Жыл басы туралы не білеміз?

d182b294e7666042da6fe8fd98dbfadf Жаңалықтар

Қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері, әрі ғалым Мұхтар Арын тірі болғанда үстіміздегі жылдың мамыр айында 80 жасқа толар еді.  Көзі тірісінде ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, бірнеше жыл Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған Мұхтар ағамыздың артында қалдырған рухани мұрасы өте көп.

d182b294e7666042da6fe8fd98dbfadf

Біз бүгін Наурыз мейрамы қарсаңында  оның «Наурыздан Наурызға дейін» атты ғылыми-танымдық мақаласынан  үзіндіні  оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. 

Алғашқы табиғи өлшемдер – күн мен түн. Одан кейінгісі – ай. Ай жаңа туып, бір сызық болып қана пайда болады.  Уақыт пен өмірді ұштастыра отырып, ай туғанда оған үмітпен қарап, «Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім, ескі айда есіркедің, жаңа ай жарылқай гөр» деп тілек білдіріп жататыны да осыдан. «Ширек ай», «толған ай», «Өліара» дегендерді қазақ  текке  айтпаған.

Уақыттың табиғи өлшемдерімен қатар халықтың өзі ойлап тапқан  өлшемдер де шыға бастаған. «Сүт пісірім уақыт» «бие сауым уақыт», «тары қуырым уақыт», «күн арқан бойы көтерілгенде», «күн құрық бойы көтерілгенде», «күн еңкейгенде»– осының бәрі қазақтың өз қиялынан шыққан халықтық өлшемдер.

Жалпы уақыт туралы ғылым «хронология» (көне грек тілінен) деп аталады. Мұндағы «хронос» – «уақыт», «логос» – «ілім» деген сөз. Тәулік, сағат, минут, секунд секілді уақыт  өлшемдері де осы ғылымның туындылары. «Минут» латыншадан аударсақ, «кіші бөлшек» деген ұғымды, «секунд» «екінші кіші бөлшек» дегенді білдіреді.

Астрономдар Жерді Күннің айналып шығу мерзімі 365 күн 6  сағат екенін анықтап, осыдан әрбір төрт жылда бір тәулік құралып, жылға қосылып отыратын болған. Осыдан келіп ақпан айы 29 күнге толып, жыл «високосный» деп аталған. Мұның өзі латынның «бис секстус» деген сөздерінен құралған. Қазақшаға «екі мәрте алты» деп аударылады. Концерттерде көрермендердің «бис» деп айтып жататыны – көрсетілген өнердің «қайталануын» өтінуі. Латынның «бис секстусы» славян елдерінде «високос» түрінде қабылданып, күні бүгінге дейін сол қалпында қолданылып келеді. Бүгінгі қазақ тілінде орыстың «високосы» да емес, арабтың «кәбісесі» де емес, латынның «бис секстусы» қолданылса, дұрыс болар еді. Сөздің түпнұсқасын бұзбай қолдану оның түптөркінін тез түсінуге ыңғайлы. Осындай ойды халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі Халел Досмұхамедов те өз кезінде атап көрсеткен екен.

Жалпы, «жыл» деген сөздің этимологиясын венгрдің атақты түркологы Г.Вамбери көне түркі тілінің «иілу» деген етістігімен байланыстырып, уақыттың бір нүктеден шығып, қайтадан соған иіліп оралуын бір «йыл» деп түсіндіреді. Мәдениетімізді ұлттық негізде дамытуға бет бұрып, ата-бабаларымыздың  тәрбиелік мәні бар дәстүрлерін халықтың игілігіне жаратуға ұмтылып жатырмыз. Солардың бірі – Наурыз тойы. Бұл – бүкіл шығыс халқына тән той. Жаңа жыл тойы дейміз. Жаңа жыл ұғымы бізге таныс. Бірақ, Наурыздың Жаңа жыл ретінде өзіне тән ерекшеліктері бар. Қаңтардың 1-нен басталатын Жаңа жылдың табиғатпен ешқандай байланысы жоқ. Наурыз – күн мен түннің теңелген күні. Сонымен қатар, жаңарудың, көгеріп-көктеудің, өсіп-өнудің басы. Демек, табиғаттың өзі ұсынып отырған Жаңа жыл. Көктемге қарай табиғат пен адамның жаңару, түлеу кезеңі басталады. Бұл кезде адамның жан дүниесі мен табиғаттың тылсым сырының іштей үндестігі бар сияқты.

«Наурыз» – парсының сөзі, қазақша аудармасы – «жаңа күн». Бүгінгі қолданылып жүрген күнтізбенің 22 наурызы – жаңа күн немесе Жаңа жылдың бірінші күні. Демек, парсы күнтізбесі бойынша наурыз айының бірінші жұлдызы болып саналады. Парсы күнтізбесінде айға бөлініп, қалған бес күні, яғни наурыздың 17-сі мен 22-сінің аралығы «бесқонақ» деп аталады. Мұның мәнісі ешбір айға енбейтін, жалпы жылға қонақ күндер деп түсіндіріледі.

Бір жылда ай санының он екі болуы тегін емес. Бұл «зодиак» деп аталатын он екі шоқжұлдыздың санына байланысты. Шоқжұлдыздар арқылы адам тағдырын, оның ішкі табиғатын сипаттау әр елде де бар әдет. Қазақ халқында да «жұлдызың жоғарылай берсін» деген баталы сөздер жиі қолданылған. Біздің аузымызға «сәт», «дәм» деген екі сиқырлы сөз жиі түсе береді. «Құдай сәтін түсірсін», «дәм тартса» деген қасиетті ұғымдардың өзіндік терең сырлары бар.

Наурызды  екі мақсатта пайдаланған орынды деп есептеймін.  Біріншіден, табиғи Жаңа жыл ретінде, ата-бабамыздың Жаңа жылы деп сенуіміз керек. Табиғи деп отырғаным, бұл – жаңару кезеңі. Шығыс елдерінде Жаңа жылға бір күн қалғанда бүкіл жыл бойына жиналған күл-қоқыстардан құтылады. Бұл заттық қана мағынада емес, имандылық жағынан да түйсінуді тілейді. Бойдағы қайғы-қасірет, күнә, жаман қылықтар, кемшіліктер «Құдай-ай, тазарта гөр» деген игі  тілекпен, күл-қоқыспен бірге шығарылып тасталмақ. Мұның өзі –ауқымы кең дүние, адамның ішкі табиғатымен байланысты. «Мен де табиғатша түлеймін, жаңарамын» дегенді білдіреді. Екіншіден,  терең тәрбиелік құны бар  әдет-ғұрыпты, салт-санамызды халықтың көз алдына қайтадан келтіру мақсаты алға қойылуы керек.

Мұхтар АРЫН,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Айдын Мәмбетов

    Дұрыс жазған екен. Наурыз мерекесінің мән-маңызын терең түсіне алмай жүрміз әлі. Зерттеу, бұрынғы кездегіні жаңғырту жоқ. Театрландырылған көрініс деген жүректі айнытады.