МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов  дүйсенбі күні «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашевты қабылдады.

Аймақ басшысы туған өлкеміздің өркендеп, дамуына елеулі үлес қосқан абзал азаматты 70 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, оған мықты денсаулық, бақытты да ұзақ ғұмыр тіледі. Бақтықожа Салахатдинұлы мерейгер Нұрпейіс Мақашұлының өңірдегі құрылыс саласының білгір маманы, шебер ұйымдастырушы ретінде, қала құрылысын өркендету, ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты болып сайланған тұста облыс халқының әлеуметтік мәселелерін шешу ісіне сіңірген еңбегіне тоқталып, өзінің ізгі тілегі жазылған құттықтауы мен сый-сияпатын табыстады.

Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов  сөйлеп, көне шаһардың ескі Гурьев атауын Атырауға айналдыруда сол кезде қалалық атқару комитетін басқарған Нұрпейіс Мақашевтың көрсеткен табандылығы мен ұлтжандылығын айта келіп, ардагерлер кеңесінің құттықтау хатын табыс етті.

Қабылдауда мерейгер өзіне көрсетілген зор құрмет үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суретті түсірген: Е.АЛТЫБАЕВ.

Бұл күні облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов елімізге белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Белоногты да қабылдады. Кезінде еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған Анатолий Александрович мұнайлы өңірде өткізілген экологиялық мәселелер жөніндегі республикалық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысу үшін Атырауға арнайы келген болатын. Аймақ басшысымен кездесу барысында өңірдегі қоршаған ортаны қорғау, адамдардың денсаулығын жақсарту жөнінде пікір алысылды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз