Oakh4Oh9gm8

Ұлттық дәстүрмен сабақтастық

Жаңалықтар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар» деген сөзінде кешегі бабаларымыз салып кеткен сара жолдың сыры жатыр.

Oakh4Oh9gm8

Кез келген ұлттың өркениеті мен мәдениеті ғасырлар бойы жинақталған, бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық-рухани құндылықтардың негізінде қалыптасады. Әр ұлттың өз өркениеті мен мәдениетінің бір арнаға түсуінде де наным-сенімдердің орны ерекше.

Ғалымдар қазақ халқының ұлттық құндылықтар жүйесіндегі ислам дінінің орнын әлдеқашан айқындап, өзіндік пікірлерін қалдырды. Тарихымызға тереңдей көз салсақ, сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыздың ислам мен әдет-ғұрыптарымызды сабақтастырғанына куә боламыз. Сол үрдіс күні бүгінге дейін мәдениетіміз бен құндылықтарымызды жалғастырып келді.

Ислам құндылықтарымен біте қайнасқан қазақ халқының салт-дәстүрлері ұлтты ұйыстырып, халықты ынтымағымен баурап келеді. Өзара сабақтасып, үндесе білген дін мен дәстүр бүгінге дейін үлкен маңызға ие болды. Өйткені, кешегі ата-бабаларымыздың қалыптастырған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бастауы исламға тіреледі. Тіпті, пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениетінен ойып тұрып орын алды.

Бірақ, асыл дініміздің атын жамылып, хақ дінді қаралап, ел санасын үрей философиясына негіздеуді ниет еткен жат ағым өкілдерінің әрекеті, өкінішке орай,  қоғамда бар мәселе. Бір кездері бірлігі бекем қазақ қоғамының іргетасын қалаған ата дәстүр, салтымызды «ширк» ретінде бағалап, қарсы келіп жатқандар да –өзіміздің қаракөздеріміз.

Дін арқылы ұлттың ұйытқысына айналған салт-сананы тәрк ету – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Шындығында, дін де, ұлттық құндылықтар да – Әл-Фараби бабамыз айтқан «бақытты қала тұрғындарын» өркениетке жетелейтін руханияттың саулығы, адамгершілік, имандылық сынды асыл мұраттарды бойына жиған білім мазмұны. «Ендеше, екеуі қай тұста бірігеді?» дегенге саналы түрде былайша жауап беруге болады. Ұлттық құндылық дегеніміз – тарих көшінде ұлттың тірнектеп жинап, кейінге қалдырған тіл, дін, тарих, фольклор, көркем әдебиет, әдет-ғұрып сынды рухани мұрасы.

Ғалымдардың пайымдауынша, бір халықтың толыққанды ұлт болып ұйысуы үшін мына бес асыл негіз түгел болуы керек екен. Олар – тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен. Әрбір жанды-жансыз жаратылысты өз ерекшелігімен, қадір-қасиетімен жаратқан мейірімді Раббымыз адамзат баласын  да түрлі  ұлттар мен ұлыстарға бөлген. Бұл жөнінде қасиетті Құранда былай делінеді: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың» дейді («Хужурат» сүресінің 13-аяты).

Демек, тіл, діл, дін – сан ғасырлар бойы халқымыздың мәдени, рухани-имани тұтастығы мен ұлттық бірегейлігінің негізгі ұйытқысы болып қала береді. Ұлттық тамыр, ата-баба дәстүрі  мен мәдени мұра да әр адамның ой-санасында және жан-дүниесінде, болмысында, қасиетті құндылық ретінде орын алуы тиіс. Сондықтан да, ұлттың дүниетанымдық көзқарастарын, өзіне тән бітім-болмысын, жан-дүниесін, қазақы ойлау жүйесін, мәдениетінің рухани негіздерін танып-білу үшін өткен тарихымызға үңілудің қажеттілігі зор.

Ел ынтымағының ұйытқысы саналатын қазақы ұлттық дүниетанымымыз бен  дәстүр, әдет-ғұрып сынды киелі ұғымдарымызға адалдық таныта білсек, ертеңіміз баянды болмақ. Өйткені, жаһандану дәуірінде дәстүріне иелік ете алмаған елдің келешегі де бұлыңғыр. Бұл қағида Исламның жетінші ғасырдан бастап Қазақ даласына ену процесі кезінде сақталды. Түркі халықтары дәстүрінің емін-еркін ұстануына негіз болды. Аталған уақыттан күні бүгінге дейін қазақ даласы мен Орталық Азия аймағы көптеген дін ғұламаларын өмірге әкелді. Бұл ғұламалардың тікелей ықпалымен өңірімізде ислам діні халықтың тұрмыс-тіршілігіне дендей енді. Өзіндік салт-дәстүрін дінмен астастыра ұстанған халқымыз дінаралық түсініспеушіліктерден де алыс болды.

Бабадан балаға мирас болып келе жатқан құндылықтарымызды  қадірлей  білейік!

Айбек  АТАШЕВ,

Дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығы» мекемесінің басшысы, теолог.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған