Әскерилер енді Атырауда да дайындалады

 Енді Атырауда да әскери мамандар дайындалады. ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанынан әскери кафедра құру туралы қаулыға қол қойды. Бұл тізімде І.Жансүгіров атындағы Жетісу және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеттері де бар.

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры Бақыт Жәутіков АТРpress.kz редакциясына берген сұхбатында, Атырау облысының білім, экономика тұрғысынан жоғары әлеуетке ие екендігін атап өтті. Осы орайда, университет жанынан әскери кафедра құруға материалдық та, кадрлық та жағдай жеткілікті. – Атырау облысы – Қазақстандағы арнайы әскери кафедрасы жоқ бірден бір өңір. Тіпті, Қостанай мен Талдықорған қалаларында да бір кездері мұндай кафедра болды. Кейін белгілі бір себептермен жабылып қалды. Біз үш жыл қатарынан Қоғаныс істері министрлігіне арыз түсіріп отырдық. Өйткені, еліміздің батыс аймағындағы жедел дайындықты күшейту қажет. Университет аталмыш кафедраны арнайы корпус пен қоры мол кітапханамен де қамтамасыз етуге дайын. Мамандар да жеткілікті, – дейді ол. Биылғы оқу жылы алғашқы 200 студент қабылданады деп күтілуде. Оның 80-і мемлекеттік грант, ал қалғаны ақылы негізде оқитын болады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз