БІРЛІКТІҢ БЕРІК БАЙЛАМЫ

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толды. Соған байланысты Елбасының Жарлығымен 2015 жыл –Ассамблея жылы болып жарияланды. Жақында ғана атаулы жыл аясында Қазақстан халқының бірлігі күні де өзіндік сән-салтанатымен атап өтілді.

 

Осынау мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ассамблеяның құрылып, қалыптасуына, сол арқылы қоғамда ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықтың берік орнығуына, достық пен ынтымақтастықтың нығаюына айрықша үлес қосқан адамдарды «Қазақстан халқы Ассамблеясына-20 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттау туралы Жарлығы шыққан-ды.

Кеше облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мерейтойлық медалға ұсынылған атыраулықтардың бір тобына марапаттарын салтанатты жағдайда табыстады. Олардың арасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, облыстық Мәслихаттың хатшысы Сағындық Лұқпанов, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Еркін Қадырғалиев, облыстық Ішкі саясат, Мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармаларының басшылары Әсия Қыстаубаева, Алтынбек Нысанғалиев, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Серік Биғамбаев, т.б.бар.

Президент атынан осы наградаларды иелеріне табыстаған аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тұрақтылықтың сақталуына кепілдік беретін ұлттар достығы мен қоғамдық келісім, ел бірлігін баянды ету жолындағы ізгілікті істер мен игілікті шаралардың жалғасын таба беретіндігіне сенімділігін білдірді.

Марапатталушылар атынан сөз алған облыстық ардагерлер ұйымының басшысы Қатимолла Ризуанұлы өздеріне көрсетілген құрметке рахметін айтты.

Ассамблея жылына орай мерейтойлық медалға ұсынылған атыраулықтардың тағы бір тобына марапаттарын облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева тапсырды. Мұнда да ұзақ жыл мемлекеттік қызмет органдарында жемісті еңбек етіп, түрлі салаларда басшылық жасаған Рәшила Мүрсәлиева, Нұржиян Абдолова, Сәуле Лұқпанова, Жайлы Өмірбекова және басқа да есімдерін ел білетін апаларымыз алғашқылар қатарында кеуделеріне «Ассамблеяға-20 жыл» мерейтойлық медалін тақты. Наградаларды табыстаған аймақ басшысының орынбасары Айгүл Теміртасқызы жылы лебізді сөздерін арнады. Марапат иелерінің бірі Нұржиян Абдолқызы да мұндай наградалардың жақсылыққа жетелеумен қатар жоғары жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.

Соңынан марапаттау рәсімі қаладағы «Қоғамдық келісім» КМК-нда  (Достық) үйінде  жалғасын тапты. Бұнда да Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелері болып табылатын облыстағы ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілеріне мерейтойлық медальдар салтанатпен табыс етілді.

 

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз