Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Ұлы дала елінің қасиетті мұрасы» республикалық акция мүшелері Индер ауданында болды

Осындай атаумен биыл елімізде республикалық акция бастау алған болатын. Жуырда эстафета тізгінін атыраулықтар жеті хан жерленген Сарайшықта Маңғыстау облысынан қабылдап алды. Осыдан кейін арнайы экспедиция киелі жерлер картасына енген жеті нысанды аралап, кеңірек танысу үшін жолға шықты.

????????????????????????????????????

Сапар Индер ауданынан басталды. Экспедицияны аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қарсы алды.

Биыл ауданның құрылғанына 90 жыл толады. Осы орайда көптеген игі істерді жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, халық арасында «Димаштөбе» аталып кеткен жерге ескерткіш орнатылмақ. Индерден Қызылқоғаға апаратын жол келесі жылы күрделі жөндеуден өткізіледі. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Бұл жол Димаштөбеге бұрылып, Тұздыкөлдің қасынан өтетін болады.

Сондай-ақ, 25 адамнан экспедициялық топ құрылып, бес маршрут бағыты белгіленді. Осылайша, тамызда Бөкей Ордасының орнына бару жоспарланып отыр, — деді ол.

Атырауда Ақмешіт, Ұшқан және Құлшан ата қорымдары, Иманғара-Қойғара үңгірі, Махамбет Өтемісұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Малайсары би мәңгілік тыныстаған қасиетті орындар бар. Оларға баса маңыз берілуде. Оның үстіне, биыл Махамбеттің туылғанына – 215, Мұрат Мөңкеұлының туғанына – 175 жыл толып отыр.  Бүгінде олардың атында республикалық оқулар мен мүшәйралар өткізу игі дәстүрге айналған.

????????????????????????????????????

Осыдан кейін  өлкетанушы Аманғали Әміржанұлы сөз алып, «Атыраунама» сериясымен шыққан кітабын сыйға тартты.

Киелі жерлер тізіміне енген Атыраудың жауһарлары тағы толығуы мүмкін, — дейді өлкетанушы – Өйткені, ел тарихындағы елеулі оқиғаларды жас ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет. Сонда ғана ұлы дала мұрасын кейінгі толқын келешек ұрпаққа жеткізеді. Ал, «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова ауылдың алтын бесік екенін жастарға ұғындырып, киелі жерлерді көзбен көрулеріне мүмкіндік жасау қажет деп есептейді.

Ресейде туып, Украинада білім алдым. Бірақ, кейін Қазақстанға көшіп келіп, Атырауда бақытымды таптым. Осында қазақ жігітімен көңіл жарастырып, отау құрдым. Қазір қазақтай бауырмал халықтың кешегісінен немере-жиендеріме сыр шертіп, тарихи жерлерді аралатамын. Себебі, олар – еліміздің ертеңі. Ақмешіттегі тау болып үйіліп жатқан ақ бор, Дендер тастарынан пайда болған төбелер және басқа да керемет табиғат көріністері тасада қалмағаны жөн, — дейді ол.

Ал, туристік клуб ашуды ұйғарған атыраулық Гүлжан Елешева аудандағы туризм мәселесіне қатысты ұсыныстарымен бөлісті.

Көп жылдан бері ел тарихын орыс тілді азаматтарға жеткізумен айналысып келемін. «Бекет ата» кітабын да сол мақсатта аудардым. Өткенімізді тек өзіміз ғана емес, өзгелер де білуі тиіс. Одан бөлек, қазір жергілікті жерде туризмге қатысты түйткілдердің түйінін тарқатуға жұмыстанып жүрмін.

Әсіресе, осындағы Тұздыкөлге туристер әкелуді жоспарлап отырмын. Бірақ, мұнда демалыс өткізуге қолайлы жағдай қарастырылмаған. Тым болмаса, күннен қорғанар пана мен бір жұтым су ішіп отыратын орын жоқ. Көл жағасына қазақтың алты қанат киіз үйін неге құрып қоймасқа? Егер жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетілсе, кәсіпкерлер туризмнен табыс табуға дайын.

Екіншіден, далалық жердегі мәдени-тарихи маңызды орындарға жол бастап баратын ауыл тұрғындары табылса, еңбегі төленер еді. Өйткені, бұл ауданды білмейтін кісілер адасып, ен далада қиын жағдайда қалып қойған. Үшіншіден, туризмге жұмсалған қаржы кейін өзін-өзі ақтайды. Төртіншіден, әр демалыс орнында халықаралық санитарлық талап сақталуы тиіс. Шетелдік қонақтар ең алдымен соны қалайды, — дейді ол.

Бір қызығы, 11,1 мың шаршы шақырымды алып жатқан аумақтан Менделеевтің химиялық кестесіндегі элементтер – калий-магнийлі тұзы, галит, гипс, бор, гравий, құмды қоспасы, тас, тастық балшық, борлы тұз, борат қыртысы, ас тұзы, цемент – бәрін де кездестіруге болады. Белгілі қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың өзі кезінде бұл өңірге «алтын сандықтың үстінде орналасқан ауыл» деп баға берген екен.

Сапар барысында экспедиция мүшелері 1995 жылы бой көтеріп, 2000 жылдары қайта жаңғыртылған Махамбет баба мазарына келіп, ақын рухына дұға бағыштады. Жастар ақсақалдардың естелігін тыңдап, мәдени ескерткіштің тарихымен танысты.

Сіз не дейсіз?

Дәмен Алтаева, «Қоғамдық келісім» кеңесінің мүшесі:

Ел іші де бір-бірімен біте қайнасып жатуы керек. Бір өңір тұрғындарының білмейтінін екіншісі біледі. Сөйтіп, тарихи мұраларды толықтыра түседі. Алдағы уақытта Атыраудың киелі жерлер картасын тек жеті нысанмен ғана шектемеген жөн.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Индер ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button