
Маңғыстаудың тұңғыш генералы
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Сағындық Күзембайұлы Аяғанов Президент қолынан генерал шенін алған тұңғыш маңғыстаулық офицер. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сағындық Аяғановқа «генерал-майор» әскери шені берілді. Айрықша қуанышты сәт — еліміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі офицерге генерал шенін салтанатты түрде табыстады.
Сағындық Аяғанов — Маңғыстау өңірінен шыққан тұңғыш генерал. Ол — қазақтың көрнекті қаламгері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев білім алған мектептің түлегі. Жоғары шенге ие болған офицер Үштаған ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауылдан шығып, әскери қызметтің шыңына жеткен Сағындық Күзембайұлының өмір жолы — бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге.
Жауапкершілігі мол қызмет жолында ол әділеттілік пен кәсібилікті ту етіп, құқық қорғау және әскери құрылымдарда абыройлы еңбек етті. Мемлекет мүддесіне адал қызмет еткен офицердің еңбегі осылайша ел Президенті тарапынан жоғары бағаланды.
–Бұл – мен үшін үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Ел Президентінің қолынан генерал шенін алу – кез келген офицердің арманы. Осы сенімді ақтау жолында адал еңбек ете беремін, -деді Сағындық Аяғанов марапаттау рәсімінен кейін.
Салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы генерал атағын алған азаматтардың ерен еңбектерін атап өтіп, оларға Отанға қызмет етудің маңызын ерекше айтты.
Маңғыстаудың тарихында тұңғыш рет генерал шенін алған тұлғаның есімі өңірдегі әскери-офицерлік мектептер мен жастар ұйымдарында кеңінен насихатталатын болады.
Майра ЕРҒАЛИ