Күй тарихы: Құрманғазы және Маңғыстау
Қазақ халқының бай мәдени мұрасын мазмұнды, әсерлі, терең мағыналы философиялық күйлерімен толықтырған тұлғаның бірі – Құрманғазы Сағырбайұлы. Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Жиделі жерінде дүниеге келген ол қолынан қоңыр домбырасын тастамай, қазақтың біраз жерінде болып, кең даланы күй әуеніне бөлеген.
Ұлы күйшіні 1845-1850 жылдары Жем, Сағыз бойы мен Маңғыстау, Үстірт өңірлерінде болған деседі. Жүрген, тұрған жерлеріне күй арнамай кетпейтін Құрманғазы киелі Маңғыстау топырағында да бірқатар туындысын өмірге әкелген десек артық айтпаспыз. Қазірге дейін, ғалымдардың зерттеуінше, ұлы күйшінің 60-тан аса күйі бізге жетсе, Маңғыстау тақырыбындағы туындыларының өзі онға жуықтайды. Олар – «Төремұрат», «Адай», «Маната», «Көбік шашқан», «Балқаймақ», «Бозқаңғыр», «Ақсақ киік», т.б. Бұл күйлердің әрқайсысының шығу тарихы бар. Жалпы ұлы күйшінің Маңғыстау, Үстірт жағында болған уақытын өзінің шеберлігі кемелденген кезеңде келіп, жергілікті өнерпаздармен шығармашылық байланыс жасаған кезі деп айтуға толық негіз бар. Құрманғазы шығармашылығының басты ерекшелігі – жүрген жерінде сол елдің азаматтарымен, өнерімен танысып, оны үйрене білуі.
Құрманғазының Маңғыстауға бір келуі оның шоқтығы биік «Төремұрат» күйімен белгілі. Төремұрат – он екі ата Байұлының ішіндегі Таз руының Жастабан атасынан, осы рудың атақты батыры. Ол – орыс бодандығына қарсы және басқа сыртқы жауларға күш көрсеткен қарымды тұлғалардың бірі. Отаршыларға қарсы күресте көмек сұрап, Хиуа хандығына барған. Ел ішінде палуан, мерген домбырашы ретінде де қатты қадірленген тұлға. Төремұрат өзімен ағайындас Нарынбай, Өтен батырлармен бірге ел қорғауда талай ерлік мәртебесіне ие болған. Осы «Төремұрат» күйінің тарихы Таз руындағы теңдесі жоқ сұлу Данай деген қызбен және Маңғыстау жерімен байланысты. Қыз Данай сұлулығы мен ақыл-парасаты жаннан асқан хас сұлудың өзі болған, Таз руының Келдібай атасының Жәлімбет бұтағынан. Қыз Данайды жақындары айттырып, қалыңмалын төлеп, көзінің кемістігі бар бір ағайын жігітке қосатын болған. Төремұрат жалынып-жалпайып, екі-үш есе айып төлеп Данайға үйленуге ағайындарынан рұқсат сұраса да, үлкендер рұқсатын ала алмайды. Амал жоқ, Төремұрат Данайды алып қашады. Елдің шырқы бұзылып, ұрыс-төбелес көбейеді. Төремұрат пен Данай Хорезм жақта бұрын араласып, өзіне жолдас болғансып жүретін түрікмендерге барады. Түрікмендер Қыз Данайдың сұлулығын көрген соң өздеріне алғысы келіп қатты қызыққанымен Төремұраттың батырлығынан әрі бір кезде өзімізге зиян келтірер деп сескенеді. Түрікмендер Төремұратты өлтіріп, Данайды иемденуді ойлайды. Олардың бұл пиғылын сезген Төремұрат Қыз Данайын алып, Маңғыстауға қарай бет түзейді. Мұны сезіп қалған түркімендер соңынан өкшелеп қуып қоймайды. Төремұрат батыр ел намысын, өз махаббатын қорғау жолында Маңғыстаудағы Күйкен тауының етегінде болған теңсіз шайқаста саны көп түркімен аламандарының қолынан қазаға ұшырайды. Ал жау қолында кетіп бара жатқан Қыз Данайды Адайлар құтқарып, Төремұратты жерлейді.
Осы сәтсіз оқиғадан кейін Қыз Данай бір-екі жыл Маңғыстауда тұрған деп те айтылады. Өлкеде Құрманғазы, Төремұрат, Қыз Данай туралы сан құбылған әңгімелер де бар. «Қызданайдың күлкісі», «Қызданайдың кербез жүрісі», «Қызданайдың шай құйысы», «Қызданайдың қырғыны» деген күй аңыздарды Әбіш аға Кекілбайұлы әжелерінен талай естіп өскенін айтса, Адайдың бес жүйрігінің бірі Нұрым Шыршығұлұлы өзінің «Тоғыз ауыл» атты дастанында:
Күйкеннен бергі мұрыннан,
Көштің алды бұрылған,
Адыра қалған жер еді,
Ноғайлының, біз түгіл
Жаңбыршы ұлы Телағыс
Кешегі қырық таңбалы Қырымнан
Төремұрат батырдың өлген жері сол екен, — дейді.
«Талай да талай ер өтті, халқының қамын жеп өтті» демекші, Маңғыстау өңірінде найза ұстаған батырлар мен от ауызды, орақ тілді би-шешендер аз болмаған. Солардың бірі – Адайдың батыры Сүйінғара осы Төремұрат оқиғасын естіп, Төремұрат жерленген Күйкенге келіп, басына белгі орнатуға негіз болған делінеді. Талай зерттеулерге, ұлы күйшінің шығармашылығына негіз болып, аты айтылатын Төремұрат батыр – Құрманғазыға кәрі нағашы, соған қарағанда Құрманғазының әжесі Таз руының қызы болса керек. Құрманғазы онымен жақсы араласып, кәрі нағашыларына ара-тұра келіп тұрған. Маңғыстау жұртшылығы осы өлкеден шыққан атақты күйшілердің бірі – Есір Айшуақұлы Құрманғазымен кездесіп, өзінің «Жалды қара» күйін арнаған деседі.
Маңғыстау топырағынан шыққан Әбіш Кекілбаевтың шығармаларында көптеген тарихи тұлғалардың есімдері аталып, оның шығармаларының негізгі өзегін құраса, жазушының өнер адамдары жөнінде алғаш жазылған туындысының бірі «Аш бөрі» әңгімесі осы Құрманғазы атамызға арналған десек қателеспейміз. «Аш бөрі» сөзтіркесі дүлдүл күйші, ұлы сазгер Құрманғазының өз әнінен алынған.
…Аш бөрі жүрген жерім қанды майдан,
Шыққан жоқ, атқан аңым терең сайдан.
Қазақта талай қатын ұл туғанмен,
Дәл мендей ұл табатын қатын қайдан?! —
деген жолдары бар.
«Аш бөрі» әнінің шығу тарихы да бар. Ол – Шөкен қыздың Құрманғазыны мүдіртем деп ел алдында мұқатуынан туындаған өлең. Таз руынан шыққан белгілі адамның қызы Шөкен Құрманғазыны теріс көрмейді, өзінің басы бос, айттырылған жері жоқ екен. Бірақ Құрманғазы өзінің айдауда жүргенін, баласы бар адам екенін айтып, оған ыңғай бермейді. Сонда Шөкен қыз:
Байлардан белгі қалады қонған жерде,
Түлкінің еті қалар сойған жерде.
Ішкен ас, сый-құрметті олжа көріп,
Жүресің төбет иттей тойған жерде.
Қайдағы Адай, Таздың арын арлап,
Сен жүрген бір «Бозқаңғыр» біздің елде.
Шет жерде әлін білмей әлек болған,
Сөзім шығын болмайды-ау сендей кімге, — деп Шөкен шаптығады. Осы оқиғадан кейін Құрманғазының «Бозқаңғыр» атты күйді дүниеге әкеледі.
Құрманғазы Сағырбайұлының күйі деп жүрген «Адай» күйі тарихына қатысты ел аузында аңыз әңгімелер жеткілікті. Алғашқы деректі қазақ музыкасының тарихын зерттеуші Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде екі аңызды келтіреді. Оның бірі былай айтылады. Күйші Адай руына барып, қонақ болып отырғанда ілулі тұрған домбыраға көзі түседі. Домбыраны алып, құлағын теріс бұрауға келтіріп қояды. Кейін үйдің ерке қызы келіп, онымен тартысқа түседі. Соңында екеуі бір-бір күйден тартты дейді. Сондағы қыздың тартқаны «Адай» күйі болса, Құрманғазы «Серпер» күйін тартыпты. Бұл деректі Дина күйші айтты деп келтіреді Жұбанов. Зерттеуші дәл осы еңбегінде: «…Адай руы Исатай көтерілісінде көзге түскен болатын. Жоғарыда айтылған Сағыздан келіп Исатайға қосылған қолдың ішінде адайлықтар көп болатын… Біздіңше, Құрманғазы Адай руы атын жалпыланған ұғымда алып, еркіндік сүйген елінің қайтпас күшіне арнап шығарған болуы керек» деп жазады.
Ал Адай шежірешілері айтып кеткен дерек бойынша, Құрманғазы иен далада келе жатса, 300-дей қарулы сарбазды көреді. Олар түркімендермен соғысуға бара жатыр екен. Қарсы жақтың 3 мыңдай әскері болса керек. Таңғалған Құрманғазы биік төбешікке шығып, әліптің артын бағады. Сонда адайлықтар ер-тоқымның артына қой терісін байлап, бір қатармен шабады. Жерге сүйретілген тері айналасын шаң-тозаңға айналдырады. Түркімендер осыны көріп, шауып келе жатқан 30 мың жауынгері бар қалың қол деп ойлап, жан-жаққа қаша бастапты. Осыны көрген Құрманғазы жігіттердің қулығына әрі батырлығына риза болып, «Адай» күйін шығарған деседі.
Күйшінің Маңғыстау жеріне арнап шығарған келесі бір шығармасы – «Көбік шашқан» күйі. Қазіргі әсем Каспий теңізі бір кезеңдерде деңгейі көтеріліп, арнасынан шығып тасып кетеді екен. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, бұл белгілі бір мерзім сайын болып тұратын құбылыс көрінеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында болған осындай құбылысқа Құрманғазы күйші мен ақын Қашаған куә болыпты. Құрманғазы бір келгенде Қашағанмен кездесіп, екеуі тасып жатқан теңізді жағалай жүреді. Кейін Қашаған ақын халықты қиналысқа ұшыратқан осы тасқын жөнінде атақты «Топан» атты дастанын шығарса, асып-тасып, көбіктеніп толқып жатқан теңізді көргенде «Көбік шашқанды» төкпелеткен екен.
Үстірттің қыры мен Маңғыстаудың қара ойын жалғастырып жатқан он төрт құлама жолдың негізгісі «Маната» деп аталады. Ертеректе бұл жер сол жерде орналасқан Маната әулиенің есімімен аталған. Күй атасының «Маната» шығармасы – оның осы жерден өткенінің айқын айғағы.
Олай болса ұлы күйшінің бұл өлкедегі өмірі мен шығармашылық қызметі әлі де тиянақты зерттеуді талап етеді. «Тау жығардай таусыла шайқалар, теңізді төңкерердей теңселе күйзелер, нөсерлете себелейтін нөпір үн мен қырда ойнаған киіктің қырық құйқылжыған дүсіріндей құбылмалы ырғақ тек Құрманғазыға ғана тән» дейді абыз жазушы Әбіш Кекілбаев. Жұмыр жердің үстіндегі миллиондаған жұмырбастылардың жүрегінің түкпірінде жан тебірентерлік қанша сыр болса, Құрманғазының күйлерінде де тап сонша қыр бар. Өйткені ол бір өзінің ғұмырында күллі адамзат баласының басында болатын тірілей тамұққа кіргеннен басқа тауқыметтің бәрін де көріп үлгерді, тірілей жұмаққа кіргеннен басқа рахат пен ләззаттың, абырой мен даңқтың, ерлік пен ерліктің, мейір мен пейілдің бәрінің де дәмін татып үлгерді. Сондықтан, оның бал бармағынан төбе құйқаңды шымырлатып, қабырғаңды бір-бірлеп қарш-қарш сөккендей, әбден мұқалтып та, бұралтып та кетердей ауыр аза, өн бойыңды жидітіп, өзегіңді тіліп түсер ащы ыза, шыбын жаныңды құрсаудай қысып, матаудай мытып жіберердей тегеурінді намыс пен кек асып-тасқан алапат жігер мен шабыт, шалқар дария шаттық пен қуаныш, телегей-теңіз мейір мен пейіл бет-бетіне ала қашпай, бір жүрекке сыйып, бір жүйкені тербете алардай шынайы үйлесіммен төгіледі.
Виртуоз домбырашы Құрманғазыны мың сеңгірдің басын тоғыстырған асқар тауға, мың-мың дарияның аяғы барып құятын алып мұхитқа ұқсатып тұрған да осы қасиеті. Олай болса, ол жөнінде біртуар дарын иесі, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлынан асып ешкім сөз қалдырған жоқ: «көзі барда өзі, көзі жоқта өнері қауымның басына сүйесін, қолтығына демесін болып, дүние тұрғанша тұратын».
Иә, Құрманғазы тұлғасы қазақ елінің өмірінде қала береді.
Киікбай ЖАУЛИН,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, тарих кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор
Ақтау қаласы