Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады
Atr.kz/15 қаңтар, 2020 жыл. 120 жыл бұрын Қазақстанның алғашқы мұнайы өндірілген Мақат ауданы соңғы кезеңдерде қарқынды дамып келеді.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов аймақ бойынша алғашқы сапарын осы Мақат ауданынан бастады. Өңір басшысы жұмыс сапарының бірінші күнінде аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарға барды.
Доссор поселкесінде жыл басында «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен 280 орындық балабақшаның құрылыс жұмысы аяқталды. «Ботақан» бөбекжайының жалпы ауданы 3000 шаршы метрге жуық.
Мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме 89 адамды жұмыспен қамтып отыр. Балабақша қазіргі заманғы талапқа сай жабдықталған. Музыка, спорт залдары бар, тамақтанатын, кір жуатын орындарда жаңа жабдықтар орнатылған, қолайлы, әдемі жиһаздар, кітаптар мен ойыншықтар, балаларды дамытатын құралдар балабақшаның сәнін келтіріп тұр.
-Қауіпсіздікке, жайлылық пен балалардың дамуына қажет барлық жағдайларды қарастыру керек. Егер нысан дайын болса, уақытында іске қосу қажет,-деді Махамбет Досмұхамбетов.
Мердігерлер балабақша аумағын абаттандырып – ойын алаңдары, дәліз, жолдар мен өткелдер салған.
Жергілікті билік балабақша жанына Жастар аллеясын салды. Жас көшбасшылар енді біраз уақыттан кейін бұл орын жастардың ғана емес, ауданның барлық тұрғындары мен қонақтарының серуендейтін жеріне айналатынына сенімді.
Аймақ басшысы барған келесі нысан – жастар орталығы жобасы. Қазір Мақатта жастар орталығына арнап ауыз судың пайдаланылмай тұрған резервуарын қайта қалпына келтіру жобасы іске асып жатыр. Осы жерде музей мен көрме орталығын салу мәселесі де қаралуда.
-Жобаның маңызы зор. Мұнда ауа сорғыштың жағдайы қалай, проблема болмай ма? Қалай дегенмен бейімделмеген ғимарат қой,-деп сұрады облыс әкімі. Жауапты тұлғалар аймақ басшысын жобаның қауіпсіздігіне және уақытында тапсырылатынына сендірді. Аймақ басшысы көпқатарлы тұрғын үй құрылысын да барып көрді. Биыл жыл ортасына қарай 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл пәтер кезегінде тұрған адамдардың санын азайтпақ.
Махамбет Досмұхамбетов «Қазпошта» АҚ Атырау филиалының жаңа ғимаратына да барды. Биыл пайдалануға берілген жаңа нысан тұрғындарға қолайлы болып отыр. Мұнда адамдар қажет қызметтерді қолжетімді түрде алады. «Қазпоштаның» бұрынғы ғимараты аудан тұрғындарына қолжетімді болмаған еді. Облыс әкімі жаңа нысанды мұқият қарап, «Қазпошта» филиалы бөлімшесі басшысының мекеме жұмысын жақсартуға қатысты ұсыныстарын да тыңдады.
Аймақ басшысы «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында тұрғындармен кездесті. Рахым Мұхамбетов облыс әкімінен Мақат ауданының орталығындағы бастауыш мектеп мәселесін шешіп беруді сұрады. Қазір мұнда 1-4 сыныптарда 200 бала оқиды. Бастауыштан кейін аудандағы басқа мектептерге қатынап оқуға тура келеді. Әкім қабылдауына келген аудан тұрғыны мектепке қосымша құрылыс жүргізуді сұрады, сол кезде оқушылар да толық білімді осы жерде алар еді.
Махамбет Досмұхамбетов бұл мәселені шешу қосымша қаржыландыруды қажет ететінін атап өтті.
-Облыста үш ауысыммен оқитын, апатты жағдайдағы мектептер бар екенін білесіз. Біз бұл мәселені де назарға алуға тиіспіз. Барлық проблемалар біртіндеп шешіледі. Бұл жайт та күн тәртібінен түспейді, біз бұл сұрақты шешу үшін жұмыстанамыз,- деп сендірді облыс әкімі.
Тұрғындармен кездескеннен кейін аймақ басшысы аталған №2 мектепке барды. Мектеп директоры Руслан Баймұқашев Махамбет Досмұхамбетовті қазіргі қолданыстағы ғимараттың жанына салынатын қосалқы корпус құрылысының жобасымен таныстырды. Бұл мәселені шешу үшін қосымша қаржыландыру керек. Облыстық бюджетті нақтылаған кезде қарастырылатын болады.
Облыс әкімі Мақат ауданындағы мұнай және газ колледжін аралады. Бұл техникалық оқу орыны мұнай-газ саласы мамандарын дайындайды. Колледждің өндірістік цехы маман дайындауға қажет жабдықтармен толық қамтылған.
Аймақ басшысы барған тағы бір нысан – ауылдық учаскелік полиция бөлімшесі. Мақат ауданындағы Бәйгетөбе ауылында полиция бөлімшесі ашылды. Жаңа бөлімшелердің ашылуына себеп – өңір тұрғындары санының артуы. Полиция департаменті мен облыс басшылығы арасында облыс орталығында 20 жаңа учаскелік полиция бөлімшесінің құрылысын жүргізу жөнінде келісімге қол қойылды. Жақын болашақта осындай бөлімшелер санын 34-ке жеткізу жоспарланып отыр. Бөлімшелер жеке кәсіпкерлер арқылы салынып, полиция департаментінің балансына беріледі. Мұнда тек полиция бөлімшелерінің ғимараты ғана емес, қызметкерлер тұратын тұрғынжай да қарастырылған. Облыс әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін мұндай бөлімшелердің маңыздылығын атап өтті.