a 1

Күрең күзде туған ұл

Жаңалықтар Медицина ФОТОГАЛЕРЕЯ
14 / 100

Ол үшін жыл мезгілдері ішіндегі ең қадірлісі – күз. Күз келсе болды, аспаннан бауырсақ жауғандай ылғи жақсылық күтеді. Өйткені ол өз өміріндегі қандай жетістікті де осы маусымда көріпті. Алдымен ал-тын күзде дүниеге келді. Мектеп табалдырығын алғаш аттап, білім нәрімен сусындады, жоғары оқу орнына түсті. Құдай қосқан қосағы Розаны да қоңыр күзде ару Алматыдан тауып, сары жапырақты гүл орнына ұсынды. Үйлену тойлары да күзде өтті.

Енді, міне, қарашаның соңында кешегі жастық жалынын артқа тастап, орта жастың отты жылдарын да қалдырып, егделіктің есігін қағар жер ортасы 70-ке келмек. Бұл аз уақыт емес, азаматтықтың адыр-адыр күндерінен өтіп, өзі қалаған мамандықтың шебері атанды. Үйлі-баранды болып, үш ұл сүйді, немере көрді, келін жұмсады. Мұның бәрі тізбелеуге оңай болғанымен, тізгінді босат-пай тарпақ жылдар жетегінде өтіп шығу қиынның қиыны. Құмар елуінші жылдың боз қыраулы қарашасында Гурьевте наубайханашы Жарылғастың от-басында дүниеге келді.

Бұған дейін төрт бірдей перзентін қара жер қойнына берген Ұлбосын апа бесіншісін босанғанда қатты қуанды. Өйткені әкесін молда деп тесік тау өткізіп, анасын жер аударған оның балалығы жетімдер үйінде өтті. Бой жетіп, тұрмыс құрып, жаңа өмірді бас-таймын дегенде қанасын жарған ұл-қыздарынан тағы айырылды.

Енді, міне, тағы бір ұл іңгәлап жатыр. Бірақ, ол өсе ме, жоқ па? Осындай ауыр салмақ, үлкен ой асыл ананың жүйкесіне сыр бергізді. Оның қалған өмірі ау-руханада өтті, сол жерде қайтыс болды. Ал Құмар болса, сегіз жасқа дейінгі тәрбиені әкесінен алды. Бұдан әрі екінші анасы Мүслиманың бағымында болды. Жарылғас аға бір қарағанда өте қарапайым, артық сөзге жоқ. Ақыл айтып, көсемсуді білмейтін, тұйық жан-ды. Бірақ, жұмысына мығым, қолға алған ісін аяғына дейін жеткізетін нағыз қара шаруаның өзі еді. Қара танымайды және оны қажет деп те білмейді. Мүмкін содан ба, Құмарды сегіз жастан асқанша мектепке бермеді.

Бірде көрші орыстар оны ұстап ап: «Әй, Иван (оны солай атай-тын), ана Гумарайыңды сабаққа бермейсің бе, біз «Буквары» мен қағаз-қаламын алып берейік, сен рұқсатыңды бер» деп қолқалады. Мүслима апай да алдын кесіп: «Бұл бала тұңғышыңыз емес пе, жолын кесіп қайтесіз? Көрші ба-лалардан қалмай, білім алсын» деп жалбарынды. Сөйтіп, ол алғашқы сыныпқа айтарлықтай қиындықпен барды. Мектеп бітірерде де түйіндер туындады. Бұл оқитын білім ұясы (No8 мек-теп) математика, физика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп еді. Құмар аталған пәндерді өте жақсы меңгерді. Ол келешекте адам жанының арашасысы – дәрігер болуды армандап, Ақтөбе меди-цина институтына түсуді қалады.

Бірде облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде «Алматы ме-дицина институтының көшпелі комиссиясы Атырауға келді» де-ген жарнаманы көрген ол еш ой-ланбастан құжаттарын тапсырды. Дайындық басталып кетті. Әйтсе де, Жарылғас аға баласының бұл ойынан хабарсыз-ды. Ол болса, үстеріндегі тозығы жеткен ескі үйін құлатып, жаңадан көтереміз. Содан соң баламды қасыма алып, наубайшылыққа тәрбиелеймін деп жүрген-ді. Тіпті, алғашқы емтихан өтетін күні Құмарға ауладағы саз балшықты езіп, әзірлеп қой. Жұмыстан соң екеуміз тас басамыз деп тапсырмасын беріп те үлгерген-ді.

Бұл болса, еш қарсылық білдірген жоқ. Таңғы бесте ұйқысынан оянып, кеше кешке су құйып, әзірлеп қойған балшығын екі-үш сағат езгілеп, әкесі жұмысқа кеткенде бұл үсті-басын шала-пұла жуған күйі емтиха-нына жүгірді. Абырой болғанда алғашқы сынақтан сүрінбей өтті.

Екіншісі, үшіншісі, қалған сабақтарын жақсы тапсырып, сту-дент атанды. Таңғалатыны – бұл Алматы медицина институты емдеу факультетінің деканатына алғаш барғанында ұзын дәліз бойында Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың суретін және оның жанындағы студенттік билетін көрді. Ол болашақ батырға 1941 жылдың 1 қыркүйегінде берілген. 1942 жылдың 29 сәуірінде майданға алынған. Енді сол батыр апасы оқыған интернатқа (факультетке) Құмар да түсіп отыр.

Тағы бір сүйініштілігі – сол 1969 жылы аталған факультеттің деканы халқымыздың ардақты ұлы, академик Қаныш Сәтбаевтың қызы Ханиса Қанышқызы екен. Ол сол кезде медицина ғылымдарының докторы, про-фессор еді. Ханиса апай әкесіне тартқан жазық маңдай, жайда-ры жүзі бір көргеннен-ақ оның зиялылық пен көрегендікке толы көшелі адам екендігін танытатын. Құмар орыс мектебін бітірді. Сыныптастарының дені өзге ұлт өкілдері болды. Соған сай оның қатынас құралы орыс тілі, тіпті қазақшасы тым аз болатын.

Әйтсе де, оқыған ортасы, курстастарының дені қазақ балалары және Ханиса апасының ұдайы ұлттық болмысы оны бірте-бірте қазақша сөйлеуге машықтандырып, бітім дағдысын өзгертті. Оны айтасыз, кейін қызмет бабында науқастардың сырқаттық баянын (история болезни) қазақ тілінде толты-рамын деп орысшыл аурухана басшылығынан жазбаша қатаң сөгіс алғаны да бар. Әйтсе де, онысына өкінбейді. Жанындағы құлдық санадағы әріптестерінің біразына ой салып, ұлттық ой-санасының оянуына негіз болғаны жасырын емес.

Денсаулық күзетінде

Құмар Жарылғасұлы 1975 жылы аталған оқу орнын бітіріп, өзі туған Атырау қаласына Республика Денсаулық сақтау министрлігінің арнаулы жол-дамасымен келді. Облыстық ауруханада интернатурадан өтіп, осындағы уронефрология бөлімшесіне қалдырылды. Сол күннен бастап, оның маманда-нып айналысқан саласы – бүйрек ауруын емдеу мен сауықтыру. Былайша айтқанда, алдында облыстық аурухананың диализ орталығы базасында білікті нефролог маман ретінде кең көлемдегі емдеу-диагностикалық жұмыстарды жан-жақты және біліктілікпен жүргізу міндеті тұрды.

Сөз жоқ, бұл тың жерге түрен салғандай қиын және жау-апты іс еді. Өйткені, бұл сала об-лыста, керек десеңіз, республика-да бұған дейін жалпылама қолға алынса да тап осылай түбегейлі мақсатты жүргізілмеген-ді. Енді бірізді, нақты жұмыстану керек болды. Осыған орай алдындағы аға буын уролог дәрігерлер – Қ.Смадияров, Б.Харасовтардың бай тәжірибесі мен мол білігінен сабақ алып, үлкен істі бастап кетті. Бұндайда жаңа істің құпиялары көп болатыны белгілі. Сондықтан тәжірибе алмасу, көру, білудің орны бөлек.

Осы мақсатта ол алғаш болып 1978 жылы Мәскеу қаласындағы Пирогов атындағы №2 мемлекеттік медицина институтының урология және жедел нефрология кафедрасының гемодиализ жөніндегі тәжірибе алмасу курсынан өтіп, профессор Евгений Александрович Стецюктің жетекшілігімен диа-лизаторларды қолдан құрап, жұмыс істеу мүмкіндіктерін үйренді. 1995 жылы Италияның Кальяри қаласында әлемдік ғалымдар мен дәрігерлер қатысқан тәжірибе алмасу жиынында науқастардың сырқат бүйректерін емдеу жолдары жайлы кең ауқымды курстан өтті.

1981, 2003, 2008, 2013 жылдары Мәскеудің Сеченов, Санкт-Петербургтің Павлов атындағы медициналық академияларында нефрология және гемодиализ тақырыбында өткізілген мамандық жетілдіру курстарына қатысып, білім деңгейін айтарлықтай өсірді.

Бұлардан басқа 1980 жылы Баку қаласында өткен нефрологтардың екінші Бүкілодақтық съезіне қатысса, 2009, 2011, 2013 жылда-ры Мәскеуде ұйымдастырылған нефрологтар апталығының да құрметті қонағы болғаны бар. Сондай-ақ, әр жылдары Морокконың Агадыр (2009) қаласында, Прагада (2011), Парижде (2012), Гонконгте (2012), Амстердамда (2013) өткен нефрологтардың бүкіләлемдік және халықаралық конгрестеріне қатысып, есімдері ендіктер мен бойлықтарға белгілі ғалымдардың әңгімелерін тыңдады, ауызба-ау-ыз сөйлесіп, тәжірибе алмасты.

Мұның бәрін тізбелегенде мәселе кейіпкеріміздің ел көріп жер тануы мұрат емес, ең басты-сы оның қалаған мамандығына сай ұдайы іздену, озат тәжірибені үйрену керектігін айту және Құмардың өңірімізде 1976 жылы негізі қаланып, жылдар өте материалдық базасы жағынан жетілген, жас, жаңа мамандармен толыққан саланың аурухана жа-нынан жеке отау тігіп, өз алдына бөлімше атануына айтарлықтай үлес қосқанын қаперге беру еді.

1993 жылдың 27 қаңтарында өз алдына нефрология және гемодиализ бөлімшесі отау тігіп, оның меңгерушісі атанды. Диализдік жабдықтардың көмегімен қанша науқас төтелеп келген ажалдан құтқарылып, өз өмірлерін ұзартты, отбасына қуаныш, бала-ларына бақыт әкелді. Сол бір 1976 жылдан бергі қырық төрт жылда оның алдынан қанша науқас өтіп, өз орталарына қосылып, алғыстарын жаудырды. Олардың ішінде аурулық түрлеріне қарай 5-10 жыл, 15 жыл өмір сүргендері бар.

Құмар Жарылғасұлының тәжірибесінде ең ұзақ жасаған сырқаттың ғұмыр ұзақтығы – 19 жыл болды. Бұл алғашында жалғаннан жарты жыл болса да жарық тілеп келген пұшайман жан (пацсиент) үшін зор бақыт емес пе? Нефрология және ди-ализ орталығында демалыс деген болмайды. Дәрігерлер мен орта буын қызметкерлер ұдайы науқастармен жұмыс істейді. Өйткені емдеу орнынан бар-жоғы бір апта қол үзген сырқат өмірмен қоштасады, бақилық ғұмыр кешеді. Себебі олардың қос бүйрегі де жұмыс істемейді. Соған сай мұндағы диализ жабықтарының да бір күн тұрып қалуына болмайды.

Сондайда Құмардың өзі ара-ласып, соның шебері атанған сәттері де бар. Өйтпеске амал жоқ. Ақыры бәрін де үйренеді, бел шешіп кіріседі. Алғашында даладан, өзге қалалардан, озық технология-лы шетелдік кәсіпорындардан мамандар шақырды. Олар әуелі уақытының жоқтығын айтып бұлданады. Содан соң олар бол-машы бір тетікті түртіп қалады да, істен шыққан бөлшектің бағасын аспандатып, әкесінің құнын сұрайды. Өз мүмкіндігі жоқ, қолы қысқа, ақыры бәріне көнуге тура келеді. Осы себепті әлгі қонақтың жанынан шықпай, қай тетікті қалай бұрап, ашып жатқанына көзін салып, бір қарайды, екі қарады, үшіншісінде үйренеді. Көре-көре көсем боласың деген сол емес пе?

Қазір ол өздеріндегі аппараттың қай-қайсысын да мүмкіндігіне қарай жөндей береді. Дәрігер ең алдымен адаммен жұмыс істейді. Оның артында сүттей ұйыған отбасы, құдай қосқан жары, балалары, орта-сы бар. Оларды асырап, өсіріп-өндіріп, оқытуы, қанаттандыруы керек. Болмаса, жасы жеткен ата-анасы, өзінен кіші бауырла-ры бар. Солар үшін ол емделуі, қазіргі дамыған медицинаның көмегімен ауру бүйректі сау бүйректермен ауыстырып, от-басы бақытын жалғастырғаны дұрыс. Ал дәрігер болса, сол үшін жұмыстанып, уақытпен санаспай, аптаның қай күні, қай шағында да аурудың жанынан табылуы тиіс.

Кейде әлдебір ауыр халде жатқан науқастың жайын ойлап, түні бойы дұрыс ұйықтамай шығатын сәттері де болады. Сөйтіп, оның күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бұзған сүйікті мамандығы – ғұмыр бойғы қызметі Құмарды мұрты жаңа ғана тебіндеген жасөспірім жігіт шағынан шашын қырау шалған еңкіш қарияға жеткізді. Өзі туған өңірде бүйрек ауруына ем қолданушы алғашқы нефролог дәрігер атанды. Бұл бағыттағы жаңа бөлімшенің отау тігіп, оның жылдар бойына адамдарға қызмет көрсетуіне өзінің бар саналы өмірін арнады. Онысын ешкімге міндетсіп, даусын көтеріп айтқан да емес, марапат та тілеген жоқ.

Бар-жоғы талай басшылықтың алдында болып, алғашқыдағы жи-ырма төсектік бөлімшені қырық, одан алпыс төсекке жеткізіп, жаңадан экстрокорпоральды ем-деу жолы – гемодиализ және республикада алғаш рет қан та-зарту түрі – мембранды плазмо-фозиз әдісін іске қосты. Сөйтіп, бүйрек ауруын емдеудің алғашқы толыққанды баспалдақтарын игерді.

Бұл ең алдымен қыруар қаражатты, содан соң жаңа за-манауи емдеу жабдықтарын және олармен лайықты жұмыс істей алатын білікті орта буын қызметкерлер мен жоғары білімді дәрігер мамандарды қажет етеді. Ол үшін облыс көлемінде жұмыс істеп жатқан шетелдік, отандық кәсіпорын басшылары-мен кеңінен әңгімелесіп, көмек сұрады, ортақ келісімге келді. Қай-қайсысының да нәтижелері жақсы болды.

Бұл ретте ол өзі жұмыс істеген әр жылдарғы ау-рухана басшылығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыс басшыларына көрсеткен көмегі, түсіністік танытқаны үшін ризашылық білдіреді. Қазір облыста нефроло-гия және диализ бағытында жұмыстанатын бес-алты орталық бар. Соның бірі – республикалық «Зейін» медициналық кешенінің Атыраудағы гемоди-ализ орталығына 2015 жылдың 2 қаңтарынан бері басшылық (бас дәрігер) етіп келеді. Мұнда бір кезекте 75 науқас емделеді. Орталықта сырқаттардың медициналық талаптарға сай ем алуына қажетті жағдайлр жасалынған.

Осы уақыт ішінде Құмар өзінің қырық жылдан астамғы маңдай тері, адал еңбегінің жемісі ретінде деп, салалық министрліктің лайықты марапаты, өзі үшін ең жоғары баға – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Нефрологияның Алтын адамы» белгісін айтады. Ол Құмарға 2019 жылдың 5-7 қыркүйек күндері (тағы да күз!) Семей қаласында өткен ІІІ Ұлттық нефрология, диа-лиз, трансплантация конгресінде тапсырылды. Конгреске Еуропа мен Азияның, ТМД елдерінің осы саладағы білікті мамандары мен ғалымдары, институт басшылары қатысты.

Марапатты министрлік басшыларының бірі күллі қатысушылар алдында та-быс етті. Еңбегіңнің еленгені, оны қос құрлықтың денсаулық сақтау саласындағы ең бір жайсаңдары мен қаймақтары қол соғып, қошеметтеп тұрса, тіптен ғажап қой. Кәдімгідей қуанды, шынайы риза болды. Дәл сол сәтте көңілі марқайып, санасына сандаған ой-лар келді.

«Шіркін, туған халқыңа бар жүрегіңмен адал қызмет ету, оның марқабатын, марапатын көру, қошеметіне бөлену не деген бақыт еді?!» деп ойлады. Сол күні кеште республикалық телеарналардың біразы осы ма-рапат тапсыру сәтін еліміздің түкпір-түкпіріне таратты. Мұны танитын жора-жолдас, достары мен ағайын, әріптестері аталған марапатқа орай сол сәтте телефон шалып, жылы лебіздерін білдірді. Еңбек бақыты деген осы ғой. Әңгіме өңіріңе сылдырлаған алдамшы темір тағу, неме-се әлеміштеніп атың жазылған қатырма қағаз алу емес, өмір бойы өзегіңе тін, өміріңе мән болған мамандығыңның өтеуі ғой. Оны қалай ұмытарсың?! Өлсең балаларың көреді, немерелерің мақтанады, марқаяды. Бұл өлмейтін мәңгі естелік.

Оймақтай ой

Міне, ағайын, бұл дәрігер Құмар Иманғалидың 70 жыл жер басқандағы жүріп өткен жолы, көріп, білгені, істеген қызметтері. Дүниеге келген адам есейіп, ер-жеткенде тіршілік қамына кіріседі. Ол отбасын, өзін асыраудың ама-лы. Сол арқылы ол өзі өскен ортаны, елін, жерін көркейтеді, адамдарға жақсылық жасай-ды. Бақыт деген осы. Атыңды адамдар ардақтаса – еңбегіңнің ақталғаны, елдің елегені емес пе? Шын бақыт сол. Оның өмірде таңдаған мамандығы – медицина, адам ағзасын емдеу, олардың өмір сүру кезеңін ұзарту.

Бір қарағанда адам ағзасы дегеніміздің өзі де сан тарау, ал бұл болса, соның бүйрек деген бөлшегін оңалтуды қалады, мамандығы – нефролог. Нефрология – бүйрекке қатысты патология. Нефролог болу – ме-дицинадан энциклопедиялық көлемдегі білім игеруді қажет етеді. Онсыз нефролог атану мүмкін емес. Ол өмір бойы оқып, көріп, үйреніп келеді. Дәл қазір жетпіске келіп, қариялылықтың қасиетті табалдырығын аттап тұрса да оқу, тоқуды артық са-намайды. Егер тағдыр айдап қайтадан мамандық таңдау кезегі келсе, ол еш ойланбастан дәрігер болуды, оның нефрология са-ласын таңдар еді. Өйткені ол өз мамандығын жанындай жақсы көреді, сүйеді.

Осы ретте Құмар дәрігерлік қызметтегі жарты ғасырға жуық жұмыс өтілінде 1976 жылы өзі туған өлкеде алғашқы нефро-лог дәрігер атанып, 1993 жылы Атырау облысындағы диализ залының бірінші нефрологы болды. 1997-де Қазақстанда алғаш рет мембрандық плазмаферезді тәжірибеге енгізді. 2003 жылы республикамызда Денсаулық сақтау министрлігінің ге-модиализ жөніндегі хаттама-сын жасаушылардың бірі атан-ды.

2009 жылы Ресей диализ қоғамына мүшелікке өтті. Ал марапат жағына келсек – Республика денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы мен атау-лы дипломын алды. Осыдан-ақ оның әу бастан атақ үшін абырой салып жүгірмегендігін көруге болар еді. Оған өкінбейді де. Өйткені оның дәрігер аты бар. Өзі үйретіп, жолын қуған, іс басында жүрген шәкірттері де жетерлік.

Ең бастысы – еңбегін көріп, емін алған, отбасына оралып, қуаныш-қызықтарын көрген емделушілері бар. Соларды көріп шүкіршілік етеді, ертеңіне сенеді.Өңірімізге, өңір емес, күллі әлемге, Мұқағалиша айтсақ, күрең күз, ауызекі тілге иек сүйесек қоңыр күз келді. Біреулер оны табиғаттың қабағын жапқан мұңлы сәт дейді.

Ал Құмар үшін «балапанды күзде санайды» деп халқымызда айтатындай бар жемісін беретін ырысты, жұғысты шақ болып есептеледі. Оның өміріндегі барлық жақсылықтар мен игі істердің бастауы осы күз айларына қатысты. Ендеше, Құмардың күрең күзінің алдағы күндерде де ажары мен базары, қайыр-құрметі мол болғай.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

a 2

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған