detail 93d3aec47b8ade35701b4fcd958d4248

Жеңіл өнеркәсіптің ауыр мұңын тарқату үшін не істеу керек?

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/18 ақпан, 2020 жыл. Атырауда Парламент Сенаты экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Сенаторлар «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-нің иелігіндегі жүнді бастапқы қайта өңдеу және жүннен тоқылған бұйымдарды өндіретін фабрика жұмысымен танысты.

Одан соң облыстық әкімдікте жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін тамашалап, жеңіл өнеркәсіпке қатысты күрделі мәселелерді талқылады. Оған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты.

САЛЫҚ КӨЛЕМІ ӨСУДЕ

Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялдықи нновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, қазыналы өңірде жеңіл өнеркәсіпті қолдау жөнінде жүйелі жұмыстар жасалып жатыр.

Осы бағытта 26 шағын кәсіпорын қызмет етуде. – Бүгінде Үкімет тарапынан бизнесті қолдауға байланысты бұрын болмаған шаралар ұйымдастырылуда. Орасан зор қаражат бөлініп, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты.

 Атырау облысында кәсіпкерлікке мейлінше қолайлы жағдай туғызу, бизнес-климатты жақсарту, саланы дамыту бағытында қарқынды шаралар алынуда. Осылайша, отандық кәсіпкерлікті қолдау жаңа саяси бағыттың негізгі өзегінің біріне айналды, – деді басқарма басшысы. Өткен жылы өндірістің көлемі 27 пайызға өсіп, 4 млрд. теңгені құрады.

 Оның ішінде тоқыма өндірісі мен киім өнеркәсібінің үлесі еселенгені байқалады. Басқарма басшысы Айқын Елеусізов бұған «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының елеулі ықпалы болғанын атап айтты.

Осы жоба аясында 1590 жоба қолдау тапты. Несиенің жалпы сомасы 110,8 млрд. теңгені құрады. 2010 жылдан бері аталған бағдарлама бойынша облысқа 13,4 млрд. теңге бөлінсе, бұл бүгінде салықтың бес есе көп жиналуына мүмкіндік берді. Өндірілген өнімнің құны 781,3 млрд. теңгеге тең.

– Өнім өндіру жағынан Атырау облысы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда алда келеді. Бізде машина жасау, мұнайхимия, құрылыс материалдарын шығару жолға қойылған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өндірістік өнім көлемі 4,7, қайта өңдеу өндірісі 7,3, ал, инвестиция көлемі 9,4 пайызға артып отыр, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

БАНКТЕР АУЫЛҒА НЕСИЕ БЕРМЕЙДІ

 Кәсіпкерлік саласын қолдау салық көлемін ұлғайтып, соңғы жылдары жаңадан 2250 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жеңіл өнеркәсіп саласында 5 жоба жүзеге асып, оның жалпы сомасы 215,5 млн. теңгені құрады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық инновациялық даму басқармасының басшысы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының нәтижелілігін баяндады. Жоба ауқымында 156 кәсіпкерге қолдау көрсетілді.

 Дегенмен, жеңіл өнеркәсіп саласында проблемалар аз емес. «Шаруамды дөңгелетемін, ісімді бастаймын» деген талай жанға қаражат тапшылығы кедергі болуда.

 Екінші деңгейдегі банктер ауылдықтар ұсынған жобалардан бас тартады. Айтатын сылтаулары – «кепілдіктің құны өте төмен».

Осының салдарынан жергілікті кәсіпкерлер келеңсіз  жағдайларға кезігіп отырғанын жауапты құрылым басшысы жасырмады. «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-нің иелігіндегі жүнді бастапқы қайта өңдеу және жүннен тоқылған бұйымдарды өндіретін фабриканың жұмысы ақсап тұрғаны белгілі болды.

ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ ҚАНДАЙ?

Елімізде  ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде жүнді өңдеу проблемасы өткір тұр. Соңғы жылдары 30 мың тонна шикізат шығарылса, соның 2 мың тоннасы ғана игерілді.

Қалғаны бақылаудың жоқтығынан шекара асып немесе жарамсыз күйінде қалуда. Осының кесірінен мемлекет жыл сайын 6 млн. АҚШ долларын жоғалтатыны анықталды. Жеңіл өнеркәсіп табиғи өнім өндіру бойынша республиканың ішкі қажеттілігінің 8 пайызын қамтиды.

Ал, қалғаны шетелден жеткізілуде, оның қаншалықты сапалы екендігіне ешкім кепілдік бермейді. Осы түйінді тарқату үшін не істеу қажет? «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС директоры Назгүл Есмақанованың айтуынша, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына мемлекеттің қолдауы аз, жүн шикізатының нарығы жоқ. – Біздің фабри – ка қаржылық тұрғыдан сауықтыруды қажет етеді. Салықтық каникул жасалса, несие бойынша өсім жойылса деген ұсынысымыз бар. «Атырау» ӘКК алдындағы бережақтың уақытын шегеру мәселесі өзекті болуда, – деді серіктестік басшысы.

ФАБРИКА ЖҰМЫСЫ НЕГЕ ҚОЖЫРАДЫ?

Парламент Сенаты экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысында «жеңіл өнеркәсіпке қатысты сатып алуларда жаңа жүйе енгізілсе» деген ұсыныс айтылды. Әскерилер, ішкі істер құрылымдары, қарттар үйі, интернат, тағы басқа нысандар үшін алынатын тауарларда отандық өнімге маңыз берілуі қажет.

Махамбет ауданындағы «1 мамыр» шаруашылығында 800 түйе өсіріледі. Жеріміз Ойсыл қара тұқымын өсіруге қолайлы болғандықтан, оның саны жөнінен республика бойынша алдыңғы орындардамыз. Біз шикізатты екі жыл қатарынан «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-не тапсырып келдік. Бұл шаруагерлер үшін өте қолайлы еді. Осы өндірісті аяқтан тұрғызу үшін кезінде көп жұмыс жасалғанын да білеміз. Айтайын дегенім, оны сақтап қалуға жұмыстанайық. Себебі, кейбір шаруашылықтар қоршаған ортаны бүлдіріп жатыр. Тіпті түйені жүндемейтін жағдайлар кездеседі. Олай етуге бола ма? – деді «1 мамыр» шаруашылығының басшысы Аманжол Есқараев.

Сенаторлар өзекті мәселелердің  аяқсыз қалмайтынына сендірді. Жауапкершілікті мемлекетке артып қоймай, әрбір коммерциялық құрылымның әрекеттенуі қажеттігін де еске салды.

 Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық  даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Манап Көбеновтің пікірінше, бұрын жеңіл өнеркәсіптің ел экономикасындағы үлесі 20 пайыз болды.

Қазір 1 пайызға дейін төмендеп кетті.

– Біз еліміздің барлық өңірін аралаймыз. Сондағы байқағанымыз, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға барлық жағдай бар. Шикізат көзі көп, өндірістік желі де орнатылған. Жұмысты ұйымдастыра           білсек, экономиканы өркендетуге жүн-тері өнімдері қажет, әрі бұл мол табыстың көзі, – деді сенатор.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған