Атыраулық емхана – алтын медаль иегері

  Ұлттық бизнес рейтингінің көрсеткіштері бойынша республикадағы ең үздік емханалар белгілі болды. Атырау қалалық №7 емханасы «Даму қарқыны» аталымы бойынша алтын жүлдеге лайық деп танылды. Сонымен қатар, қаржылық-шаруашылық қызмет бағытында облыстағы мекемелер арасында күміс жүлдені иеленді.

Іс тетігі – ұйымдастыруда

 Үздіктерді анықтауда медициналық қызмет көрсету сапасынан бөлек мекеменің заманауи технологияларды, салаға еніп жатқан жаңалықтарды қызметте қолдануы есепке алынған. Айта кетсек, өткен жылы да емдеу орны рейтингілік көрсеткіш бойынша еліміздегі үздік үштік қатарына енген болатын.

 – Емханада ауысымына 500 адам қабылданады. Халыққа көрсетілетін қызметті барынша жақсартуды мақсат етіп келеміз. Тұрғындар дәрігерге қабылдануға тіркелу үшін сайтқа жазу, телефон шалу, үйге шақырту арқылы немесе аяқтай келіп, кезек алуға болады. Осыдан үш жыл бұрын типтік жобамен салынған бірден-бір мекеме болғандықтан, бізде халыққа медициналық қызметтің 30 түрі көрсетіледі, – дейді емхананың бас дәрігері Сағытжан Айдарәлиев. Қазіргі таңда дәрігер мамандардың тапшылығы облыс бойынша күрделі мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Алайда, аталған емдеу мекемесі бас дәрігерінің айтуынша, емханада мұндай проблема жоқ. Кардиолог, көз-құлақ дәрігері, невропатолог сияқты жекелеген мамандар жеткілікті, балалар мен ересектерді де екі маман қарайды. Биыл Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медицина университетін тәмамдағалы отырған үш жалпы тәжірибе дәрігері қызметке алынбақшы. Олармен ұжымдық келісім-шарттар да жасақталып қойған. Тамыздың бірінен бастап жас мамандар қызметке кіріседі. Сонымен қатар, жуырда Орал қаласынан тағы бір білікті жалпы тәжірибе дәрігері маманы келіп, жұмысқа орналасқан.

  – Жұмыс беруші болғандықтан, қызметкерлерге де жағдай жасау маңызды. Келетін жас мамандарға біржолғы көтермеақы мен жолақысы төленеді. Сонымен қатар, олар жалдап тұратын пәтер құнының елу пайызын өз тарапымыздан өтеу жауапкершілігін мойнымызға алып отырмыз. Мұның барлығы ұжымдық-шартта көрсетілген. Қазір медициналық университеттер негізінен жалпы тәжірибедегі жанұялық дәрігерлерді дайындауға баса назар аударуда. Медицинаның алға қарай принципі де – осы. Жанұялық дәрігер бір отбасы мүшелерін толықтай қарап, сол әулеттің тыныс-тіршілігін толық біледі. Мұндағы басты мақсат – медицинаны әр жанұяға жақындату, – дейді бас дәрігер Сағытжан Жанғылышұлы. Емхана екі ғимараттан тұратын болғандықтан (біріншісі – жанұялық денсаулық орталығы, екіншісі – консультативтік диагностикалық орталық, – ред.), қызметкерлер мен науқастарға бірінен екіншісіне қатынау қиын болды. Әсіресе, жауын-шашынды, қыстың тайғақ күндері бұл өзекті мәселеге айналған еді. Осы жағдай ескеріліп, биыл екі корпусты жалғайтын өтпелі дәліз құрылысын бастау қолға алынды. Бұған қажетті 17 миллион теңге қаражат бөлінген, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталуда. Сонымен қатар, екі көлікжай да салынады. – Жауынды күндері төбеден су ағады, – дейді бас дәрігер емхананың шешімін күткен мәселелерін де айтып, – әсіресе, кешегі нөсерлі күндері төбеден су кетіп, біршама жерді бүлдірді. Сондықтан өз қаражатымыздың есебінен төбені жөндеу жұмыстарын жүргізбекпіз. Мұның өзі жеті миллион теңгені қажет етіп отыр. Ал, төбе шатырын толықтай ауыстыру 29 миллион теңгеге шыққалы тұр. Бұл мәселеден облыстық денсаулық сақтау бас-қармасы да хабардар. Сондай-ақ, мекеменің айналасында қоршаудың болмауынан еккен талдарымыз сынып, гранитті жабындылар да бұзылуда. Сондықтан, қоршау салу бағытында да жұмыстарды қолға алып жатырмыз.

Тұрғындар тілегі – басты назарда

 Емхана ғимаратында облыстың 51 медициналық мекемесімен байланыс орнатқан Call-орталығы орналасқанын біреу білсе, біреу білмес. Онда төрт оператор мен бір жауапты дәрігер қызмет көрсетіп, халықтан түскен арыз-шағымдар мен өтініштерді қабылдап, оларға жауап беріп, көмек көрсетіп отырады. Бас дәрігердің айтуынша, тұрғындар көтерген мәселелердің шешілу деңгейі жақсарып келеді. Өйткені, орталық ай сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық-фармацевтикалық қызметтің сапасын бақылау департаментінің алдында есеп береді.   Сонымен қатар, емхана басшылығы оңалту бөлімшесі қызметін жандандыруды қолға алуда. Өйткені, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрханым Үмбетқалиеваның айтуынша, жылдан-жылға емханаға тіркелген мүгедектер саны көбейіп келеді. Қазіргі таңда барлығы 498 мүгедек адам тіркеуде тұрса, оның 160-ы – балалар. – Бұл, негізінен, бұрыннан бар бөлімше. Бірақ, қызмет көрсету сапасы өз деңгейінде болмады. Сондықтан дамыту жұмыстарын қолға алмақпыз. Тренажер залдарымыз, массаж, ЛФК, физиокабинеттер бар, балалар және ересектермен жұмыс жасайтын инструкторлармен де қамтылған. Тек бізге реабилитолог маман қажет. Ал, қажетті аппараттармен қамтылуда өзекті мәселе жоқ, – дейді бас дәрігердің орынбасары.

   Рейтингтік көрсеткіште тағы бір баса назар аударарлық жайт — бұл емдеу сапасы мен аурудың алдын алу. Бұл бағытта емханада жұмыс жүйелі жолға қойылған. Айта кетсек, ана өлімі соңғы рет 2013 жылы тіркелген. Жалпы аурушаңдық деңгейі мен туберкулез ауруы көрсеткіші облыс деңгейінен төмен. Тек алаңдататыны –туберкулезбен қайталап ауыру жағдайының биыл көбейіп отырғаны. Емхана басшыларының айтуынша, зерттеулер нәтижесінде емделіп шыққан жеті адам алты-жеті жылдан кейін қайталап ауырған. «Бұл – өзін-өзі күтпеуі салдарынан қайталанып отыр», – дейді мамандар.

Ынталандыру жетістікке бастайды

  Емханаға қарасты 19 учаскеге тіркелген 36000 халыққа жалпы тәжірибелік 11 дәрігер, төрт терапевт пен төрт педиатр маманы қызмет көрсетеді. Мекеме басшылары мамандар арасында бәсекелестікті нығайту, сапалы қызмет көрсетуге ықпал ету мақсатында ынталандыру компоненттерін қарастырып, тоқсанына бір рет еңбекке салыстырмалы ақы төлеп келеді. Және еңбек демалысына шыққан маманға сауықтыру ақысы да беріледі. Емханада барлық қызметкерлер толықтай сақтандырыл-ған. Бұған қоса, мерей жасқа келген қызметкерлерге бір айлық еңбекақы көлемінде үстемеақы есеп-шотына аударылады. Еңбектің бағаланғанынан асқан бақыт жоқ. Жоғарыда аталған жетіс-тіктерге қол жеткізген медициналық мекеме республикада екі бірдей аталымда озып шығып отыр. Соның айғағындай, атамыш ұжым иеленген «Сала үздігі – 2016» медалі мен халықаралық сертификат, «Экономика мақтанышы – 2016» ордені, «Кәсіби қызмет үшін» медалі және «Жыл қызметкері – 2016» халықаралық сертификаттары кәсіби мереке қарсаңындағы үлкен сый болды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз