Мамандық алады, әрі тіл үйренеді

Мамандық алады әрі тіл үйренеді Білім

Елбасы Жолдауында, әсіресе, білім беру саласына ерекше көңіл бөлінген. Осы орайда біздің колледжде жүктелген міндеттердің жүзеге асуы жолында нақты қадамдар бар.

Мамандық алады, әрі тіл үйренеді

Мәселен, цифрлық технологияны дамыту бағыты бойынша колледж қызметкерлері мен оқытушыларының ІТ құзыреттілігін арттыру жоспарланып, оқу үрдісінің барлық процестеріне автоматтандыру жүйесін енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілмек.

Білім берудегі реформаларды жүзеге асыру оқытушының біліміне, біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан, жаңа оқу жылынан бастап облыста бес колледжде жаңартылған білім беру мазмұны енгізілді. Соның ішінде біздің колледж – облысымыздағы жаңартылған бағдарлама мен білім беруге бағытталған, яғни модульдік оқытуға эксперимент алаңы бар оқу орны. Инженер-педагог кадрларына арналған «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа формациядағы педагогы» тақырыбы аясында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 22 оқытушы біліктілігін арттыру курстарынан өтуде, бұл үрдіс алға қарай да жалғасын таба бермек.

Биыл жаңартылған бағдарлама бойынша оқу үрдісі жаңа жүйеге көшеді. Несиелік оқыту технологиясын енгізуге қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Аталған технологияны енгізу үшін колледждің 17 қызметкері арнайы курстан өтті. Бүгінгі күні колледждің бес оқытушысы республикалық деңгейде тренер атанып, облысымыздағы басқа оқу орындарының инженер-педагог кадрларының біліктілігін арттырып, оқытуда.

Елбасы қашан да мемлекеттік тілдің дамуына ерекше мән береді. Биылғы Жолдауында да қазақ тілінің өрісі кеңейе түсуіне басымдық берген. Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ топтарының үлесі колледжде 30 пайызға да жетпейтін еді. Ал, қазір 64 пайызды құрайды.

Студенттердің халықаралық жобаларға, пәндік олимпиадаларға қатысуы өз білімдерін шыңдауына және ең маңыздысы ағылшын тілін еркін білуіне септігін тигізіп отыр. Ағылшын тілі – әлемнің кілті. Сол себепті, студенттерге осы халықаралық тілді меңгертуге күш салатын боламыз. Осы оқу жылында колледж оқытушылары мен студенттеріне «Exхon mobil» компаниясының қаржыландыруымен тегін ағылшын тілін үйрету курстары ұйымдастырылды.

2019 жылдан бастап мектептерде төрт пән – физика, химия, биология және информатика   ағылшын тілінде оқытылады. Біз де осы үрдіске қызу дайындалып жатырмыз. Бұл бағытта да колледж келесі оқу жылынан бастап «Есептеу  техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету»  мамандығы бойынша ағылшын тілінде білім беруді жоспарлап отыр, сабақ беретін оқытушылар  арнайы курстан өткізіледі.

Жанат Кереева,

С.Мұқашев атындағы Атырау

политехникалық колледжінің  әдістемелік кабинет меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз