Қазақ романсының патшасы

өнер2 Жаңалықтар

Әнге сүйсінбейтін, ыңылдап ән салмайтын адам бар ма, сірә! Әй, жоқ шығар. Себебі,  адам ішкі жан  дүниесімен өмір ыңғайына, жүрегінің ырғағына еріп, бар болмысымен өмір ағысының мейіріміне бөленеді.

%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%80

Бұл – табиғат  заңы. Адам одан тыс бола  алмайды. Айнала дүние әніне бөленіп жүреді. Жел ән салады, бақ ішінде  жапырақ ән салады, терекке қонған әнші құс бұлбұлдың әнін рахаттана ұзақ отырып тыңдайсың. Аспанды бұлт бүркеп, сәл күн көзін көлегейлесе, сіркіреген жаңбыр  да ән салып өтеді. Жайықтың  толқыны  да  ән салып, жағаға соғып жатады.

Бір жылы іссапармен Ақтауға бардым. Теңіз суына шомылдым. Рахат! Теңіз  толқып жатыр. Тұңғиықтан  бір тылсым үн естілетіндей.

Ұзақ тыңдадым. Каспий ән  салып жатыр. Ғажап!

Теңіз толқыны жағаға бір ырғақпен соғады екен. Сегіз толқын  жай ғана соғады, ал, тоғызыншысы жарға «гүрс» етеді де, аспанға жаңбырын шашады, қайраң жағаға да алғы сегіз толқындай емес, тоғызыншы толқын құрлыққа ұмтылып,  біраз жерді жуып өтеді. Ақтаулықтар мұны жақсы біледі. Мен әдейі толқын санауға кірістім. Жағаға жақындадым да,  әрбір жай соққан сегіз толқынның  келген жеріне  дейін барып тұрдым. Шынында да, сегіз толқын  аяғыма  тиіп, кейін лықсыды да, тоғызыншы толқын балтырыма дейін жуып өтті. Теңіз ырғағынан жаңылмайды екен. Осындай табиғаттың ғажабын өз көзіммен көрдім. «Естіліп тұрған шыңылдаған үн теңіздің әні де, ал, тоғызыншы толқын әннің қайырмасы екен-ау» деген тоқтамға келдім. Ән де осылай емес пе еді?!  Бір ырғақпен  бірдей айтылып келеді де, қайырмасында биік диапазонымен шырқай жөнеледі.

Міне, табиғаттың әншілігі! Біз ән мұхитында жүрміз. Оны тек  сезе білу керек. Өзіміздің үндемей әнмен тербеліп жүретінімізді сезінгеніміз  жөн.

Осындай  табиғаттың  туындысына ұқсап, композитордың әндері де адам көңіл-күйімен  үндесе кететінін қараңыз. Жетпісінші жылдардың бір жайма шуақ күнінде радио тыңдап отыр едім. Концерт беріліп жатты. Бір кезде жүрегімді суырып алардай ғажап ән естілді. Есім кетіп тыңдадым. Сазы да, сөзі де керемет! «Не деген құдірет» – дедім ішімнен. Бұл неткен ғажап музыка! Жанымды тербетіп алып барады. Көзіме  мөлдіреп жас келді. Әсем әуенді  ақырына дейін тыңдап, мұңға  баттым.

Ән  бітісімен, іле-шала  диктор даусы естілді:

– Сіздердің тыңдағандарыңыз композитор Илья Жақановтың «Жан жолдас» әні, сөзі Сәкен Сейфуллиндікі.

Басқа беріліп жатқан әндерге  құлақ аспастан, Сәкеннің кітабынан «Қоштасқан жер» деген өлеңді тауып алдым.

Жан жолдас, ұмытылмас қоштасқан жер,

Сөздерің емес тіпті естен кетер.

Көзіңе жас кеп толды, сұрың  қашып,

Мен  келіп «Қош,-дегенде,-қолыңды бер!»

Дегенде: Мені ұмытпа, жан жолдасым!

Сүйенді төсіме кеп сенің басың.

Сүюге  ерінге-ерін тиген шақта,

Бетіме тамды-ау аққан ыстық жасың.

«Қош, қалқам!» деп құшақтап қайғырғаның,

Мөлдіреп жасың төгіп айрылғаның.

Өлгенше естен кетпес көзің сүртіп,

Майысып, маған қарап қайырылғаның.

Керемет! Әні мен сөзі қалай үндескен. Ғашықтардың аласапыран замандағы қоштасу сөзі. Мұндай күй кімнің басынан өтпеді дейсіз?! Менің де мұңым сияқты. Содан бері  Илья Жақанов әндеріне елеңдеумен жүрдім.

%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%802

1974 жылы қаңтар айында жаңа ықшамауданда салынған көп қабатты жаңа пәтерге қолым жетті. Бұрыннан сол  аудандағы салынған үйлердің бірінде тұратын Гурьев педагогика институтының математика пәнінің оқытушысы Асылбек атты дос-інім  ерулікке шақырды. Жұбайымыз екеуіміз қонаққа бардық. Дастарқан басында басқа да жолдастары бар екен. Үй иесі Асылбек әнші, өнерпаз адам еді. Жақсы дауысы бар болатын.

Қонақтық орталап келгенде:

– Сіздер Илья Жақанов деген композитордың әндерін  естідіңіздер ме? Илья-ның  тамаша әндері шықты. Қазір теледидар мен радиода сол әндер әлсін-әлі шырқалуда. Мен оларды  үнтаспаға жазып алып, үйреніп жүрмін. Өздеріңіз бағасын берерсіздер, – деді де домбырасын қолына алды.

Асылбектің бұрын да халық  әндерін айтатынын білетін едік. Ал, мына әндерге аузымызды ашып қалдық.

Екі рет қайталанып айтылғаннан кейін, бәріміз де қосылып кеттік. Себебі, ән сөздерін  машинкаға басып көбейтіп  қойған екен. Әрбіреуімізге ән мәтіндерін берді. «Жайлаукөл кештері», «Әсел», «Асылым» деген әндер екен.

Асылбектің үйіндегі сол кеш  Илья Жақановтың ән кешіне айналып кетті. Ильяның әндері жүрек тербеді, оның әндеріне ғашық болдық. Сөзі де, сазы да  жаулап алды. Кейде жаңадан туған әндерді тыңдармандардың қабылдауы қиын болатыны бар ғой. Ал, мына әндер бірден жан-дүниемізді баурап алды. Асылбек  келесі  басқосуларда:

– «Ильяның «Әселінен» бастайық» – деп, жаңа үйренген әндердің бірінен соң бірін кеп төгетін болдық.

Үнемі сөйтіп, халық әндерімен «үзіліс» жасап аламыз да, Илья әндерінің тұтқынына қайта түсеміз.

Шіркін, жастық-ай!

Илья әндерінің бір ғажабы сол – шал-қи кеудеңді кере айтқанда, қазақтың кең даласының өзіне қанат бітіргендей әсерінде.

Самалы  жұпар жазғы бір кеште,

Ойласам болды Ыстықкөл жақты.

Айтылған сырлар түседі еске,

Оятқан сонда ақ махаббатты.

Бұл – тек біз емес, бүкіл қазақ елін билеген «Әсел» әні. Шыңғыс Айтматовтың романтикалық прозасынан жібектей есіліп шыққан сырлы әуез. Осы әнге Ильяның өзі жазған сөзі қандай! Сезіміңді баурайды-ау! Мұнда сағыныш, арман, мөлдір сезім, іңкәрлік бар болмысыңды құндақтап, бесікке бөлеп тербеткендей. Бұған қайырманың қисындала  жалғаса келіп, жүйеңді балқытып, елітетінін қайтерсің.

Тулайды жүрек,

Толқындай шалқып.

Аңсайды жүрек,

Өзіне тартып.

Сағынтқан әнім,

Әселім жаным!

Бұл әндер біздің алтын күндеріміздің бір сәулелі шағы. Қандай жақсы сәттерді бастан кешкенбіз. Әлі күнге дейін Илья әндерімен тыныстап келеміз.

%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%803

Асылбектің үйінде сөзінің  де авторы Ильяның өзі екенін білгенде:

– Бұл қазақ өнеріндегі ерекше құбылыс, феномендік,-деп бағалаған едік.

Бірақ, біз, әрине, Әсел деген Ильяның өзінің сүйген қызы болар деп ойладық. Кейін білдік, «Әсел» де, «Асылым» да Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы кейіпкерлердің махаббат сезіміне арнап Илья шығарған әндер екен.

Біраз күндерден кейін Асылбек «Даниярдың   әнін», «Жәмиланың әнін» айтып, бізді Ильяның  жаңа әндерімен тағы да тербетті.

Бұл әндер де Шыңғыс шығармалары кейіпкерлеріне арналған романстар екенін білдік.

Иә, алпысыншы жылдардың бас кезінде Ш.Айтматовтың «Тау мен дала хикаялары»  деген повестер жинағын табына оқығанымды есіме түсіріп, қайта-қайта шолдым. Қазір де қайта-қайта «Жәмила», «Қызыл орамалды шырайлым менің», «Құс жолы», «Алғашқы ұстаз», «Бетпе-бет» деген өлмес дүниелерді қиял  әлемінен өткіземін.

Міне, бүгін Илья Жақановтың «Таңғажайып махаббат» атты лирикалық эссесін оқып отырып,  рахатқа бөлендім:

– Ой, шіркін-ай, Шыңғыс пен Ильяның бір-бірін тылсым табиғаттың табыстыруы әуелден, шығармалар тумастан бұрын, бір-біріне арналып  дүниеге келгендей болды-ау!..

Қазақ пен қырғыз халықтарының достық діңгектерінің бір  тармағы Шыңғыс пен Ильяның достықтарында сияқты. Олар бір-бірімен рухани  шырмалып,  шиеленіскен екен демеске шара жоқ.

Шыңғыс пен Илья – екі алып, бірі – Қырғыз, енді бірі – Қазақ халқының перзенті, екі үлкен республиканы шекарасыз бітістірген жандар.

Қырғыз ақыны Соонорбай Жусуевтің «Қырғыз озса  – ол қазақтың озғаны,  қазақ жеңсе – ол қырғыздың жеңгені»  – деген тапқырлықпен айтылған сөздері осы екі алыптың достығына арналғандай.

Кейініректе туған керемет «Қош, Гүлсары!» повесінің ізімен жазылған «Бибіжан» әні де – повесть кейіпкерлерінің таңғажайып махаббаттарын ав-тордың жүрегімен сезінгеннен туған ән.

Ильяның «Таңғажайып махаббат» атты лирикалық эссесінің лиризмі, ән туғызған хикаяларын баяндауы әр оқырманның жүрегін тебірентіп, махаббат жайлауын гүлдендіргендей.

Бұл әндердің бәрі романс стилінде жазылған. Әр әннің қасиеті сондай – айтушының жүрек шыңырауынан шығып, тыңдарманның жүрегіне кәусардай, зәмзәм суындай құйылады.

Әңгімеміздің басында Каспий теңізінің толқыны туралы айтып едік. Ильяның әндері де шалқыған теңіз. Сол теңіздің ырғағы сегіз рет толқып келіп, тоғызыншы толқыны биікке әуелетіп, көңіліңді шарықтатып жібергендей.

Ой, шіркін, романс осындай болады екен!

«Илья – романс патшасы емес пе?» деп қаламын да, осы сұрағыма өзім сенімді түрде жауап беремін:

«Иә, Илья – қазақ романсының патшасы!».

Қадыр ЖҮСІП, Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің профессоры:

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз