МАЛ ДӘРІГЕРЛІК ҚЫЗМЕТ АҚСАП ТҰР

Атырау облыстық ветеринария басқармасының қызметі әлі де талапқа сай келмейді. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында аталмыш басқармаға осындай баға берілді. Құрылғанына жарты жылдан асқан басқарманың тындырған ісі мардымсыз. Басқаны былай қойып, жануарлар арасында кеңінен асқынған бруцеллез, аусыл секілді аса қауіпті жұқпалы аурулардың ошағын жою жолында ауыз толтырарлықтай іс тындырылмапты.

 

Әлі күнге дейін мал саны нақты анықталмаған аймағымызда қаражат жағынан қымбатқа түспейтін малды сырғалау ісі де сын көтермей тұр. Атырау облысы ветеринария басқармасының басшысы Нұрбай Абдрахмановтың жемқорлыққа қарсыатқарып жатқан жұмыстарын баяндағанбаяндамасынан соң, аталған қоғамдық кеңес төрағасы Сайын Қуанышев жергілікті билік үміт артып, өз алдына басқарма болған ветеринария саласында атқарар істің әлі де көп екендігін ескертті. Сауалдарына мардымды жауап ала алмаған кеңестің өзге де мүшелері ақсап тұрған сала жұмысын басқарманың қадағалап, үйлестіруге міндетті екендігін сөз етті.

Басқосуда белгілі болғандай, ветеринария саласының өткен жылы екі, ағымдағы жылы үш қызметкері сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын әрекеттер жасағаны үшін тәртіптік жазаға тартылса, тағы бір заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір медицина қызметкері теріс әрекеті үшін қызмет орнынан босатылыпты. Облыстық прокуратура органдарының қадағалауы нәтижесінде мәлім болған бұл ақпараттарды Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясы басшылығы тарапынан жол берілген сыбайлас жемқорлық әрекеттері толықтырады. 

Сондай-ақ, жиын барысында ветеринария саласына бөлінген қаржыны жымқырып, мақсатсыз пайдаланғандарға байланысты біраз ақпараттың басы ашылды. Аталмыш саладағы «қызмет көрсету сапасы мен бюджеттік қаражаттың игерілуіне бақылау жасау қажет» деп қорытындыға келген кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз