Мұғалім – болашақтың айнасы
«Білім беру сапасын арттыру – қашан да маңызды міндеттердің қатарында. Осы орайда, бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындауда алдымен әр педагог бүгінгі талаптарға сай болуы тиіс. Демек, шәкірттің әрқайсысын өз баласындай қабылдап, сапалы білім мен тәрбиені қатар ұштастыра білуі керек». Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесінде қадап айтты.
«Төртінші өнеркәсіптік революциясы жағдайындағы адами капитал» тақырыбындағы кеңеске қатысушылар алдымен мәдениет сарайының фойесінде ұйымдастырылған көрмені тамашалады. «Оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізу: практика, іс-әрекет» атты көрме сөресінде жаңартылған білім беру мазмұнындағы пән оқулықтары қойылды. Облыстың білім беру жүйесін сипаттайтын тақталар да орын алды.
Орта білім берудегі жаңашылдықтар, оқу-әдістемелік және ғылыми-педагогикалық бағыттағы мәселелер талқыланған жиында облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде мектепке дейінгі ұйымдар саны өскенімен, орын қажеттілігі әлі де бар. Бұл мәселе әсіресе, Атырау қаласында байқалады. Жалпы, нысандардағы орын тапшылығын жоюда жыл аяғына дейін бес мектеп пен тоғыз балабақша пайдалануға берілмек. Оқушылардың ғылыми-шығармашылық мүмкіндіктерін қалыптастыруда жаңа серпіліс бар.
– Биыл дарынды оқушылар жаратылыстану бағыты бойынша өткен республикалық олимпиаданың командалық есебінде бірінші орынды иеленіп, 71 оқушы әртүрлі республикалық, 21оқушы халықаралық білім додаларында жеңімпаз атанды. ҰБТ-дағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі баллға артты. Жеті түлек сынақты ағылшын тілінде тапсырды. Өңірдің саладағы кадр тапшылығын жоюда 231 бакалавриат және 16 магистратураға түсуші түлектерге облыс әкімінің гранты бөлінді. Жаңартылған білім мазмұнын енгізудің пилоттық жобасы Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте және Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейінің үш сыныбында апробациядан табысты өтті. Биыл бұл жұмыс төрт сыныпта жалғасады, — деді спикер Қайырғали Рысқалиұлы.
Осы және өзге де жаңашылдықтар қамтылған баяндамадан соң облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ел тұтқасын ұстар бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар қауы-мына бірқатар міндет жүктеді.
«Білім беру жүйесінде жасалған оң жұмыс бар. Жеткен жетістіктерді бізден ешкім де тартып алмайды. Сондықтан, мұндай басқосуды жылдағы кезекті бір жиын деп оған бей-жай қарамай, салада шешілмей жатқан проблемалар көтерілуі керек. Ұстаздар қауымын толғантқан пікірлер неге айтылмайды? Кейбір білім ордаларына бас сұққанда кемшіліктер «менмұндалап» тұрады. Біз білім беру жүйесіне қажетті бар жағдайды жасаудамыз. Бұл ретте нысандарда еш олқылық орын алмауы тиіс», — деген аймақ басшысы кейбір мектеп директорларына ғимаратты бабында ұстауды қатаң тапсырды.
Сондай-ақ, бүгінгі күннің талабына сай бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындауда әр педагог өзін осы талапқа лайық ұстау қажеттігін баса айтты.
– Ұстаз ұғымы адамға көптеген міндет жүктейді. Ол – ел болашағының айнасы. Өскелең ұрпақ алдындағы мұғалімге қарап бой түзейді. Сондықтан, саланы таңдаған әр педагог өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқаруы керек. Бәсекелестік талаптарына сай ұдайы білімін жетілдіру – басты міндет. Осынау талап үдесінен шығып, сапалы білім мен тәрбиені қатар ұштастыра білу – міндеттеріңіз, — деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.
Жиында үштілділік мәселесі де көтеріліп, аймақ басшысы «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағиданы әрқашан есте ұстауға шақырды.
Жиын соңында 2017-2018 оқу жылында білім беру саласындағы жеткен жетістіктері үшін Қ.Сәтбаев атындағы №19 мектеп гимназиясының мұғалімі Света Сағындық, Ш.Уәлиханов атындағы №9 орта мектептің директоры Меруерт Мұхамбетова, Исатай орта мектебінің мұғалімі Светлана Молдағалиева «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Облыстық ұлттық гимназия мұғалімі Пина Иман-ғалиева, Атырау көлік және коммуникация колледжінің өндірістік оқыту шебері Тұрсын Досниязовқа да осындай құрмет көрсетілді. Бірқатар сала қызметкерлері «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды. Оқыту мен тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хаты, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары да табыс етілді.
Нұрбек ОРШЫБЕКОВ, ҚР Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:
Цифрландыру – заман талабы
– Биыл 3, 6, 8 сыныптар жаңартылған бағдарлама мазмұнымен оқытылады. 4, 9,10 сыныптарда апробация басталды. Оқулықтардың электрондық нұсқалары енгізілді. Елімізде робототехника кабинеттерін сатып алу үшін екі миллиард теңгеден астам, ал, кең жолақты интернетпен қамтуға, IT сыныптарын ашуға 400 миллион теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл бағыттағы Атырау өңірінде атқарылған жұмыс сексен пайызды қамтиды. Цифрлық білім беруде әр балаға жеке логин беріліп, қағазбен жұмыс қысқартылады. Интернетпен әзірге толық қамтылмаған мектептерге ғана құжаттарды бұрынғы әдіспен толтыруға рұқсат етілді.
Меруерт МҰХАМБЕТОВА, Ш.Уәлиханов атындағы №9 орта мектептің директоры:
Кеңес құқығы кеңейтіледі
– Оқу жылындағы басты жаңалықтың бірі –мектептердің дербес шешім қабылдауына мүмкіндік берілуде. Бұл ретте педагогикалық кеңестің шешім қабылдау құқығы кеңейтіледі. Бес күндік оқуды жалғастыру, пәндерді ағылшын тілінде жүргізуге көшу, стандарт бойынша кейбір пәндерді бөліп, не бөлмей оқыту, білім сапасына мониторинг жасау сынды басқа да сұрақтарды педагогикалық кеңес өзі шешеді. Бұл жұмыстар әр мектеп басшысынан кәсіби сауаттылықты талап етеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суретті түсірген: Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.