ӘСЕМ ӘНІМ – АСТАНА

Қырмызы күн. Салқын самал жел. Таза ауа. Осындай әсем табиғат аясында, Жайық өзенінің жағалауында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Астана күніне арнап концерт ұйымдастырды.

Ашық аспан аясында өткен мәдени шараны тамашалауға келген дүйім жұрт ұлттық аспаптардың үнін тыңдап демалып, бір сергіп қалды. Бұл кеште Құрманғазының «Серперінен» бастап, Моцарт, Брамс секілді шетелдік композиторлардың да шығармалары орындалды. Сонымен қатар, оркестр сүйемелдеуімен Аманжан Басығариев, Қайрат Кәкімов, Маржан Төреханова сынды әншілер әсем ән шырқап, кештің нақышын келтірді.

Аталған оркестр басшысы Қамбар Қамзаұлы: «Астана күніне арналған бұл кештің ерекшелігі – оның ашық алаңда өтуі. Бұл халықтың демалуына қолайлы жағдай жасайды. Алдағы уақытта осындай форматта өтетін концерттерді дәстүрлі еткіміз келеді»,- деді. Ал, жұртшылық шынайы өнерге тәнті болып,  алғысын  білдіріп  жатты.  «Концерт  тамаша  өтті.  Жұмыстан шаршап келгенде, ашық аспан астында шырқалған ән-күй бізге демалыс сыйлады. Осындай шаралар жиі-жиі болып тұрса игі еді», – дейді көрермен Бақытжан Бектемірұлы.

Жалпы, облыс қана емес, елімізге, алыс-жақын шетелге аты шыққан оркестр ұжымы әр жылдары өнер биігінен көрініп келеді. 1957 жылы құрылған өнер ұжымы түрлі композицияларымен халықты қуантуда. «Оркестр құрамында – 77 адам. Құрам мұнымен шектелмей, әлі де толығатын болады. Оркестріміз өз туындыларын бүгін Астана күні мерекесіне бағыштады. Еліміздің бас қаласы – Астанаға қарап бой түзейміз ғой. Ордамыздың күннен-күнге дамып, көз алдымызда  көркеюі Елбасы арқасы деп білемін. Астана күні мерекесі құтты болсын. Бәйтеректей биік һәм асқақ бола бергей», – деп ақ тілегін білдірді оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Орақ Жауыров.

Аян ҒИЗЗАТОВ,
С.Демирел атындағы университеттің студенті.
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз