Коронавирус жұқтырған дәрігерлерге енді 880 мың теңге айыппұл салына ма?
Әлеуметтік желіде қазақстандық дәрігерлерге коронавирус жұқтырғаны үшін айыппұл салынады деген хабарламаның фейк екені анықталды.
Нұр-Сұлтан қаласының дәрігері желіде енді коронавирус жұқтырған дәрігерлерге 880 мың теңге айыппұл салынатынын жазды. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп жазды StopFake.
Денсаулық сақтау министрлігі де, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті де коронавирус инфекциясын жұқтырған дәрігерлерге айыппұл салу туралы қаулы шығарған жоқ.
Бұл туралы комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлімдеді. Ол осы ақпаратты жариялаған дәрігермен сөйлескенін айтты.
«Қазір бұл мәселе бойынша Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы шаралар қабылдап жатыр. Бізде мұндай заңдар жоқ және болмайды да. Оны нақты айта аламын. Біз әр дәрігерді бағалаймыз. Дәрігерлер бізге пандемиямен күресуге және қазақстандықтардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі», — деді Байтанаев.
Айта кетейік, 20 қазанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия коронавирус пен коронавирус белгілері бар пневмонияға шалдыққан және одан қайтыс болған дәрігерлерге өтемақы төлеуді тоқтатты. Осы уақытқа дейін қабылданған барлық өтініш бойынша бір реттік өтемақы төленеді. Одан кейін тоқтатылады. Ал коронавирусты жұқтыру қаупі үшін жалақыға қосылатын үстемақы төлене береді.
Ал оған дейін денсаулық сақтау министрлігі бір реттік өтемақының екі түрін бекіткен болатын. Коронавирус инфекциясын немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 миллион теңге, коронавирус инфекциясынан немесе вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда дәрігердің туыстарына 10 миллион теңге төленді.