Мақаттағы балалар балабақшаға неге бес айдан соң оралды? (ФОТО)
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай ауылдық жердегі әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың жақсы тұрмыс кешуіне жағдай жасалуда. Осы істің дәлелі іспетті Мақат кентінде «Балбөбек» балабақшасы күрделі жөндеуден кейін есігін айқара ашты. Білім беру бөлімінің үйлестіруімен жөндеу жұмыстары кезінде балдырғандарға аудандағы өзге балабақшаларға қатынауына мүмкіндік жасалды.
Балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан кент әкімі Болатбек Сәрсен тұрғындарды пайдалануға берілген әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ол Елбасының тапсырмасымен ауданда тағы бір балабақша күрделі жөндеуден өткенін, «Мәңгілік Ел» боламыз деп алдына үлкен мұрат қойып отырған мемлекетімізде жас ұрпақтың тәрбиесіне үлкен маңыз беріліп отырғанын жеткізді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзін тілге тиек ете келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін еліміздегі 3-6 жастағы балдырғандарды толықтай балабақшамен қамтуды міндеттегенін атап өтті. Ата-аналар атынан сөз алған ардагер Қамажай Әмірова балабақшаның ашылуына ұйытқы болғаны үшін Елбасына және жергілікті билікке ризашылығын білдірді, еліміздің гүлдене беруіне ізгі тілегін арнады.
Екi қабатты «Балбөбек» балабақшасы 170 орындық. 1989 жылы пайдалануға берiлгелі бергі уақытта жай жөндеулер жүргізіліп-ақ келеді. Дей тұрғанмен, қазіргі заманға сай жабдықталуы алғашқы рет.
Биылғы жылы 86 млн. 729 мың теңгеге күрделi жөндеу жүргiзiлдi. Осы жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстарын «Эра» ЖШС-і бес ай iшiнде аяқтады.
Мұнда балалардың ойын және жатын бөлмелері, музыка залы, медициналық бөлме, асхана сапалы жиһаздармен жарақтандырылған.
Аула іші мұнтаздай таза. Қоршау шарбақтары тұрғызылып, ойын алаңдармен жарақтандырылған.
Кент әкімі Б.Сәрсен балабақшаны аралап, балдырғандардың жатын бөлмесі мен оларға жасалған барлық жағдаймен жіті танысты. Өз кезегінде бүлдіршіндер мәртебелі меймандарға арнап, шағын концерттік бағдарлама дайындап, көпшілікті өнерімен тәнті етті. Былдырлаған бала тілімен бүлдіршіндер бүгінгі бейбіт күннің құндылығын айтып, би билеп, ән шырқады. Балалардың жүзіндегі қуаныш ересектердің де көңілін көншітіп, әдемі әсер қалдырды.
Гүлзада САЛИКОВА.