МҰНАЙШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
— Ресми деректерге қарағанда, әлемде өз азаматтарын ғарышқа ұшырған елдер саусақпен санарлық. Солардың бірі – Қазақ елі. Ғарышта жасалған ғылыми-зерттеулер ел экономикасының дамуына үлкен әсер етеді. Демек, ғарышты бағындыру – елдің ертеңгі болашағы,- деген «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Айболат Ғабдуллин мәртебелі мейманға ғасырдан астам уақыт жер қойнауын игеріп келе жатқан мекеме туралы айтып берді. Айдын Ақанұлы да жүздесуге келген жұртшылыққа алғысын жеткізді.
— Мен бала кезімнен ұшқыш, ғарышкер болуды армандадым. Және бұл мақсатыма 22 жыл дегенде қол жеткіздім. Халықаралық ғарыш стансасына 2 қыркүйек күні аттанған болатынмын. 10 тәулiк сапарымда бiрқатар сынақтар жасалды. Ғарыш кемесiнiң жүйесiн басқару жұмыстары атқарылды.Яғни, Қазақстан ғылымы үшін оншақты маңызды зерттеулер жүргізілді. Олардың ішінде Арал мен Каспий теңізінің, шаңды дауылдар мен мұнайдан ластанған аумақтардың ахуалын бақылау шарасы да бар,- деген Халық қаһарманы сол жақтан алынған мәлiметтер термоядролық энергетика және плазмалық медицина саласында, жаңа конструкциялық және нанокомпозиттiк материалдарды шығаруда пайдасы молын да айтты. Ғарышкердің айтуынша, экология, қоршаған ортаны қорғау, медицина, биотехнология, телекоммуникация салалары бойынша да аса қажетті мәліметтер алынған.
Жұртшылықпен жүздесу барысында ғарышкерге түрлі сұрақтар да қойылды. Соның бірі, «теледидардан көргенімде борт ішінде «Алға, Қазақстан!» дегеніңіз рас па? Жоқ, әлде маған солай естілді ме?», деді «Ембімұнайгаз» компаниясының мердігер мекеме қызметкері. Сұраққа жауап берген Айдын Ақанұлы «Онда негізі командир ғана репортаж жүргізуі керек. Мен ережені бұзып, «Алға, Қазақстан» дегенім рас» деп жауап берді. Көпшілікті Жерді орбитадан көргендегі әсері де қызықтырды.
— Ғарыштан Жерді толық көре алуға мүмкіндік бар. Біз ойлағандай, үлкен емес. Біздің планетамыз кішкентай ғана меруерт (жемчуг)сияқты. Өте әдемі. Мөп-мөлдір.Сол жерден бәріміз ғарышқа ұштық. Және біздің планетамызды көгілдір ауа, атмосфера қоршап тұр. Ал, ғарыш – қараңғылық, вакум ғана. Осы бір кішкентай ғана аумақта бірнеше мемлекет барын ойлағанда, таңданасың — дейді ғарышкер.
Жұртшылықпен жүздесу барысында аталмыш акционерлік қоғамның бас директорының орынбасары Айболат Ғабдуллин Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың жемісті де жеңісті жолын жалғастырған ғарышкер Айдын Айымбетовке естелік сыйлық табыстады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.