ЕЛ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Қазақстан мемлекеті қарыштап дамуының арқасында бүкіл әлемнің назарына ілігіп отыр. Осынау ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерімізге ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен болашақты болжай алатын қасиеті арқасында қол жеткізіп отырғанымызға ешкім күмән келтірмейді. Елбасын халық мойындайды. Биыл еліміздің барлық өңірлерінде секілді Атырауда да үлкен ұйымшылдықпен екінші мәрте аталып өткен Тұңғыш Президент күні мерекесі осыны тағы аңғартты. Махамбет атындағы қазақ драма театрында ұйымдастырылған салтанатты шараны тамашалауға келгендердің көп болғаны соншалық, театрдың көрермендер залында ине шаншар орын табылмады.

Салтанатты шара облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өңір халқын айтулы мерекемен құттықтауымен және үздік қызмет үлгісін көрсетіп жүрген бір топ мемлекеттік қызметкерді марапаттауымен басталды.
– Құрметті атыраулықтар! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов. – Бұл мереке жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, шаңырағын көтеріп, іргесін бекітуші Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді.
Өздеріңіз білесіздер, бүгінде әлем Қазақстанды этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастықтың бірден-бір үлгісін жасаушы мемлекет ретінде таниды. Халықаралық қауымдастық біздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірдегі табыстарымыз бен барлық жетістіктерімізді мойындайды.
Осы жеңістеріміздің барлығында халқының бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр-қайратымен еңбек етіп келе жатқан қайраткер тұлға – Елбасының айшықты қолтаңбасы жатыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы – барлық қазақстандықтар мен халықаралық қауымдастық мойындаған ғаламдық бастамалардың бастаушысы, отандастарымыздың құқықтары мен бостандықтарының қорғаушысы, елді кемел келешекке жетелейтін игі істердің қолдаушысы.
Жуырда Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың Х форумында Елбасы келер жылы ХІ форумды Атырауда өткізуді ұсынған болатын.
Тағы бір айта кеткім келетіні – бұл күнді атап өту арқылы біз жас ұрпақты патриотизмге, отансүйгіштікке, елін сүйетін адал азамат болуға тәрбиелейміз деп есептеймін.
Елбасының өзі де жастарға үлкен сенім артып отырғандығын білесіздер. Еліміздің болашағы – жас ұрпақ саналы да білімді болып, болашақта өз еліне, қоғамға пайдасын тигізуі үшін «Назарбаев зияткерлік мектептерін», Назарбаев Университетін ашты.
Біздің мақсатымыз – егемен еліміздің тәуелсіздігі мен тұрақтылығын нығайтып, достықты, бірлікті, татулықты ту етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлесімізді қосу.
Аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісімен Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметовті, Махамбет ауданының Сарайшық ауылдық округінің әкімі аппаратының бас маманы Ерсайын Есекеновті марапаттады. Ал, жеке кәсіпкер Талғат Ілиясов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-алдын алу және лицензиялау қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Алмагүл Қабдрахманова, облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық-саяси, талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Злиха Таласбекова, Аққыстау темір жол дистанциясының жол бапкері, КСРО-ның Құрметті теміржолшысы Майра Жұмалиева және Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді дамыту өңірлік орталығының басшысы Баязи Әбдешев облыс әкімінің «Алғыс хатын» алды.
Кейін мерекелік салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған көрермендер Рахымжан Отарбаевтың «Нұржауған ғұмыр» спектаклінен үзіндіні тамашалады. Сахна шымылдығы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының «Дарын» балалар хорының орындауындағы «Елім менің» әнімен жабылды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Cурет Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз