Күміспен күптелген Ермек
Atr.kz/6 маусым, 2019 жыл. Жуырда Австрияның Лейбниц қаласында дзюдодан жастар арасында Еуропа кубогі сарапқа салынды. Осы дүбірлі жарысқа қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өңірімізден бес спортшы бағын сынап, олардың ішінде Ермек Амангелді елге күміс медалмен оралды.
66 келі салмақта өнер көрсететін саңлағымыздың тобында 64 спортшы негізгі кубок жолында өзара күш сынасты. Ермек алғашқы белдесуінде германиялық Тристан Кулманнды ұтып, екінші кездесуінде болгариялық Антонио Яневті жерге қаратты. Одан соң татамиде бразилиялық Виллиян Лимамен жолығып, қара нәсілдіні де сабасына оңай түсірді. Келесі кезекте ол алдымен француз Бенжамин Гомештен, кейіннен жартылай финалда латвиялық Артжомс Галактионавстен басымдық танытты.
Ал, финалда күн шығыс елінен келген Джузи Айдамен белдескенде, жерлесімізге сәттілік жетіспей, қортындысында ол екінші тұғырдан көрінді.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ