дейін елімізде көмірсутегі шығарылмауы тиіс. Жалпы, көмірді жағуды азайту қажет. Қуат алудың негізгі көзі – АЭС. Ал, қазіргі дамыған ғылым мен озық технологияларды ескерсек, жаңадан салынатын АЭС-тің қауіпсіздігі жоғары болады деп ойлаймын. Экология жағынан да оның зияны жоқ.

Әрине, көпшілік жиі айтып жүрген бұрынғы Фукусима мен Чернобыльде болған апаттар атом электр станцияларының бірінші буыны болып есептеледі. Қазір 3 және 3+ буын жұмыс істеп тұр, енді төртінші буын салынбақшы. Бүгінде сол кездегі кемшіліктер ескеріліп, қауіпсіздік жағы қарастырылған.

– Десек те, кейбір сарапшылар Италия, Испания, Германия, Франция секілді әлемнің дамыған елдері атомнан бас тартып жатқанын жиі қозғап жүр. Яғни, олар халыққа басқа да тиімді әрі оңтайлы жағын қарастырыпты. Осы пікірге алып-қосарларыңыз бар ма?

Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ:

– Менің білуімше, АЭС-тен Германия ғана бас тартты. Себебі, олардың электр балансында АЭС-тен шығатын қуат – 2 пайыз. Оларда жел, күн, көмірмен, газбен жұмыс істейтін станциялар көп. Сондықтан, олар бірінші болып атом электр станцияларын тоқтатты. Себебі, бірінші буын болғандықтан, қауіпсіздік жағы төмен.

Меніңше, олар алдағы уақытта АЭС-ті қайтадан салуға мәжбүр болады. Өйткені, бұл елдің де табиғатқа зиянды қалдықтар шығармау жөнінде міндеттемелері бар. Дамыған мемлекетке электр энергиясы аса қажет деп есептеймін.

Негізі, атом электр станциялары мен жылу электр станцияларының арасында бір ғана айырмашылық бар. Біз бу шығаратын қазандар арқылы суды буға айналдырамыз. Ол турбинаға барады. АЭС-те бу қазандарының орнында атом реакторлары тұр. Қарапайым тілмен айтсақ, бізде жылу электр орталықтарында  ыссы су беріледі, ол да екі контурлы болып есептеледі. Яғни, үйге келетін су жылу батареяларындағы сумен араласпайды. Ол кейін жылу электр орталығына кетеді.

Оның үстіне, қазір АЭС қалдықтары қайтадан қолданылып жатыр. Ресейде Белоярск атом электр станциясы бар. Олар басқа АЭС-терден шығатын реакторларды қайтадан толықтырып, қуаттап кері пайдалануға жібереді. Бұрынғыдай радиоактивті қалдық жерге көмілмейді.

– Оған біздің мамандарымыз жеткілікті ме? АЭС-те жұмыс істей алатын білікті кадрлар бар ма?

Абдуррахман БАҚТЫГЕРЕЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті физика және техникалық пәндер кафедрасының оқытушысы, магистр:

– Әрине, оған бізде мамандар жеткілікті деп айта аламын. Себебі, Қазақстанда Ядролық физика институты жұмыс істейді. Сондай-ақ, АЭС құрылысымен айналысатын компаниялар болашақта сол құрылғыларда жұмыс істейтін мамандарды өздері оқытады. Мұндай тәжірибе әлемнің барлық елінде бар. Өйткені, заманауи технологияны қондырғы, құрылғы және реакторларды шығарушы кәсіпорындар жақсы біледі. Бүгінде бірнеше зауыт осындай принциппен жұмыс істейді. АЭС салынып жатқан кезде 10-15 жыл бойы кадрлар даярланады. Келісім-шартта солай қарастырылады.

Негізі, АЭС-тің тиімділігі өте жоғары. Ол күкірт диоксидін шығармайды. Радиоактивті қалдықты химиялық тұрғыдан қайтадан өңдей аламыз.

Бізде де АЭС-тің бірнеше буыны бар. Білуімізше, Қазақстанда үшінші (3+) буын салынбақшы. Ал, Чернобыльде бірінші буын салынған. Біздің елдегі АЭС-те энергия өндіру жағынан тиімді әрі қауіпсіз болады. Тағы бір ерекшелігі – АЭС-тің үшінші буыны апат болған жағдайда барлығын блоктайды. Автоматтандырылған жүйеге қосылған қауіпсіздік аппараты ақау болған кезде бәрін тоқтатады.

– Жақында осы тақырыпты зерделей отырып, халықаралық мамандардың мынадай пікірін оқыдық. Айталық, АЭС-тің белгілі бір уақытқа пайдаланатын мерзімі бар. Яғни, реакторларды 30-40 жылдан кейін жою қажет. Ол үшін АЭС-ті салған қаржының төрттен бірі жұмсалады екен. Біздің ондай мүмкіндігіміз бар ма?

Мейірбек ҒҰБАШЕВ:

– Өздеріңізге белгілі, көршілес Маңғыстау облысында МАЭК бар. Ондағы қондырғылар белгілі бір мерзімге жұмыс істеп, кейін толықтай салқындатылып қызметін тоқтатты. Сосын ол Өскемендегі арнайы аумаққа апарылып, жойылды. Бүгінде орны тазартылды. Келешекте ол жағы да қарастырылады деген сенімдемін.

Қазір Дубайда Оңтүстік Корея компаниясы АЭС салып жатыр. Мұндай жұмыстар Моңғолия, Қырғызстанда да басталған.

Біздің түйін:

Атырау облысында электр қуатын өндіретен 7 мекеме бар екен. Энергия көздері KEGOC компаниясының жоғары кернеулі және «Атырау  Жарық» акционерлік қоғамының желілері арқылы жеткізіледі екен. Ендігі мақсат – осы желілерге қуат көзінің тұрақты жетуі. Ал, бұл мәселенің соңғы нүктесі санаулы күндерден кейін қойылады.

Редакция бастамасымен ұйымдастырылған «дөңгелек үстелге» қолдау білдірген «Атырау Жарық» АҚ ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз.

Жазып алған Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ  

Коллаж автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button