Лаңкестік акт кезінде не істеу керек?
Осы және өзге де сауалдарға қатысты жауаптарды Қазақстан Республикасы терроризмге қарсы күрес орталығының сайтына кіріп, ала аласыздар.
Онда алдымен адамдардың өміріне қауіп төндіретін жарылғыш құрылғы немесе соған ұқсас жарылғыш нәрсе болуы мүмкін күмән тудыратын күдікті бір зат табылған жағдайда ұсынылатын эвакуациялау және қоршауға алу аймақтары туралы айтылады. Одан бөлек, бейбіт тұрғындар кепілдікке тұтқынға алынған, сондай-ақ халықты қауіпсіз аймаққа көшіру орны жайлы ақпарат алынған кезде оларға не істеу, қандай қарекет ету керектігі жөнінде жадынама таратылады. Сол сияқты, жарылғыш құрылғы іске қосылған жағдайда жарылыс аймағында немесе ғимарат конструкциялары сынықтарының астында қалып қойған жағдайда не істеу керектігі туралы ақпарат та ұсынылады. Бұдан басқа, қамту аумағында адамдар, оған қоса қызметкерлері кепілдікке тұтқынға алынған, сондай-ақ жарылыс қаупі бар затқа ұқсайтын нәрсе табылған нысандардың басшылары мен күзет құрылымдарының қызметшілері үшін де арнайы жадынамалар дайындалған.
Мәселен, егер қандай да бір жарылғыш құрылғыны байқап, көріп қалып жатса, персонал қандай қарекет жасап, әрекетке қалай көшуі керек? Мұндай жағдайда жұмыс орнында қала отырып, жәймендеп құқық қорғау органдарына, нысанның басшысына немесе қызметкеріне хабарлау қажет. Сосын тек бұйрық немесе нұсқаулық бойынша әрекет ету керек. Күдікті нәрсеге жақын келуге немесе жанасуға болмайды. Мұндайда ешқандай дау-дамай туғызып жанжал көтермей-ақ, үн-түнсіз, айқай-шусыз шешу қажет. Қайткен күнде де қауіпті аймақта тұратын адамдарды көшіру бірінші кезектегі міндет саналады.
Мұның сыртында, аталған орталықта өңірлердегі антитеррористік комиссиялардың жүргізіп жатқан жұмыстары туралы мәліметтер, әлеуметтік желілердегі жастарды түрлі жат ағымдар мен деструктивтік бағыттардың ықпалында немесе жетегінде кетуге үгіттейтін қарсы насихатқа иланудан сақтандыру жолдары жөніндегі мәліметтер жарияланады.
Өз тілшіміз