ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ!

№5 Атырау қалалық емхана ұжымы

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай

ардагерлерді құттықтады

Емхана аумағына қарасты аймақта 10 соғыс ардагері тұрып келеді. 2015 жылдың 6 мамырында Атырау қалалық №5 емхана қабырғасында соғыс ардагерлерін ұлықтау салтанатты мерекелік шара кең көлемде өтті. Бас дәрігер Күлшара Жұмағалиева бүгінде қатарлары сиреп, өшпес ерлік, жанқиярлық қаһармандықтан сыр шертер парақтардың жәдігерлері іспетті Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, үйлерінде болып, гүл шоғы мен қаржылай көмек көрсетті. Сонау сұрапыл соғыста елге деген патриоттық сезімнің, батырлықтың үлгісін таныта білген аға буынның ерлік істерін мәңгі дәріптеу, оны әркез өскелең ұрпақ санасына жеткізу перзенттік парыз екендігін айтқан емхананың бас дәрігері бүгінгі қарияларға зор денсаулық, балаларының қызығына тоймай жүре берулерін тіледі. Ардагерлерге жайылған мерекелік дастарханға соғыс ардагерлері К.Самигуллин, Д.Кушетбаев, М.Дүйсенбаев өз лебіздерін білдіріп, емен-жарқын әңгімелесу кезінде сол сұрапыл күндерді, қарулас жолдастарын еске түсіріп, майдан күндерінен естеліктер айтты.

Ардагер З.Дадешов бүгінгі таңда өздеріне жасалып отырған медициналық-әлеуметтік көмекке риза екендігін білдірді. Ал, соғыс ардагері М.Крюков бұл кездесуді жоғары бағалап, бас дәрігердің өздерінің жағдайларын арнайы келіп білгеніне алғыс сезімін білдірді.

Өз кезегінде емхана бас дәрігері Күлшара Өтеуқызы ардагерлерге мықты денсаулық, ашық аспан тілей келе, арнайы алып келген гүл шоқтарын табыс етті.

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды, олардың ерліктері ел есінде!

 

Әсет ХАМИТОВ, емхананың бөлім меңгерушісі,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз