«Nur Otan»: «Есіктен –есікке» акциясы Атырау қаласында жалғасын тапты

img 20201223 wa0104 Жаңалықтар

«Nur Otan» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Есіктен – есікке» акциясы Атырау қаласында жалғасын тапты. Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы аясында партия атынан Атырау қалалық мәслихатына үміткерлер тұрғын үйлерді аралап, сайлаушылармен кездесті.

«Есіктен – есікке» акциясы үміткерлердің сайлаушылармен еркін форматта жүздесіп, партия бағдарламасын кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді. Үміткерлер Әділбек Тұрдалиев, Айжан Сәрсембаева, Досжан Болатбекұлы, Рафаэль Хабиров ең алдымен Атырау қаласындағы «Лесхоз» шағынауданы 17-үйдің тұрғындарымен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

  •  Пандемияның орын алғанына қарамастан, «Nur Otan» партиясы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін бар күшін салады. Біздің бағдарламада алдағы 5 жылда Атырау қаласында атқарылуы қажет жұмыстар толық көрініс тапқан. Оның ішінде өзгерістер жолында әр азаматқа лайықты өмір салтын қалыптастыруда 17 басымдыққа айрықша мән берілді. Білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларын дамыту да алға қойылып отыр. Бұдан басқа, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуді күшейтудің шаралары қамтылды. Яғни, ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құруға басым назар аударылады. Бұл міндеттерді бірлесе отырып іске асыруға дайынбыз, – деген Айжан Сәрсембаева тұрғындарды кездескен қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жету үшін 10 қаңтарда өтетін сайлауда дауыс беруге үгіттеді.

Үміткердің бірі Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназиясының директоры Досжан Болатбекұлы бүгінде мектеп оқушылары арасында кейбір балалардың өз тілінде еркін сөйлей алмайтынына қынжылатынын айтты.

  • Ел болашағы – жас ұрпақ өз ойын ашық, әрі еркін айта білуі тиіс. Қазақтың сөздерінен әдемі өрнек құрай білуі керек. Сондықтан, мектептерде айтыс өнері мен ораторлық шеберлікті дамытатын дебат орталықтарын ашқым келеді, – деді ол.

Сонымен қатар, үміткерлер тұрғындардың мәселесіне де құлақ түрді. «Лесхоз» шағынауданының тұрғындары Сәрсенбай Сұлтанов пен Алтынай Бисембаева бүгінде балалар тәрбиесіне басымдық беруде өз ұсыныстарын білдірді.

  • Біздің тұрғылықты жерге балалар ойын алаңқайы салынса дейміз. Өйткені, сабақ уақытынан кейін балалардың далаға шығып, алаңдарда ойнауына мүмкіндік жоқ. Олар уақытын құр өткізбеуі үшін осы жерде жаттығу және ойын алаңдары жасақталса екен. Бұдан басқа, қоқысты сұрыптау кешені қолға алынғаны жөн, – деді А.Бисембаева.

          Одан әрі үгіт-насихат жұмыстары Құрсай ауылында жалғасты. Үміткерлердің жұмысына сәттілік тілеген тұрғын Тұрсынгүл Идирисова құрсайлықтарды Атырау мұнай өңдеу зауытынан шыққан түтіннің жағымсыз исі мазалайтынын айтты. Сонымен қатар, өзі тұратын №3 көшеде жарық шамдары орнатылмағанын алға тартып, «мұндай мәселелердің түйіні шешілсе» деген ұсынысын ортаға салды.

«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Атырау қаласының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз