Маңдай тердің жемісі
Биыл облысқа 80-нен астам дәрігер-маман келеді деп күтілуде. Ақтөбе, Қарағанды сынды өзге өңірлерден келетін денсаулық сақшыларына барлық әлеуметтік жағдай жасалатын болады. Бұл туралы ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді. Махамбет атындағы қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында облыс басшысы әр өңірде кардиоорталықтардың ашылып, жүрекке жасалатын күрделі операциялардың енді күнделікті жұмысқа айналғанын да атап өтті. «Жамбас, тізе буындарын ауыстыру сияқты күрделі оталар да қазір облысымызда жасалады. Құлақ, мұрын, өкпе, жалпы терапияда барлық мүмкіндіктер бар» деген облыс әкімі дәрігерлерге үлкен міндет жүктеді. Яғни, медицина саласы материалдық базамен толық жасақталды. Дәрігерлердің алдында тұрған ендігі міндет – біліктілікті арттырып, ел игілігіне қызмет ету.
Одан әрі облыс басшысы өз саласының үздіктерін марапаттады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін таққандар қатарында Индер аудандық орталық ауруханасына қарасты Көктоғай дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Тұрсын Мекеева, Махамбет аудандық орталық ауруханасының терапевт дәрігері Рая Аңқылдақова, №3 Атырау қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Райса Мұқашева, Атырау облыстық тері — венерологиялық диспансерінің медбикесі Қалау Ахметжановалар бар.
Сондай-ақ, сала ардагері Ғали Русаев пен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камеловаға «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды. Бір топ дәрігерге «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі мен облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Салтанатты жиын одан әрі мерекелік концертке ұласты.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Ұлттық медициналық қауымдастығының «Алтын дәрігер» төсбелгісімен №5 Атырау қалалық емханасының бас дәрігері Күлшара Жұмағалиева, Атырау облыстық ауруханасының зейнеткер ардагері Мауия Тілесова, Атырау облыстық балалар ауруханасының неонатолог дәрігері Гүлнар Оразова марапатталды.