«Мұнайшы барысы» кім?

tmararaa Жаңалықтар
Contents
  1. Atr.kz/27 тамыз, 2019 жыл. Биыл Қазақстан мұнайына 120 жыл толып отыр. Халық арасында «мұнайлы астана» аталып кеткен өңірімізде осы атаулы мерейтойға орай сан түрлі бағытта шаралар өткізілуде. Осындай шаралар өткен аптаның жұма және сенбі күндері «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан да ұйымдастырылды. Алғашқы күні «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты алты өндірістік құрылымдық бөлімшенің қызметкерлері арасында қазақ күресінен «Мұнайшы барысы» турнирі өтсе, ертеңіне аталмыш компанияға қарасты бөлімше мұнайшылары салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген велошеруге қатысты.
  2. БОЗКІЛЕМДЕГІ БЕЛДЕСУЛЕР
  3. СЕРГЕКТІК СЫЙЛАҒАН ВЕЛОШЕРУ
  4. Мұратбек ЖАҢАБАЙ
  5. Марат ОРАЗАЛИЕВ, «Ембімұнайэнерго» бөлімшесінің электромонтері, ультрамарафоннан Қазақстан чемпионы, кросфитт бапкері:
  6. Анар ҚҰРМАНОВА, «Жылыоймұнайгаз» ӨБ өндірісті автоматтандыру бөлімінің қызметкері:

Atr.kz/27 тамыз, 2019 жыл. Биыл Қазақстан мұнайына 120 жыл толып отыр. Халық арасында «мұнайлы астана» аталып кеткен өңірімізде осы атаулы мерейтойға орай сан түрлі бағытта шаралар өткізілуде. Осындай шаралар өткен аптаның жұма және сенбі күндері «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан да ұйымдастырылды. Алғашқы күні «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты алты өндірістік құрылымдық бөлімшенің қызметкерлері арасында қазақ күресінен «Мұнайшы барысы» турнирі өтсе, ертеңіне аталмыш компанияға қарасты бөлімше мұнайшылары салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген велошеруге қатысты.

БОЗКІЛЕМДЕГІ БЕЛДЕСУЛЕР

Жайық өзенінің жағасында орналасқан «Жайық» мәдени-спорттық кешеніне жиналғандардың қарасы көп болды. Кешеннің іші халықаралық қазақ күресі федерациясының ірілі турнирлерді өткізу шартына сәйкес сәнденіп, ортаға үлкен бозкілем төселді. Кілемнің екі қапталына екі ақшаңқан киіз үй орнатылып, әр отаудың алдында ұлттық нақышта киінген қазақтың қаракөз қыздары киіз үйден шығар палуандарды белдесер орынға дейін қолпаштап баруға дайын тұрды.

Жарыстың салтанатты ашылуында көпшілік алдына «Еділ-Жайық» әнінің әуені мен Құрманғазының «Адай» күйін домбыра, қобыз және скрипкада әуелеткен «Еркеназ» триосы шығып, жиналғандарды ерекше әсерге бөледі. Осыдан соң, ел тарихында тұңғыш рет өткізілгелі тұрған «Мұнайшы барысы» бәсекесінде белдесетін 22 палуан қаз-қатар тізіле ортаға шығып, «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков боз кілемде бақтарын сынағалы тұрған мұнайшыларға сәттілік пен жеңіс тілей келе:

– Біз бұл турнирді Ембі өндірісін игеруге алғашқылардың бірі болып атсалысқан, жасампаз еңбектерімен қиындықтарды жеңе білген ардагер мұнайшылардың құрметіне арнаймыз, – деді.

Одан әрі спортшылар жеребе тарту арқылы өздерінің қарсыластарын анықтап, салмақ мөлшерлерін білісті. Кілем төріне алдымен «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ кен өндіру басқармасының қос қызметкері Ерлан Амангелдиев пен Ахметжан Торпақов қасқыр терілерін иықтарына асына шығып, бір-бірін барлай белдесу нәтижесінде Ерлан Амангелдиев ұпай санымен ұтты.

Келесі кездесуде «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ «Терең өзек» мұнай және газ өндіру цехының операторы Аманжан Марксов қарсыласы Ботахан кен орнының операторы («Доссормұнайгаз» МГӨБ) Болат Ахановты тамаша тәсіл қолдану арқылы таза жеңсе, енді бірінде жылойлық Нұржан Айдарәлиев қайнарлық Райымбек Самаевқа есе жіберді. Бұлардан соң бозкілемге самбодан спорт шебері, ардагерлер арасында өткен Әлем чемпионатында қола медалді иеленген Аян Тайжанов шықты.

«Қайнармұнайгаз» мұнай-газ кен өндіру басқармасында мұнай дайындау және айдау цехының шебері болып қызмет атқаратын танымал спортшы қайнарлық әріптесі Дәурен Құлқайыровпен сынасып, Аян өзінен салмақ жағынан едәуір үлкен жұптасын 24 секундта алып ұрды. Әдемі орындалған әдіс көрермендердің делебесін қоздырып, кешен іші қиқу мен қолдауға толды. Олар бұдан кейінгі шыққан әр жұпты бірден топтаса демей кетіп, кілем үстіндегі палуандарды рухтандырып, бойларына жеңіске деген сенімділіктерін нықтай түсті.

Осы себепті күрес алаңындағы әр белдесу тартыс пен қызыққа толы күйде жалғасты. Жеңілгені топтан шығатын әдіспен күрескен жігіттер іріктеле келе ақтық сынға шығу айқасының бірінші жұбында қайнарлық Ерлан Амангелдиев пен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ операторы Мұхаммедрахим Оралбеков күресті. Текетіреспен өткен белдесу нәтижесінде самбодан жастар арасында әлем чемпионы деген атағы бар аққыстаулық Мұхаммедрахим Оралбеков кезінде дзюдо күресінде талай топ жарған Ерлан Амангелдиевтен ұпай санымен ғана басым болды.

Ал, екінші жұпта құлсарылық Жаңабай Мұхтаров пен қайнарлық Аян Тайжанов кездесті. Осыған дейінгі кездесулерінде жасындай жарқыраған жылыойлық жас өрен де спорттан құралақан емес екен. Бүгінгі күні ол самбодан спорт шебері. Бабында тұрған балғын жігіт ардагер самбошымен болған сында да тамаша ойын өрнегін көрсетті. Дегенмен өмірлік тәжірибесі мол тарлан спортшы кездесу тізгінін өз қолына алып, бұл бәсекеде жеңімпаз атанды.

Осылайша, финалға Аян Тайжанов пен Мұхаммедрахим Оралбеков сынды қос мықты шығып, төреші ысқырығы шалынар-шалынбастан аққыстаулық әлем чемпионы тізесін жарақаттап алды. Осыған орай, бабында белдесе алмасын білген ол әрі қарай күресуден бас тартып,

Аян Тайжанов жеңіс тұғырының жоғары сатысына көтеріліп, дүбірлі доданың бас жүлдесін жеңіп алды. Марапаттау рәсімінде «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков Аян Тайжановқа 250 мың теңгелік сертификатпен қоса «Мұнайшы барысы» белдігін табыстады. Ал, екінші сатыдан көрінген Мұхаммедрахим Оралбеков 150 мың теңге иеленсе, үшінші орынды қанжығаларына байлаған Ерлан Амангелдиев пен Жаңабай Мұхтаровтың әрқайсысына 100 мың теңгелік сертификат ұсынылды.

СЕРГЕКТІК СЫЙЛАҒАН ВЕЛОШЕРУ

Мерейтой құрметіне өткізілген жаппай велошеруге «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты барлық өндірістік құрылымдық бөлімшенің және орталық басқару аппаратының 150-ден астам қызметкерлері қатысты. Біркелкі ақ жейде киінген велошабандоздар шеруге шығарда «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы сөз алып, ұйымдастырылып отырған бес шақырымдық велошеру салауатты өмір салтын ұстануды насихаттаумен қатар, ғасырға жуық уақыт бойы еліміздің жарқын болашағы мен дамуы үшін «қара алтынды» тауып өндірген барлық ембілік ардагер мұнайшылардың құрметіне арналатындығын жеткізді.

Осыдан соң, басқарма төрағасының өзі қос дөңгелекті көлікке мініп, шерушілер легі «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінің алдынан бастау алып, қаламыздағы Уәлиханов – Махамбет – Баймұханов көшелері бойымен жүйітки отырып, топтаса бас кеңсе алдына кері оралды. Қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен сергектік сыйлаған бұл шеруге жас мамандармен қоса, зейнеткерлік жасқа таяп қалған қызметкерлер де атсалысты. Шара соңында велошерушілерге басқарма тарапынан алғыс айтылып, барлығы ескерткіш суретке түсті.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

*Мәреден кейінгі ой

Марат ОРАЗАЛИЕВ, «Ембімұнайэнерго» бөлімшесінің электромонтері, ультрамарафоннан Қазақстан чемпионы, кросфитт бапкері:

– Бүгінгі велошеру өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Мұнайшылар болып топтаса шеру жүргізгенімізден көл-көсір әсер алдық. Мұндай шаралар адамға ерекше шаттық сыйлайды екен.

Анар ҚҰРМАНОВА, «Жылыоймұнайгаз» ӨБ өндірісті автоматтандыру бөлімінің қызметкері:

– Велошеруге қатысу арқылы бір сәтке сергіп қалдық. Осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса, жұмыс өнімділігі артып, қызметкерлер арасында бірлік, ұйымшылдық орнайды деп ойлаймын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз