РӘМІЗГЕ ҚҰРМЕТ – ӘРКІМГЕ МІНДЕТ

ramizgeЕл тәуелсіздігінің ең басты белгілерінің бірі – оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуы. Көк аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – баға жетпес құндылықтарымыз. Ал, осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді сіңіру, патриоттық рухта тәрбиелеу – басты мақсатымыз, перзенттік парызымыз болуы керек.

 

Жуырда облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтіп, онда рәміздерді насихаттау, осы бағыттағы шаралардың орындалуы туралы мәселелер қаралды. Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Жанат Досқалиеваның айтуынша, мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар балабақша мен мектептен бастау алып жатыр. Өткен мерзімде 200-ге тарта шара өтіп, оған 25 мың бүлдіршін мен мектеп оқушылары қатысыпты. Ал, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні барлық оқу орындарында мемлекеттік Әнұран орындалып, ел байрағы жоғары көтерілген.
Жалпы, қалада 90-ға жуық мекеменің төбесіне Ту тігуге рұқсаты бар, әйтсе де кейде оның күтімі ескерусіз қалып жатады: Ту жауын-шашыннан кейін ластанып немесе күнге күйіп оңып кетеді. Сондайда қала әкімдігінің ескертуіне жүрдім-бардым қарайтын мекемелер де табылып жататынын айтты баяндамашы. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ондайларға айыппұл салып, қатаң шара қолдану қажеттігін қаперге берді.
Шынымен де, рәміздерге байланысты қадағалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі керек. Мемлекеттік мекеменің маңдайшасына көк Туымызды қададың ба – енді оның түсі оңып кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын бақылауға міндеттісің. Кейбір мекеме басшылары көк туы боз туға айналып кеткенше мән бермейді, енді бір мемлекеттік мекеменің басшылары Тудың, Елтаңбаның жұмыс бөлмелеріндегі ережеге сай белгіленген орындарын да ауыстырып алып жатады. Бұл ұсақ-түйек емес. Мемлекеттік рәміздерге құрмет мемлекеттік қызметші үшін оны қалай ұстап, қалай пайдалануды білуден бастау алса керек.
Қала әкімдігі өз тарапынан мемлекеттік рәміздерді жасауға лицензиясы бар мекемелердің ғана өнімін пайдалануды ұсынып келе жатыр, әйтсе де, қаладағы 259 мемлекеттік мекеменің 39-ындағы мемлекеттік рәміздер стандартқа сай емес. Бұл олқылықтың орнын толтыруға тапсырма беріліпті.
Ата-бабаларымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаса керек. Кейбір ортада мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, оларды насихаттау тек мемлекеттік органдардың, билік мекемелерінің міндеті деген сыңаржақ пікір бар. Ал, Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп тайға таңба басқандай жазылған. Сол міндетті сезіну және орындау үшін әрбір отандасымызға үйде, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, өндірісте, мекемелерде ұдайы тәлімдік-тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі керек.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Әсия Қыстаубаева 4 маусым күні облыста өткен шараларға тоқталып өтіп, олардың қай-қайсысы да жас ұрпақ санасына ұлттық патриотизмді сіңіруде айтарлықтай пайдасы болды деген пікірін білдірді. Сонымен қатар, 18 маусым күні өткен республикалық патриоттар форумының да облыс халқына әсері мол болды. Бұл шараға мыңдаған адам қатысып, он мыңдаған адам көрермен ретінде тамашалады. «Осындай айтулы шара Атыраудан бастау алды және алға қарай барлық облыстарда жалғасын табады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аталған шараның мазмұнды өткеніне облыс басшылығы мен өңір халқына ризашылығын білдірді. Бұл – үлкен абырой. Ал, Әнұранды еліміз бойынша бір мезгілде барлық мемлекеттік орындарда орындау және Туымызды көкке көтеру дәстүрлі шараға айналады» деді Шыңғыс Мұқан комиссия отырысындағы қорытынды сөзінде.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз