МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ МАҚАТ АУДАНЫНЫҢ ЖАҢА ӘКІМІНЕ БІРҚАТАР ТАПСЫРМА БЕРДІ

screenshot 20220306 135201 Жаңалықтар

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданының жаңа әкімі Ринат Ибрагимовті аудан активіне таныстырған соң оған ауданды одан ары дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді», – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Мақат ауданы мұнай-газ саласына мамандандырылған, облыста өзіндік орны бар, өндірістік өңірлердің бірі екенін атап өткен облыс әкімі ауданды көркейту, абаттандыру бағытында көптеген жұмыстар жасалғанын соған қарамастан алда тұрған міндеттер де жеткілікті екенін атап өтті.

«Жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі. Осыған байланысты облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауданның жұмыссыз азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту шараларын жалғастыруды тапсырамын. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында көпқабатты және жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін бөлінген жерлерге инженерлік – инфрақұрылым тарту жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажет. Келесі мәселе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы басты назарда болуы тиіс»,-деген аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов ауданда білім беру және денсаулық сақтау саласында мамандар тапшылығын шешуді тапсырды.

Ауданның тазалығына қатысты қажетті жерлерге қоқыс алаңдарын салып, бар алаңдарды қоршап, оны күтіп-ұстап, қосымша қоқыс жәшіктерін көбейтуді жүктеді.

Сондай-ақ ауданда құқық қорғау қызметкерлері тапшы екеніне тоқталған өңір басшысы «Ауданда қылмыс саны да артып отыр, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету басты міндетіміз болуы тиіс. Осы мақсатта Облыстық Полиция департаментімен бірлесіп, тиісті жұмыстарды қолға алу қажет. Осы және өзге де жұмыстарды аудандық депутаттармен, халықпен бірлесіп істеуге шақырамын»,-деді.

Ауданның бұрынғы әкімі Шәкір Кейкінге екі жарым жылдың ішінде  ауданның әлеуметтік-экономиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін алғысын білдірді.  

«Шәкір Кейкінұлы қызмет еткен кезеңде Мақат кентінде салалы спорт кешені, Газовик шағын ауданында алаңдар құрылысы аяқталды.
Аудан халқын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысын жүзеге асырып келеді. Доссор кентінде 60 пәтерлік 1 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Мақат кентінен 3 қабатты 60 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, биыл пайдалануға беріледі»,-деген облыс басшысы өзге де жұмыстарға тоқталды.

Оның сөзінше, ауданда инженерлік-инфрақұрылымды дамыту мақсатында Мақат кентінде кәріздік-тазарту имаратының құрылысы аяқталса, Доссор кентінде кәріз желісін салу жұмыстары аяқталуда. Сондай-ақ кентте 280 орындық балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп, кенттегі аллеяны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Мақат кентінде вокзал маңына арнайы автотұрақ, тратур жөнделіп пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Мақат кентінде 15 шақырым көше жарықтарын жүргізу жұмыстары кентішілік 5,6 шақырым автокөлік және 3,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз