Махамбет Досмұхамбетов домбыраның ұлт руханиятындағы орны туралы айтты
«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Ұлттық домбыра күніне орай, ел ағаларымен бірге Құрманғазы алаңына барып, тағзым етті» деп хабарлайды Atr.kz
Бұл туралы аймақ басшысы Фейсбук желісіндегі парақшасында жазды.
«Күй атасы атанған дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік.
Халық Атырауды ежелден күй елі, күйдің Отаны деп біледі. Ғасырдан ғасырға жеткен батыстың күйшілік өнері тарихының тамыры тереңде.
Киелі топырақтан Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Есбай мен Баламайсан, Қаршыға мен Рысбай, Әзидолла ағаларымыз бен қазақ күйінің қазіргі мақтанышы Айгүл шыққан.
Сондықтан Атыраудың күйшілік өнері ұлттық мәдениеттің күре тамырларының бірі.
Домбыра күнінің мерекелер күнтізбесіне енуі — ұлттық руханиятқа соны серпін берді.
Өйткені, домбыра – ұлттың үні мен жаны ғана емес, мыңдаған жылдар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан қастерлі қасиеті. Бағзы бабалардан жеткен басты байлығымыз. Сондықтан домбырасыз ұлт мәдениеті тарихын көз алдымызға елестету мүмкін емес.
Әрбір шаңырақтың төрінде тұруы тиіс айрықша аспабымызды ұлықтау арқылы ұлттық болмысымызды күшейте түсеміз» деп жазды Махамбет Досмұхамбетов.
Еске сала кетелік, бүгін Атырауда ұлттық домбыра күніне арналған бірқатар шаралар өтті. Құрманғазы, Дина, Қаршыға ескерткіштеріне облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов бастаған ел ағалары гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Шара аясында “Нарын” ұлт-аспаптар оркестрі Сая Жұмашеваның жетекшілігімен Құрманғазының “Балбырауын”, “Серпер” күйлері орындады.